Құс өсірушілер тығырыққа тірелді

Құс өсірушілер тығырыққа тірелді

Солтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикалары соңғы кезде күрделі мәселелерге тап болып отыр. Ең алдымен құс азығының бағасы тым шарықтап кеткені құс өсірушілердің қалтасын қақты. Бүгінде жұмысын жалғастырып жатқан кәсіпорындардың шығындары шаш етектен. Құс өсірушілер тығырыққа тіреліп отыр. Бұған жемазықтың бағасы тым қым­баттап кеткені әрі субсидия төлен­бейтіні себеп. Бұрын мемлекет әр құс фаб­рика­сына бір жұмыртқа үшін 3 тең­геден суб­сидия төлейтін. Екі жыл бұрын бұл сома екі есеге қысқартылды. Ал биыл жұмыртқа өндірісіне субсидия мүлдем төленбей отыр. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі бұл шешімді елімізде жұ­мырт­қаға сұраныс та, ұсыныс та артқандығымен түсіндіріп, мемлекет тек ел өзін-өзі қам­тамасыз ете алмайтын тауарлардың өн­ді­рісін қаржы­ландырады деп мәлімдеген болатын. Бұл жайт құс фабрикаларының тұралап қалуына әкеліп соқтыратын түрі бар. Солтүстік Қазақстан облысындағы Якорь құс фабрикасының бақылау кеңе­сінің төрағасы Тимур Қожахметов мемле­кет тарапынан шамалы ғана көмек болға­нын қалайды. «Біздің қолда бар мүмкін­діктердің бәрі сарқылып, шегіне жетті. Қазір бізге керегі – арзандатылған бидай мен субсидия. Сонда біз 34-36 теңге деп белгіленген шекті бағаны ұстап тұра ала­мыз әрі өндірілген жұмыртқаның 10 па­йызын 28 теңгеден сатамыз. Ал бидайдың 1 келісінің бағасы 50 теңге болса, тіпті субсидия да сұрамас едік», – дейді Қа­зақстан құс өсірушілер одағының мүшесі Тимур Боданұлы. Қазір олар бидайдың бір келісін 140-160 теңгеден сатып алып жатыр. Бұл – өте қымбат. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселе шешілді, азық-түлік корпора­циясымен меморандумға қол қойылып, жемазық бидайы құс фабрикаларына 117 теңгеден тікелей сатылады деп мәлімде­генімен, шын мәнінде Солтүстік Қазақ­стан облысында жағдай басқаша. Құс өсірушілер әлсін-әлсін хабарласқан са­йын, жоғары жақтың уәделеріне әбден қарық болған. Олар бәлкім мәселені ше­шу тетіктері жетілдірмеді ме екен деген ойда. Негізінен Ауыл шаруашылығы ми­­нистр­лігінде түрлі үдерістер ұзаққа со­зылатынын айтады.

СУБСИДИЯНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ДӘЛЕЛДЕНДІ

Субсидияны күтумен биылғы жылдың бірінші тоқсаны аяқталды. Тапқан-таян­ғанын осы кезеңде түгел жұмсаған кәсіп­керлер енді қалай күн көрерін білмей дал. Соңғы екі жылда елімізде төрт құс фаб­рикасы банкротқа ұшырап, жабылып ты­ныпты. Солтүстік Қазақстан облысы­ның қажеттілігін бір ғана фабрика өтей алатынына қарамастан, әзірге өңірде бес құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Тимур Қожахметовтің пікірінше, солтүстік­қа­зақстандық құс өсірушілер – талай қиын­дықты бастан кешіріп, әбден шыныққан, мықты, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлер. Олар құс тұмауынан тауықтардың жаппай қырылуы, жемазық бағасының қымбат­тығы, жұмыртқа бағасының арзандығы, Ресей өнімінің импорты сияқты дағда­рыстардан сәтті өте білді. Бүгінде еліміздің басқа өңірлерімен қатар, Ресей Федерациясындағы әріптес­терімен де еркін бәсекеге түсе алады. Се­бебі Тимур Боданұлының айтуынша, ре­сейліктер, әсіресе көршілес елдің мұ­сыл­мандары халал өнімді жоғары баға­лай­ды, сондықтан дүкен сөресінде қатар жатқан ресейлік және қазақстандық өнім­нің соңғысын таңдайды. Себебі ха­лал стандарты қатаң сақталатынынан ха­бар­дар. «Сондықтан біздің экспорттық әле­уетіміз зор. Өз тұтынушымыз бар. Ре­сей және Беларусьпен еркін бәсекелесе ала­мыз. Әрі жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыруға мүмкіндік бар. Тәжікстан мен Ауғанстанға да экспорттаймыз. Қазірдің өзінде еліміз бойынша құс шаруашы­лы­ғының жұмыртқа өндірісі беретін жалпы өнім жылына 120 миллиард теңгеге жет­кен. Қарапайым тілмен айтқанда, біз қа­зір тек ұқсатушы болып отырмыз. Яғни, 60 миллиард теңгенің бидайын са­тып алып, жылына 5 миллиард жұмыртқа, яғни 120 миллиард теңгенің жалпы ішкі өні­мін өндіреміз», – дейді құс фабри­касының өкілі. Ал мемлекет қолдауы – осының тек 3 пайызы. Егер 3 теңгеден субсидия төленетін болса, 10 пайызды құрамақ. Соңғы кезде субсидияның тиімділігі туралы мәселе жиі қозғалып жүр. Жұ­мырт­қа өндірісі – мал шаруашылығы саласында импорт алмастыруға қол жет­кізген жалғыз дерлік сала. Тимур Қо­жахметов түсіндір­гендей, Тәуелсіздіктің 30 жылында беріл­ген субсидия көлемі мен импорт алмастыру пайызы көрсет­кіштерін салыстырсақ, құс өсірушілер 100 пайыз импорт алмастыруға қол жеткізген. «Субсидия алған басқа салалармен са­лыстырсақ, импорт алмас­тыруға қол жет­кізе алмағандар баршылық. Осы аспект арқылы құс өсірудің жұмыртқа өндіру саласы қаншалықты тиімді жұмыс істегенін айқын көруге болады», – дейді Тимур Қожахметов.

ЕҢ ҚОЛЖЕТІМДІ АҚУЫЗ

Бұл сала тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Якорь құс фабрикасында жыл он екі ай, тәулігіне 24 сағат бойы 100 шақты адам жұмыс істейді. Олардың 60 пайызы – әйелдер, 40 пайызы – ер адамдар. Ел Президенті қолдап отырған отбасылық әулеттер де бар. Ел саясатын жүзеге асыра отырып, бүгінде қиындыққа тап болған кәсіп­керлер өз мәселесімен Қазақстан кәсіп­керлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновке жүгінді. Сол­түстік Қазақстан облысына жұмыс са­парымен келген Рустам Манарбекұлы тү­сіндіргендей, бүгінде Ауыл шаруашы­лығы министрлігі құс өсіру саласын қол­дау үшін тиісті ереженің жобасын Мә­жілістің мақұлдауына ұсынған екен. Ереже қабылданса, сәуір айының со­ңында субсидия бөлу тәртібі, талаптары айқындалмақ. Ал жемазық мәселесіне қатысты бизнес-омбудсмен азық-түлік корпорациясына қаржы бөлінгенін, қазір құс фабрикаларын арзандатылған жемазықпен қамту мәселесі қарастыры­лып жатқанын жеткізді. «Жұмыртқа – әлеуметтік маңызы бар тауар екенін, бағаны көтеруге болмай­тынын түсінеміз. Мемлекеттің ешқандай қолдауынсыз шекті бағаны ұстап тұрмыз. Әкімдікпен меморандумға қол қойдық. Біздің мәселемізден жергілікті әкімдік хабардар, түсіністік танытып отыр. Өзге өңірлерде жасалған сауда есебінен жер­гілікті қазынаны толықтырып отырмыз. Енді мемлекет тарапынан бізге азғана қолдау көрсетілсе, жоғары жақ бізге қарай бір қадам жасаса болғаны. Себебі біздің өнім – ең қолжетімді, табиғи ақуыз», – дейді солтүстікқазақстандық құс өсірушілердің атынан Тимур Қожахметов.

Солтүстік Қазақстан облысы