Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты не белгілі?
Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты не белгілі?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
Бұған дейін танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша 10 тәулікке қамауға алынғаны жөнінде ақпарат тарады. Қазіргі таңда аталған жағдайға қатысты белгілі ақпараттарды мақалаға жинақтадық. Мейіржан Төребаев өзіне қарсы тергеу соты күтпеген жерден орын алғанын айтты. Әйелі Дана Есееваның айтуынша, олар полиция бөлімшесіне іске қатысты қаулыны тапсыру үшін шақырылған.
«Төребаев ақпан айында бұлтартпау шарасына кесілді және ол оны ешқашан бұзған емес. Ал кеше бізді күтпеген жерден полиция департаментіне шақырып, бұлтартпау шарасын өзгерту туралы қаулы берді. Алайда бұған дейін сотқа дейінгі тергеу аяқталғаны туралы хабарлама берілген болатын», - деп жазды Төребаевтың адвокаты Жанна Мухамади әлеуметтік желіде.
Вайнердің жұбайы полиция қызметкерлері күйеуіне жалған айып тағып отыр деген пікір айтты. Дана Есееваның айтуынша, күйеуі Mudarabah Capital-дың құрамына 2020 жылдың қараша айында кірген. Ал полиция оны 2018 жылдан бастап Қаржы пирамидасына қатысы бар деп айыптаған. Есеева Instagram желісінде берген сұқбатында істің мән-жайына нақты тоқталды. Оның сөзінше, Төребаев 2020 жылдың қараша айында компания құрылтайшысы атанған. Ал компания 2020 жылдың мамыр айында ашылған.
«Мейіржан компанияға 2020 жылдың қыркүйегінде 10 млн теңге салды. Оның қаржы саласынан хабары жоқ. Ол тек достары Мейірхан Шерниязов пен Әзімжан Саидбаевқа сенгендіктен осындай қадамға барды» - деді вайнердің жұбайы.
Mudarabah Capital қандай компания? «Mudarabah Capital» ЖШС компаниясын 2020 жылы 28 мамырда Руслан Бурханов есімді азамат ашқан. Оның құрылтайшыларының құрамында ресми түрде Самат Қасенов, Мейіржан Төребаев, Руслан Бурханов, Әзімжан Саидбаев, Біржан Жармұхамед, Ғалымжан Санабеков, Мейірхан Шерниязов, Андрей Ча және «MG partners» ЖШС бар. Интернеттегі мәліметтерде компания қосалқы коммерциялық қызметтерді ұсынумен айналысады деп жазылған. Компанияның тіркелген мекенжайы ашылғаннан бері бірнеше рет өзгерген. Соңғы тіркелген орны Медеу ауданы, Иванилов көшесі 42 мекенжайында орналасқан. Mudarabah Capital «исламдық инвестиция, халал тендер» деген сөздерді жамылып, қаржы пирамидасымен айналысқан. Компания ай сайын салымшыларға белгілі бір мөлшерде табыс түсіп отырады деп уәде беріп келген. Mudarabah Capital Astex KZ компаниясының агенті болған. Ол тендермен айналысатын Astex KZ-ке инвестиция тартумен айналысқан. 2019 жылдың ақпан айынан бастап 2021 жылдың қаңтар айына дейін Алматы полициясы Astex KZ-ке қарсы тергеу жүргізген. Нәтижесінде Astex KZ, ACD Technology және Mudarabah Capital басшыларын тұтқындады. Mudarabah Capital компаниясы арқылы Astex KZ-ке 160 салымшы екі млрд-тан теңгеден астам қаржы құйған. Олар ай сайын салым мөлшерінің 20% төлеуге уәде беріп, азаматтарды алдап келген. Қаржы пирамидасынан түскен пайда есебінен мемлекеттік тендермен айналысқан. 2021 жылдың сәуірінде зардап шеккен салымшылар полицияға аталған компаниялардың үстінен шағым түсірген. Сөйтіп полиция қызметкерлері Astex KZ, ACD Technology және Mudarabah Capital компанияларының басшыларын қамауға алды. Төребаев кінәлі ме? Вайнердің адвокаты Жанна Мухамади полиция өз былығын жасыру үшін әдейі танымал адамдарды кінәлі етіп отырғанын айтты. Себебі 2020 жылдың қазан айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) және ІІМ компанияның нақты немен айналысатынын анықтаған.
«ҚНРДА екі компания қызметінің күдікті екенін анықтады және құқық қорғау органдарына тергеу жүргізуді тапсырды. Алайда ІІМ Бостандық ауданының полиция басқармасы не істеді? Қылмыстық істі тек төрт айдан кейін ғана тіркеп, сол кезде істі бірден тоқтатты. Прокуратура шешіммен келісті!!! Осы уақытта зардап шегушілер ақшаларын осы компанияларға салуды жалғастыра берді. Біз полиция тарапынан болатын әрекетсіздікке үйреніп қалдық, бірақ олардың әрекетсіздігі үлкен шығынға әкеп соқтырса, олар тиісті жазасын алуы керек емес пе?» - деп жазды адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Төребаев аталған компания қызметінен ешқандай үлес алмағандықтан 2021 жылдың 1 шілдесінде жәбірленуші болып танылған. Блогер бұл туралы 2022 жылдың 19 сәуірінде Instagram желісінде жариялаған видеосында айтып, құжатты көрсетті. Сонымен қатар ол видеода қаржы пирамидасына еш қатысы жоқ екенін де түсіндірді. Видеоға пікір қалдырған әлеуметтік желі қолданушыларының көзқарасы екіге бөлінді. Кейбірі блогер жалған жарнама жасағаны үшін жазасын алу керек десе, келесі бір бөлігі блогердің сөзіне сеніп, оған қолдау көрсетті.