«AMANAT» партиясы Алматы облыстың филиалы депутаттық фракциясының жиналысы өтті. Оған облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Дамир Диғай төрағалық етті. Жиынға партияның жергілікті депутаттық корпусының мүшелерімен бірге, мемлекеттік мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
«AMANAT» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасының былтырғы жылғы орындалуы бойынша Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов есеп берді. Сондай-ақ Жол картасы шеңберінде 2021-2022 жылдары жүргізілуі тиіс құрылыс жұмыстары тексерілді. Оған қоса, инклюзияны қолдау кабинеттерін әдістемелік қамтамасыз етуді қаржыландыру мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті басқарма басшыларының орынбасарлары есеп берді.
Облыстық мәслихат депутаттары халықты толғандыратын өзекті проблемаларды көтеріп, өткір сұрақтар қойып, мемлекеттік мекеме басшыларынан тиісті жауаптар алды.
Жиын барысында саяси ұйымның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының Алматы облысы бойынша Жол картасына енгізілген іс-шаралары мен көрсеткіштері талқыға салынды. 2021 жылы атқарылуы тиіс 23 нысанның құрылысы жүргізілмегені анықталды, олардың орындалуы 2022 жылға ауыстырылды.
Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қазірдің өзінде 209 балабақша ашылды, 7 600 орындық 15 мектептің құрылысы аяқталды. Ауысымына 150 келушіге арналған 3 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 540 адамға арналған 3 денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жалпы көлемі 107,3 млрд теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба іске асырылды, 1 909 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының 2022 жылғы Жол картасына енгізілген іс-шаралардың бәрі партияның бақылауына алынды.