Екі ел арасындағы қақтығысқа байланысты Ресейге тек саяси-экономикалық санкциялар ғана емес, «мәдени санкциялар» да салынып жатыр. Жақында Paramount компаниясы Nickelodeon мен бірнеше балалар арнасын таратуды тоқтатты. Бұл әлемдік мультфильмдерді орысша көретін посткеңестік елдерге де әсер ететіні анық. Ендеше тығырықтан жол тауып, орайды ұтымды пайдаланудың жолы қандай? Paramount компаниясының құрамына Nickelodeon, Nick Jr сияқты ойын-сауықтық, NickToons, Paramount Comedy сияқты отбасылық арналармен қатар музыкалық MTV Russia және MTV Live HD арналары кіреді. Бұл Ресейге қарсылық танытып, телеарналарды таратуды тоқтатқан алғашқы компания емес. Бұған дейін Discovery компаниясы Animal Planet және басқа да 15 кабельдік арнаны таратуды доғаратынын мәлімдеді. Ал Hollywood студиялары фильмдерін орысша аудармайтынын, Ресейде көрсетпейтінін айтып үлгерген болатын. Бастапқыда «енді әлемдік киноларды қалай көреміз?» деген қорқыныш болғаны рас. Алайда кино мамандарының пікірінше, Орталық Азия мен Қазақстанға ешқандай санкция жарияланған жоқ. Сол себепті бұл мәселені шешу жолы –шетелдік фильмдерді делдалсыз сатып алып, дубляждап, көрерменге ұсыну. Бұл бұған дейінгі «шетелдік контент тек орысша» деген қоғамдағы қатып қалған қағидаларға тосқауыл ғана емес, батысқа айқара ашылған мәдени есікпен пара-пар.
Спанч Боб қазақша сөйледі
Желіде қазақша сөйлеген Спанч Боб мультфильмі тарап кетті. Көп оқырман Nickelodeon арнасының қазақша көрсетіле бастағанын қазіргі геосаяси жағдаймен тікелей байланыстыруда. Алайда телеарна мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің арасындағы келіссөз бірнеше жылға созылған. Нәтижесі де жаман емес. Орысша ақпарат таратуды тоқтатқан әлемдік телеарна бір күнде қазақша сайрап шыға келді. TiJi және Nickelodeon телеарналарының 675 сағат аудармасына мемлекеттік бюджеттен 570 млн теңге қаражат жұмсалған. Бұл ретте аударманың тәрбиелік бағытына да көңіл бөлінді. Nickelodeon жоспардан тыс тағы 200 сағат қосып отыр. –Былтырдан бастап өскелең ұрпақты, әсіресе оқушыларды және мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуге басымдық бердік. «Ұлттық тәрбие», Tiji және Nickelodeon арналарының балалар контентін қазақ тіліне аудару секілді ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Басты бағытымыз – «Ұлттық рухани жаңғыру» және Жол картасы жобаларын сапалы іске асыру. Бұл мемлекеттік тілді дамытуға, ұлттың мәдени кодын сақтауға және ілгерілетуге, жастардың жан-жақты дамуы мен өзін-өзі танытуына бағытталған, – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров. Мультфильмдерді дубляждау «Қазақфильмде» жүргізілуде. Дубляж актерлері арнайы кастинг арқылы шетелдік компаниялардың сараптауынан өткен. Дубляждан кейін шетелдіктер өз туындыларының әр сериясын біздің тілге бейімдеп, қайта өңдейді. Қазақ тіліне аударуда әлемге танымал, жас ұрпақтың қызығушылығын оятқан мультфильмдерге басымдық берілді. Сондай-ақ әрбір материал жіті тексеруден өтіп, аударманың сапасына аса назар аударылған. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Өндіріс қызметінің басшысы Арууана Серікбаеваның айтуынша, былтыр «Чупи мен Дуду», «Робокар Поли», «Құбыжықтар», ертегілер, «Лиза мен Тёма» сынды 15 мультфильм дубляждалған. Барлығы TiJi бойынша 1 000 серия, Nickelodeon бойынша 213 серия қазақ тіліне аударылды. –Мультфильмдер балаларға арналғандықтан тілін барынша түсінікті етіп аударуға тырысамыз. Қазір 2-5 жас аралығындағы балалар ресейлік мультфильмдерді көреді. Сондықтан біз осы жылы тек қана америкалық арналарды аудармай, Ресей контентін де қазақша аударуды жоспарлап отырмыз. Биыл TiJi арналары тағы да бірнеше мультфильмді аударуға тапсырыс берді,– дейді Арууана Серікбаева. Жалпы Nickelodeon арнасы 70 елде 22 тілде, ал TiJi 20 мемлекетте 14 тілде хабар таратады. Сондай-ақ дубляжда айтылатын әңгімелерді төл мақамымызға келтіруге баса мән берілді. Көрерменнің әңгімесіне жақын, түсінікті етіп аудару да маңызды.Бала тілі мультфильммен шығады
Бүгінде ата-анасы қазақша сөйлесе де, баласының тілі орысша шүлдірлеп шығатын отбасылар аз емес. Сондықтан үйдегі баланы смартфондағы контенттің тәрбиелеп отырғанын мойындауымыз керек. Бала экраннан көргенін ешкімнің үйретуінсіз, бағыт-бағдарынсыз қайталайды. Бір ғана «Балапан» телеарнасының мүмкіндігі барлық баланы қазақша контентпен қамтуға жетпейді. – Қазақша контентке балалар мұқтаж. Сондықтан әлемдік мультфильмдерді қазақшалау жалғасын табуы тиіс. Бұл балалардың қазақ тілінде сөйлеуіне үлкен септігін тигізетін мәселе. Байқағанымдай, соңғы кезде әлемдік фильмдерді қазақша дубляждау қарқын алып келеді. Елімізде қазақ тілінде жасалатын контентке сұраныс өте жоғары. Бастапқыда дубляжда кеткен қателерге сын да айтылар. Бірақ алдағы 2-3 жылда бұл жұмыстың өз нәтижесін беретіні талассыз,– дейді Қазақ тілі қоғамының вице-президенті Максим Рожин. Осы орайда «Шетелдік туындыларды дубляждағанша, неге төл өнім шығармасқа?» деген заңды сауал туындайды. Бірақ министрлік өкілдері жаңа контент жасау көп уақыт пен қаржыны талап ететінін айтты. Мысалы, «Маша мен аю» мультфильмінің бірінші маусымының түсіріліміне 2 млрд теңге жұмсалады, бұл тек екі сағаттық өнім. Ал біз танымал мультипликациялық арналардың 800 сағаттық өнімін төрт есе арзанға алып отырмыз. – Министрлік алдында осы бағытта екі жұмыс тұрды. Бірі «Балапан» арнасының контентін нығайту болды. Арна көрермендері 3-4 жастағы балалар, ал одан үлкендеріне контентті нөлден бастап дайындау қажет еді. Мультфильм түсіретін мамандар дайындап, техникалық жағдайды жақсартқанның өзінде фильм жасау қымбатқа түседі. Сондықтан біз екінші, әлемдік телеарналардың танымал мультфильмдерін қазақшалауды қолға алдық,– дейді Максим Рожин. Жақында қырғыз елінің депутаттары: «Балаларымыз «Балапан» арнасын көріп, тілдері қазақша шығып жатыр» деп мәлімдеп еді. Ендеше Ресейдегі орысшаға аударылған шетел контенттерінің азайғанын пайдаланып, тікелей әлемдік компаниялармен байланыс жасайтын уақыт келген сияқты. Санкцияның салдарынан Орта Азия елдері үшін Ресейдің мәдени тұрғыда тартымдылығы азая берері сөзсіз. Өйткені Қазақстан аудиториясына Ресей өз өнімін тарататын «контент өндірушіден» гөрі батыс контентін орысшалап беретін көпір болатын. Олай болса, бізге ең бірінші Ресейден кеткен халықаралық медиа алпауыттардың телеөнімдерін қазақшалау ісіне жаппай кірісу керек. Сондай-ақ қазақшаланған өнімді Орталық Азияның басқа да елдеріне сату, өткізу мүмкіндігі бар. Бұл істе Үкімет басында жүрген азаматтардың жауапкершілік танытуы, кәсіпкерлердің қолдау көрсетуі де аса маңызды.