Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Шымкентте «7-20-25» бағдарламасымен салынған тұрғын үйді санкцияланбаған конкурс арқылы сату дерегіне қатысты мәлімет таратты.
Бұл жайтқа қатысты санкцияланбаған конкурс өткізу фактісі бойынша ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Шымкент қаласының әкімдігіне «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан несиелік тұрғын үйді беру тетігін түсіндіре отырып, хат жолдады.
Бағдарлама талабына сәйкес, салынған несиелік тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтар мен салымшыларға кезең-кезеңімен «Отбасы банкі» арқылы беріледі. Осыған байланысты әкімдік тұрғын үйді сату үшін аталған банкпен қажетті келісім жасауы тиіс.
ИИДМ заңнама шеңберінде әкімдіктің шешімін қайта қарау, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның іс-қимылын қолданыстағы тұрғын үй бағдарламасының талаптарына сәйкес келтіруі қажет.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұл жайтты қатаң бақылауға алды. Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына сәйкес, құзырлы органдар кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту мәселесін қарастырады.