Бақытжан Ертаев: Әскердегі әлімжеттік түгел жойылмады
Бақытжан Ертаев: Әскердегі әлімжеттік түгел жойылмады
1,548
оқылды
«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Мем­лекет басшысы Қазақстанның қорғаныс сала­сын реформалауды тапсырды. Алай­­да қандай өзгерістер болып жат­қаны күні бүгінге дейін жалпақ жұртқа жария емес. Жалпы, түзетер тұстарды анықтай алдық па, әлде әлі жабулы қа­зан жабулы күйде қала ма? Біз бұл сауалымызды ге­не­рал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан ЕРТАЕВҚА қойдық.

ҚҰР «АЛҒА» ДЕГЕННЕН ҚАНШАМА АДАМ ҚЫРЫЛДЫ

– Қазақстан армиясы қалай құрылып еді? Армияны жасаудың қиындықтарынан бастасақ. Сол бір күндер әлі есіңізде ме? – 1992 жыл 7 мамырда Қазақ­стан Қарулы Күштері құрылды. Елбасы Қорғаныс министрі етіп басқаруға Халық Қаһарманы, ге­нерал-лейтенант Сағадат Нұрма­ғамбетовті тағайындаған. Негізі, армия жасақтаудың алғышарттары 1991 жылы жасалды. Сол жылы күз­де мем­­лекеттік Қорғаныс коми­теті құ­рылды. Нұрма­ғамбетов ком­и­тет­ті басқарды. Бәріміз бөркімізді аспанға аттық. Ол кезде Германия­ның Потсдам қаласында полк ко­мандирімін. Қа­бырға құлағанда ел­ге қайтуға асық­тым. Қарулы Күш­терді құру ту­ралы Жарлыққа қол қойыл­ған­нан кейін еліміз үл­кен мәселелермен бетпе-бет кел­ді. Саяси-әскери басшылық құ­ра­мын қалыптастыру, ұлттық кадр да­йын­дау, олардың кәсіби деңгейін шың­дау мәселелері күн тәртібінде тұр­ды. Әскери кадр мәселесі бірін­ші ке­зекте қаралды, себебі генерал, пол­ковниктердің дені өзге ұлт өкіл­дері еді. Тәуел­сіздік алғаннан кейін көбі өз еліне кетіп, әскери бөлімдер иесіз қалды. Әскери оқу орындарын құрып, өз маманда­рымызды да­йындауға тура келді. Қару-жарақ, оқ-дәрі қой­ма­ларын да сақтап қалу маңызды еді. Ауған­стан, Герма­ния­дан келген қару-жа­рақтың бәрі Отарда болды. Олар­ды да сақтап қалу керек. Біз бұл мәсе­лені қалай шештік? Министрліктің кадр қыз­метін басқарған генерал Сәбит Тауланов осы мәселені көтерді. Ол кезде дивизия командирімін, бәрін ашық айтуға тура келді. Сөйтіп, Мемлекет бас­шы­сы ер бала антты бір-ақ беретінін заңмен бекітті. Осының нәтиже­сінде мамандар көшін тыя алдық. Біз қандай қиындық болса да тайсалмадық. Күні-түні жұмыс. Сол кездегі командирлерге риза­мын. Еңбек демалысы дегенді біл­мейтін. «Жалақы қайда?» деп сұ­рамайтын. Тіпті, Сарыөзекке бар­ғанда не жарық жоқ, не су жоқ еді. Елмен бірге бар қиындықты өткердік. Кейбіреулер «ол кезде жаттығу болған жоқ» дейді. Жоқ, керісінше жаттығуды жиі өткізе­тінбіз. Тіпті, сол кездегі жағдайға қара­май, Отарда үлкен оқу-жат­тығуын өткіздік. Біз қару-жарақты Ресейден және шетелдерден сатып алдық. Бірақ өзгеден кем болмау үшін техниканы жаңартып, жас кадр­ларды даярлау керек еді. Сондық­тан қазақ жігіттерін Ре­сейдегі Фрунзе әскери академия­сына және әскери училищелерге оқуға жібердік. Сол сияқты бізге де Қыр­ғыз Республикасынан, Тәжік­станнан сарбаздар келіп оқыды. Осылайша, ақырындап, өз елі­міздің жігіттерін сапқа қоя баста­дық. Бір мысал келтірейін, ол кезде Мұхтар Алтынбаев министр, мен Бас штаб бастығымын, ұш­қыштарды оқыту үшін керосинді өлшеп берген кезіміз де болды. Тіпті, литріне де­йін санап отыр­дық, себебі қым­бат. Міне, біздің Қарулы Күштер тарихында осын­дай кезеңдер де болған.

КӨЗБОЯУШЫЛЫҚТАН МЕЗІ БОЛДЫМ

– Арада 30 жыл өте шығыпты. Осы жылдар ішінде Қазақстан армиясы еңсесін тіктей алды ма? Әлеуеті қалай? – «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Бірақ Отанымды ойлағаннан шындықты ашық айтамын. Да­ниял Ахметов Қарулы Күштерді басқарған тұста генерал-инспектор болдым. Содан кейін Қорғаныс министрі болып Иманғали Тас­ма­ғамбетов тағайындалды. Министр әскери дайындықтың қандай еке­нін өз көзімен көрді. Сол кезде дайындықтың өте нашар екенін министрге баяндап тұрып, өзім ұялған кездерім болды. Әрине, армияны ешқашан кез келген сын-қатерге даяр тұрады деп айтуға болмайды. Бәріне даярмыз деу – жылтыр сөз. Әскер әртіс болмауы керек. Халық Қарулы Күштерге сенеді. Ал қиын кезеңде қолынан түк келмей жатса, міне сол жаман. Қазір Украина мен Ресейді көріп отырмыз. Осы жағдайдан сабақ алуы­мыз керек. Өз басым көп дүниені көкейге түйіп жүрмін. Айталық, бізде неге Отардан басқа әскери жаттығу жасайтын жөні дұрыс жер жоқ? Жаттығуларымыз неге бірсарынды? Соған үйреніп алған жоқпыз ба? Қалай бір ғана сценариймен жаттыға береміз? Басқа өзгеріс жоқ па? Сауал көп. Әзірге жауап таппадым. Жалпы, заманға бейімделу керек. Әскерде «болдым, толдым, дайындығым жақсы» деген ұстаным болмайды. Ұдайы дайындалған жөн. Сонымен бірге әскери адамның психологиясы да өзгеретінін ұмыт­паған жөн. Ал біз психологиялық тұрғыда дайындап жатырмыз ба? Жоқ. «Алға, сен жақсысың!» деп бәріміз айтамыз. Бірақ офицер мен жауынгер қан көрсе, құлап түсетін шығар. Меніңше, біз ескі сүрлеу­мен келе жатырмыз. Міне, соны тоқ­тату керек. Себебі қазіргі со­ғыс­тың табиғаты өзгеше. Заңы да бөлек. Саясаткерлер мәселені ке­ліс­сөзбен шешуге ұмтылатыны сөз­сіз, бірақ ұрыста жаңа техно­ло­гия, офицер мен сарбаздың білік­тілігі шешуші рөл атқарады. Ал біз көбіне тіл мен жаққа сүйеніп, сай­рауға үйреніп кеттік. Әрине, 30 жылда мемлекет­тің арқасында армияға жаңа қару-жарақтар келіп жатыр. Ал соларды шеберлікпен қолдана аламыз ба? Бұл да сауал. Қазір офицерлердің жастармен байланысы жоқ. Ко­мандирлердің не үйретіп жатқаны да анық емес әрі олардың сарбаз алдындағы бе­делі де жоғары дей алмаймын. Егер армияда командир мен сержанттың беделі төмен болса, әскери да­йын­дық жоғары болмайды. Әдетте біз командирдің бұйрығын орындаған жөн деп санаймыз. Бірақ қалай орындау керек? Жақсы әскери айламен. Екіншіден, Қарулы Күш­терде шығын аз болуы тиіс. Бұл бәлкім ең басты қағидалардың бірі шығар. Өйткені адамнан қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан «Алға, алға» деп ұрандап, өре түрегелетін заман емес қазір. Екінші дүние­жүзілік соғыстағыдай «уралап» шапсақ, қаншама адам қырылады.Мұны да ескеру керек. Айтпақшы, командирлердің біліктілігінің зардабын тарттық. Мәселен, Алматыдағы қанды оқи­ғада Қарулы Күштер қауқар­сыз болды. Тек ҰҚШҰ әскері келген соң ғана жағдайды реттеп, дүр­белеңнің өршуіне жол бермедік. Меніңше, бұл олқылықтың аста­рында командирлердің шешім қабылдауға қабілетсіздігі жатыр. Қаңтар қасіретінде қаза бол­ғандардың жаназасына қатыстым. Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан ҰҚК Шекара акаде­мия­сының 2-курс студентінің әке-шешесімен жолығып, көңіл айт­тым. Сонда бәрі «Бұл қалай бол­ғаны? Бала тірі жүретін еді ғой» деп мені сұрақтың астына алды. Бұл – өте ауыр сұрақ. Өзімді сол жерде кінәлі сезіндім. Еліміз сол қасіреттен қабағын әлі ашқан жоқ. Неге бұған жол бердік? Қазір бәрі тексеріліп жатыр. Ендігі мәселе қаңтардағыдай дүрбелеңге жол бермеудің амалы. Жалпы, армия туралы көп дүние айтуға болады. Қару-жарақ, техникадан бастап қатардағы сарбазға едйін талай мәселе бар. Тіпті, патриоттық тәрбиені де ақ­сатып алған тәріздіміз. Жастарды ұмыттық. Бала кезімізде Бауыржан Момышұлы сияқты батыр болуды армандадық. Ал қазіргі қаһарман­дарымызды ешкім білмейді. Жас­тармен жұмыс жүргізілмейді. Екін­шіден, бұрын Ке­ңес Үкіметі кезінде бүкіл қару-жа­рақты тексеретін инспекция бо­ла­тын. Ол тікелей мемлекет басшысына, қазіргі ұғыммен айтсақ Прези­дентке ғана ба­ғынатын. Ал қазір қалай? Министрлік құрылымдары бір-бірін, өзде­рін-өздері тексереді. Сонда нәтижені кімге баян­дайды? Мысалы, оқ-дәрі қоймаларындағы, қару-жарақ пен техниканы сақ­таудағы былықтар анықталса, оны Қарулы Күштер жүйесінде қызмет ететін тексерушілер ми­нистрге баяндайды деп ойлайсыз ба? Немесе әлгі тексерушілер Бас штаб бастығына есеп берді делік, ал Бас штаб бастығы министрге шын­дықты айтады дегенге сенесіз бе? Өз басым сенбеймін. Меніңше, көп қызметкер «Бәрі жақсы деп» қо­лын қоя салады. Мен инспектор болған кезде лауазымды кісілердің арасында маған ренжіп, тіс қайрағандар көп болды. Аттарын атамай-ақ қоя­йын. «Бізге неге 2 деген баға қоя­сыз?» деп ренжиді, «Өзің сол жерге барып көр деймін, сенбесең» де­дім. Иман­ғали Тасмағамбетовті апар­дым, өзі көзімен көрсін дедім. Министр­мен бірге екеуміз десант­тарды тексердік. Штаб бастығын алып бар­дық, нәтиже – нөл. Шын­дық айтыл­ма­ған, сол шындық қалды солай. Осылай жүре берсек, не болады? Жасандылықтан шаршаған жоқпыз ба? Қазір министрлер жиі ауысады. Бірақ әскердегі жағдай әлі де оңай емес. Мақтанды тоқтатқан дұрыс. Мақтанса, шынайы нәтижемен мақтансын. Айла-тактиканы жа­ңар­ту керек. Көршілерде не болып жатыр? Қарау қажет. Ресей бір күнде жеңіп шығамыз деп ойлады. Жоқ, олай болмады. Ойлану керек. Қазіргі заман басқа. Қатардағы командирлердің ойын тыңдау керек.Олардың жақсы ойы бар, тактикасы болады, бірақ жоға­рыдағылар оларды тыңдамайды. Үлкен бастық келеді де, «жоқ, мынадай болу керек» дейді. Себебі солай үйреніп қалған, басқа ай­тары жоқ. Жас командирлерге се­нім арту керек. Мысалы, Ауған­станда ең жас аға лейтенант, ком­бат болдым. Сонда менің батальо­ным 200 шақырым ары орналасты. Төңірегінде түк жоқ, ар жағында Пәкістан. Заң бойынша, дұшпан­дар келсе, ең алдымен басшылыққа хабарлап, рұқсат сұрауым керек. Сол хабар­ламаң Мәскеуге жетуі тиіс. Сонда жауларымызға «күте тұрыңдар, Мәскеумен келісіп алайын» дей­мін бе? Осы мәселені маршал Со­коловқа айттым. Ол Қорғаныс ми­нистрінің орын­ба­сары еді. Ме­нің батальоныма жиі келіп тұра­тын. Мені Борис дейтін, «саған бірден шешім қабылдауға рұқсат» деді. Содан кейін заң өз­гер­ді. Біз­дегі әскери дайындық оқу­­лықтары да әлі өзгерген жоқ. Заманға сай жаңартып отыру керек. – Президент Қарулы Күштерге реформа жасалуы керек екенін айтты. Сіздіңше реформа қандай болуы керек? – Сөзсіз реформа керек. Бірақ сөзбен емес, іспен. Сарбаздан бас­талуы тиіс. Себебі бәріне жауапты солар. Командирдің бұйрығын орындайтын солар. Талай реформа жүзеге асып жатыр. Бірақ нәтиже беріп жатыр ма? Ресей мен Украи­на қақтығысын зерттеп, керегін алуымыз керек. – Армияны мобильді қылу керек деген пікір бар. Бұған қатысты ойы­ңыз қандай? – Армия әрқашан мобильді болуы тиіс. Ол дұрыс. Бірақ мо­бильді дегенді дұрыс түсініп алған жөн. Қарулы Күштер Отанның тыныштығын күзетеді. Олардың қызметі өзгеше. Басты міндет – ел­дің тыныштығын сақтау. Әрине, қару-жарақтар заманға сай болуы керек.

ЖҮРЕГІМДЕ МӘҢГІЛІК СЫЗАТ ҚАЛДЫ

– Әскер санын өсіруге бола ма? Резервке сенім арта аламыз ба? – Бұл сұрақ мені талайдан бері толғандырып жүр. Біз келісім­шарт­пен жұмыс істейтін әскерге көңіл аударып, Қарулы Күштердің жеке құрамының көп бөлігін солар арқылы жасақтадық. Бұл реформа үшін орасан зор қаржы бөлдік. Иә, бізде келісімшарт әскері болуы керек. Бірақ мерзімді әскери қыз­метке де көңіл бөлген дұрыс. Қат­ты алаңдап жүргенім, келісімшарт әскерлері жауынгерлік дағдысын жетілдіріп, біраз дүниені үйренге­німен, кейін олардың соғысқысы келмей қалуы мүмкін. Өйткені ке­лісімшартпен жұмыс ітсейтін әскерилер қызметін Отан алдын­дағы борыш деп емес, жалақы алатын әдеттегі жұмыс ретінде бағалай бастауы ықтимал. Не болып жатқанын естіп жүрміз. Екіншіден, мерзімді әскери қыз­метке шақы­рылатындар санын көбейтпесек, резервті толтыра алмаймыз. Сөй­тіп, әске­ріміз қартайып кетеді. 40 жастан кейін зейнетке шығады. Сонда біз­дің резервіміз 30-40 жастағы­лардан тұра ма? Бірін­ші­ден, қазір «көбі әскерге бармай­мыз» деп жатыр. Жалпы, бәрі әс­кер сабында болуы тиіс. Әр азамат Отан алдын­да ант беруі тиіс. Ал ант берсе, оны орын­дау керек. Менің ойымша, әскерге бармаса да, Отан алдында ант берсе, «елім, жерім» деп тұрар еді деген ой келетіні бар маған. – Армияда әлімжеттік бар ма? – Өкінішке қарай, армияда әлімжеттік бар. Бірақ оны жою үшін түрлі тәсілге бардық. Сөйтіп, әлімжеттікті азайттық. Бұрынғыдай ашық түрде әлім­жет­тік жасайтындар сирек. Дегенмен қысым жасайтындар кездеседі. Негізі, әлімжеттікті азайтуға мер­зімді әскери қызметті 1 жылға де­йін қысқарту арқылы да азайтуды көздегенбіз. Бірақ әлімжеттік 100 пайыз тоқтаған жоқ. Себебі адами фактор болады. Тәрбие, мінез әр­түрлі. Әскерде ко­мандир сарбазды баласындай, інісіндей тәрбиелесе, жақсы көрсе, онда сарбаз да әке­сіндей, ағасын­дай сыйлайды. Ал бізде қалай? Айқай-шу, сарбазды кем көреді. Ол дұрыс емес. Сосын ашық сөйлесуі керек, ол да адам баласы ғой. Біз­дің кезімізде заң бойынша жақын адамы қайтыс болса, 10 күнге еліне жіберетін. Ал қазір өзгеше. Сон­дық­тан сарбаз күйзеліске бой ал­дырады, әскерден қашуды ойлай­ды.

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ БАЗАР ЕМЕС

– 90-жылдары армия жемқор­лыққа толы болды. 1996 жылдың күзінде Қазақстаннан Солтүстік Кореяға кетіп бара жат­қан бір эше­лон зенит зеңбіректері Ресей терри­ториясында ұсталды. 6 МиГ-21 ұша­ғы Бакуде қолға түсті. Сол кез­дерде сіздің атыңызды пайдала­нып, арам пиғылдарын іске асыр­ғысы келгендер де болды. Ол кездегі жағдай қалай еді? – Кейбіреулер мұны ұмытып кеткен де шығар. Ал менің есімде мәңгіге қалды. Біреулер үшін МиГ-21 «миг» болып өтіп кеткен шығар. Ал менің жүрегімде сызат қал­ды. Жалғыз өзімде емес, жұ­байымда, отбасымда жан жарасы қалды. Сол кезде соттың алдында КТК телеарнасының журналисі маған «Сіз неге азамат­тық киімде­сіз?» деп сұрады. «Әске­ри адамның қару-жарақ сатуға қан­дай құқығы бар?» деді. «Қазақ­стан генералы­ның абыройын сақ­тап қалу үшін азаматтық киіммен келдім. Мына жерден формамен шығамын» дедім. Әскери адамның бір ғана мақсаты бар – антын орындау. Ел­дің міндеті – тамағын, киімін бүтін қылу. Өкінішке қарай, Жоламанов кетті, қайта шықты деп жатыр. Бұ­рыннан айтып келемін, страте­гия штаб генера­лы­ның қолында болуы керек. Ол бізге «осындай ұшақ керек» дейді. Соны министр­ге айтады. Министр экономистерін жинап, ақылдасып Үкіметке ай­тады. Олар дайындайды. Басқасына әскери адамның қатысы болмауы керек. Ал қазір тендер дейді. Мемлекеттік тапсы­рыс дейді. Әскери адамның оны­мен не жұмысы бар? Қазір тендер, мем­лекеттік тапсырыс десе, бәрі құ­лақ түре қалады. «Не алып жа­тыр, не сатып жатыр?» деп шы­ғады. Әскери адам болғандықтан, әлі күнге дейін базарға баруға ұяламын. Бірақ ондай болмасын десек, пәтері болуы керек, жала­қысы жоғары болуы керек. Мәсе­лен, әскери адамдардың көбінің жұбайлары театрға бармайды. Себебі полигондарда жүр. Бала­лары жұрт қатарлы тәттісін алып жей алмайды. Себебі гарнизон­дарда ондай жоқ. Сондықтан олар­ға қосымша ақы төленуі тиіс. Ба­лаларының оқуға түсуіне, жұмысқа орналасуына көмек қарастырылуы керек. Жұбайларына жұмыс істе­мей, полигонда жүргені үшін жа­лақы төленуі керек. Бәрін рет-ре­тімен шешу қажет. Ашығын айтып отырмыз ғой, әскерилердің беделі түсіп кетті. Қаншама генерал байлыққа қызығып, Отан алдындағы антын ұмытып кетті. Мұндай жағдайға жеткізбейтін шығар деп ойлап едім. Неге біз қателіктен сабақ алмаймыз? Сарбазды жаманда­ға­нымыз – өзімізді жамандағанымыз. Армия біздікі, бірақ шындықты айту – біздің міндетіміз. 90-жыл­дардағы олқылықтар әлі келе жатыр. Оны тоқтату керек. Жалпы, кедейлік қыл­мысқа итермелейді. Жұбайлары «лейтенант кезінде тұрмысқа шық­тым, балаңа қала­ғанын алып бере алмайсың. Жоға­ры білімің бар, полигонда жүрсің, менің киетін киімім де жоқ» дейді. Не істейді? Амал жоқ, сыбайлас­тыққа барады. Кейін ол жолға қо­йылған жемқорлыққа апарып соғады. Әрине, әскерилер өз беде­лін өздері көтеруі тиіс. Бірақ біз шет­те тұрмауымыз керек. Екін­ші­ден, бізде ата-анамен байланыс жоқ. Бір сарбаз әскерде жақсы қызмет етсе, неге ата-анасын бұқа­ралық ақпарат құралдарында көр­сет­пейді? Әкім арқылы құттықтап, 10 күнге демалысқа жіберсін. Ал қазір әкімдер бір жақта, әскери комиссариат бір жақта, ал сарбаз­дар өз-өзімен жүр. Әкімдер қанша сарбаз барғанын, не істеп жатқа­нын білуі тиіс.

ӘСКЕРИ АДАМНЫҢ МІНДЕТІ – ОТАН ҚОРҒАУ

– Жаңа сөз арасында генерал Нұрлан Жоламанов туралы айтты­ңыз. Ол босап шығыпты. Істі болған генералдардың ішінде ең даулы тұл­ға еді. Оған көзқарасыңыз қа­лай? Жалпы, тәуелсіздік алғаннан бері армияның, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның 30-ға жуық гене­ралы сотталған деген дерек бар. – Бірақ бұрыннан айтып келемін, әскери адам еш уақытта алып-сатумен айналыспауы тиіс. Себебі оның міндеті – Отан қорғау. Бұйрықты орындап, елдің тыныш­тығын сақтау. Қорғаныс министр­лігі жауапкершілігі шектеулі се­ріктестік емес. Екіншіден, әскери адамның тіпті түйіршік сатуға құқығы жоқ. Әскери адам сатумен емес, елін қорғаумен айналысуы керек. Ал егер кімде-кім оған жол берсе, қатаң жазалануы тиіс. Ота­нын сатқандар тиісті жазасын алу керек деп есептеймін. Тағы айта­мын, Қорғаныс министрлігі базар емес. Жоламановты босап шыққа­нымен құттықтаймын. – Алматыдағы дүрбелең, Арыс пен Жамбылдағы жарылыс отандық қару-жарақ ісінде былықтың көп екенін көрсетпей ме? – Қару-жарағымыз қолды болады деген менің ойымда да болған емес. Қалайша Ішкі істер министрлігіндегі қару-жарақты ұрлайды? Бұған қалай жол бердік? Артық кетсем, кешірім сұрай­мын, мүмкін қандай да бір келісім бол­ған шығар. Бәлкім, қорқытқан шы­ғар. Шындықты ашып, опасыз­дардың жазасын беруіміз керек. Арыстағы жарылыстың астары туралы айта­йын. Бас штаб бастығы болып тұр­ғанда, 1997 жылы Арыс­қа бар­дым. Бұл «қалай жарылмай тұр?» деп қатты таңғалдым. Қойма быт-шыт. Соның ішінде химиялық дәрілер бейберекет жатыр. Бірден Мұхтар Алтынбаевқа хабарласып: «Кемін­де осы жерге 200 адам жібе­ріңіз, химиялық заттар қоймасын бөле­міз» дедім. Тіпті, қару-жарақ­тар­ды толығымен Арыстан көшіру керек еді. Сарбаздар келді, химик М.Даи­ровты шақырып алдым. Егер химиялық заттар қоймасын бөлмегенде қазір жағдай мүлде басқа болар еді. Арыстағылар әлі күнге дейін тұмшаланып жүрер ме еді, кім білсін?! «Бәрін Ембіге кө­шірейік» дедім, «қымбатқа түседі» деп жо­латпады. Содан кейін Қа­рағанды облысындағы химиялық қойма Тоқырауға бардым. Мұхтар Алтынбаевқа «қой­маның басты­ғын ату керек» дедім. Қызметінен босаттық. Мен барғанда қоймада миналар шашылып жатты. Марқұм пол­ковник В.Ткаченко өте білімді кісі еді, зейнетте жүрген, Тоқырауға ша­қырып алдым. Ол келіп, жағ­дай­мен танысып, шошып кетті.Кейін ол да жарылды ғой. Зейнетке шыққан кезім, бір күні Мұхтар Алтынбаев хабарласып: «Тоқырау жарылғанда тексердік, сіздің бұй­рығыңыз дұрыс болыпты. Бірақ, өкінішке қарай оның жартысы орындалмаған екен» деді. Әлі күнге дейін айтып келемін. Жаңа министрге де «менің қаулы­ларым­ды көтеріңдер. Ұнамаса, қоқысқа тастаңдар» дедім. Соған 5-6 сағат қана кетеді. Әскери адам ретінде айтамын, мұндайға жол беруге болмайды. Қойманың аты қойма, оқ дәрілер өзгеше, құрамы бас­қаша. Оны сақтау да басқаша бо­луы керек. Құдай сақтасын, қазір қаншама қойма бар. Шын­дыққа тура қарауымыз керек, әйтпесе жағ­дайымыз қиын болады. – Әңгімеңізге рақмет!