Байланыс аясынан тыс жерде...
Байланыс аясынан тыс жерде...
941
оқылды
Ауылдарға интернет жеткізуге тиіс байла­ныс операторлары соңғы жыл­дары негізгі жұ­мыстарын жайы­на қал­дырып, айыппұл тө­леу­­ден аса ал­май жүргендей. Мұны жа­қында Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрі Бағдат Му­синнің өзі де айтты. Ведомство бас­шысы ұялы байланыс опера­тор­лары министрлікке 200 ауылда ин­тер­нет бар деп өтірік ақпар бергенін, со­ған орай тексеру жүргізіліп, 2019 жы­лы 15 мил­лион, 2021 жылы 140 мил­лион теңге көлемінде айып­п­ұл са­лынғанын жеткізді.

Байланыс операторлары кімді алдап жүр?

Байланыс операторларының өз ісіне салғырттық танытып, мой­нына алған міндетке жүр­дім-бардым қарағанын жуықта Шы­ғыс Қазақстан облысының әкімі Да­ниал Ахметов әлеуметтік желі­дегі парақшасында да жазды. «Мы­салы, «Мобайл Сервис Те­ле­­ком» операторы интернетті 33 ауылда өткізуге уәде берді, бірақ іс жүзінде тек жетеуінде бар. «Кар-тел» операторы 29 ауылды қо­суды жоспарлады, алайда қос­қаны – 13. «Востоктелеком» еш­­­қандай абонентті қосқан жоқ» деген аймақ басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігімен 41 антенна-діңгек құрылысын ор­нату туралы келісімге қол жет­кізілгенін, биыл өңірдегі 100-ден ас­т­ам ауылға интернет қосы­ла­тынын тілге тиек етті. Облыстық Цифрландыру жә­не архивтер басқармасының бас­шысы Марина Гагарина бай­ланыс операторлары 2021 жылы 68 ауылдық округті сапалы ин­тер­нетпен қамтамасыз етуге тиіс болғанын, алайда соның тек 20-сына жылдамдығы секундына 10 мен 60 мегабитті құрайтын интернет қосылғанын, қалған 48 елді мекенде секундына 0,8 мега­бит­ті құрайтын интернет (мүлде жоқ деуге де болады) орна­тыл­ғанын айтады. Басқарманың ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, Цифрландыру министрлігі мен байланыс операторлары ауыл­дарды 2024 жылға дейін толық интернетпен қамтамасыз етуді жос­парлап, арнайы бағдарлама түзген. Алайда Шығыс Қазақ­стан­да осы бағдарламаға енбей қал­ған 244 ауыл бар екен. Бұл ауыл­дардың көпшілігінде халық саны 200-ге жетпейді. Мәселен, Ұлан және Шемонаиха ауданы­ның – 14, Үржар мен Катон­қара­ғай ауданының – 13, Се­мей қаласына қарасты ауыл­дар­дың – 10, Алтай ауданының – 17, Аягөз бен Көкпекті аудан­ы­ның – 18, Тарбағатай және Күр­шім ауданы­ның – 19, Жарма ауда­нының – 22, Бородулиха ауда­нының 26 елді мекені жо­ғарыдағы бағдарламадан тыс қал­ған көрінеді. «Мұны біз облыс әкі­мінің тапсырмасымен өңір­дегі ауылдардың интернетпен қам­тылуын арнайы зерттеген кез­де анықтадық. Облыстағы ин­­тернет деңгейін үш топқа бө­ліп қарастырдық. Әуелгі топқа 270 ауыл кірді. Мұндағы интер­нет­тің жылдамдығы секундына 8 ме­габиттен жоғары. Екінші топ­қа енген 268 ауылдағы интернет­тің жылдамдығы – секундына 2 мегабит пен 5 мегабиттің арал­ы­ғы. Ал үшінші топтағы 145 ауыл­дағы интернеттің жылдамдығы се­кун­дына 2 мегабиттен де аз. Оның ішіндегі 111 ауылдағы ин­тернеттің жылдамдығы – секун­ды­на 0,8 мегабит. Бұл дегеніңіз – мүлде интернет жоқ деген сөз. Осы­ның бәрін ескере келе ай­мақ­тағы интернеті жоқ ауылдарға ан­тенна-діңгек құрылғысын ор­натуды жоспарлап отырмыз. Бұл құрылғы интернеттің жыл­дам­дығын секундына 20 мега­бит­тен 100 мегабитқа дейін кө­теру­ге мүмкіндік береді. Биыл өңір­дегі қала мен аудан әкімдері ауыл­дарға 41 антенна-діңгек құрыл­ғысын қояды. Байланыс опе­раторлары сол құрылғыға интернет жылдамдығын артты­ра­тын күшейткіш орнатады», – дей­ді Марина Гагарина. Шығыс Қазақстанның ауыл­дарында тұратын халықты тол­ғандырған екі мәселе болса, со­ның бірі – интернет проблемасы. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» демекші, қай ауылға барсаң да алдыңнан интернет мәселесі шы­ғады. Облыс пен аудан әкім­деріне қойылатын сұрақтардың ішін­де міндетті түрде интернет жүреді. «Жергілікті әкімдіктерде ешқандай құзырет жоқ. Интернет мәселесімен тек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шұғыл­да­нады. Байланыс опера­тор­лары­мен де солар келісімге келеді. Ха­­­­лыққа мұны түсіндіру қиын. Ха­­лық бәріне әкімдікті кінә­лай­ды. Интернет біздің қолымызда тұр деп ойлайды. Біздің ми­нистр­­лікке қарайлап отыр­ға­ны­мызды қайдан білсін? Осының бәрін көріп-біліп отырған облыс әкімі «Халықтың талабы орынды. Ми­нистрлікке қарап, қол қу­сы­рып отыруға болмайды» деп жұ­мыс тобын құрып, әр ауыл­дағы ин­тернет мәселесін мұқият зерт­теп-зерделеуді тапсырды. Жұмыс то­бы құрылмаса, талай ауыл әлі де интернетсіз қала береді екен», – дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмат Ақышев.

Тау басындағы тұрғындар

Осыдан үш жыл бұрын Шы­ғыс Қазақстан облыстық Энер­ге­тика және тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылығы басқар­ма­сы басшысының орынбасары Асхат Букатовпен сөйлескені­міз­де Ақпарат және коммуника­ция­лар министрлігі тұрғындарды ин­тернетпен қамтамасыз етуді екі кезең бойынша жүзеге асы­ра­тынын айтқан еді. «Бірінші бағыт бойын­ша Шығыс Қазақстанда 2019-2020 жылдары тұрғындары 500-ден асатын 190 мың халқы бар 111 елді мекенге (2019 жылы 82 ауылға (тұрғын саны 138 800), 2020 жылы 29 ауылға (тұрғын саны 51 322) талшықты-опти­ка­лық байланыс желісі орнатылмақ. Екінші бағыт бойынша 2022 жыл­ға дейін тұрғындары 50-ден аса­тын 685 елді мекенге кеңжо­лақ­ты интернет орнату жоспар­ланып отыр» деген болатын бас­қарма басшысының сол кез­дегі орынбасары. Содан бері не өзгерді? Ми­нистр­ліктің атауы мен басқарма басшысының орынбасарының қызметі ғана өзгерген секілді. Қал­ғаны «баяғы жартас сол жар­тас». Байланыс операторлары «Ауылдардың барлығында ин­тернет бар» деп өтірік есеп бер­генімен, өңірдегі көптеген ауыл­дың тұрғындары таудың басын са­ғалап, мектеп пен мәдениет үй­лерін жағалап жүр әлі. Ұялы бай­­ланыс болмағаннан кейін ке­й­бір ауылдың тұрғындары ұялы телефон ұстайтын елді ме­кенге баруға немесе сол маңдағы тау басына шығып сөйлесуге мәж­бүр. Ұялы телефон желісі ор­натылған ауылдардың өзінде тұрғындардың «шөп қораның тө­бесі», «терезенің алды» деген­дей өздері ғана білетін нүктелері бар. 2018 жылы Тарбағатай ауданының Қытай шекарасына жа­қын Ақжар өңіріне барғаны­мыз­да ұялы байланысы жоқ Жаңа­талап тұрғындарының өзара «Біз­дің переговорный пунк­тіміз – оба» деп әзілдесетінін естіп едік. Осындай ауылдар об­лыста жетіп артылады. «Біздің Бе­рел ауылының жанында әлем­ге әйгілі Берел қорғандары ор­на­ласқан. Аспан асты музейі бар. «Рахман қайнары» шипажайы да осы маңда. Осы орындарға алыс-жа­қын­нан және шетелден қонақ­тар келіп жатады. Осындай кере­мет жердің, осындай дамыған заманда байланыссыз отырған жағдайына қарап, жағаларын ұстайды. Шығыс Қазақстандағы туристік аймақтардың бірі сана­латын Катонқарағай ауданының Берел ауылы тұрғындары 2018 жылы аудан әкімі мен аудандық мәс­лихатқа осылай деп хат жаз­ған еді. Хат дегеннен гөрі тұр­ғын­дардың жанайқайы, мұң-зары, арман-аңсары дегеніміз дұрыс шығар. Мұны тек Өскеменнен 400 шақырымнан астам қашық­тықтағы Берел ауылы­ның немесе Катонқарағай ауданының ғана емес, облыстағы көптеген ауыл тұр­ғындарының өтініш-тілегі деп қабылдаса да болады.

400 шақырым жерде бар, 40 шақырымда неге жоқ?

Осы мақаланы әзірлеу бары­сында облыс орталығы – Өске­мен қаласына жақын ауылдар­да­ғы ұялы байланыс пен интер­нет­тің тұрғындарға қолжетімділігін байқайық деп Ұлан ауданының үш ауылына (Ізғұтты Айтықов, Тар­ғын, Тайынты) арнайы ба­рып, сондағы жұрттың пікірін тың­­дап қайттық. Ізғұтты Айты­қов қаладан 40 шақырым шама­сын­­да болса, Тайынты 80 ша­қы­рым­дай жерде. Тарғын осы екі ел­ді мекеннің ортасында орын теп­­кен. «Өскеменнен 80 ша­қы­рым Тайынтыны айтасың, қа­ла­ның дәл іргесіндегі (шама­мен 5-10 ша­қырым) Самсоновка ауы­­­лында ұялы телефон ұста­май­ды. Сен­бесең, өзің хабарласып көрші» деді менімен бірге сапарға ере шыққан әріптесім Шешек асуы­нан аса бере. Әуелде сенбе­ген кейіп танытып, қалта те­лефо­ным­­ды қолға алып едім, «желі жоқ» деген жазуға көзім түсті. Біз әуелі ат басын тіреген, «Өс­кемен–Самар» трассасының бойын­дағы Ізғұтты Айтықов ауы­лында 700-ден астам адам тұра­тын болса да, әлі күнге дейін ұялы байланыс орнатылмапты. «Мен мынаған таңғаламын, Өс­ке­меннен 400 шақырым Тар­ба­ғатай ауданында ұялы телефон ұстай­ды да, Өскеменнен небәрі 40 шақырым жердегі бізде теле­фон жоқ. Мұны естісе, жұрт кү­ле­ді. Айтуға ұяласың. Біздің ауыл­­дың орналасқан жері қолайлы. Мы­на трасса бойымен күніне қан­шама адам өтеді. Туристер де көп жүреді. Байланыс опера­тор­лары осыны неге есепке алмай­ды?», – дейді ауыл тұрғыны Архат Рахымбердинов. Өскеменнен 80 шақырым қа­­­шықтықта орын тепкен, Шы­бындыкөл секілді тамаша де­ма­лыс орны бар Тайынты ауылында да осы кеп. Тайынтының Айты­қов ауылынан бір ғана айыр­ма­шылығы, елді мекеннің кейбір тұс­тарында ұялы телефонның іл­дәбайлап ұстайтыны. Бір қы­зығы, осы Тайынты мен Ізғұтты Айтықов ауылының арасындағы Тарғын ауылында интернетіңіз де, ұялы телефоныңыз да таң асырған жүйріктей жүйткіп тұр. Тарғын тұрғындарының да көңіл күйі біз аралаған екі ауылдан әлдеқайда көтеріңкі, жайдарлы еке­нін аңғарғандай болдық. Ауыл­да қыз-қыз қайнаған тірші­лік лебі байқалады. Көшелері де тап-таза, үйлерінің сырты да алыс­­тан көз тартады. Тайын­ты­дан тұрғындар көшіп жатса, бұл ауылда керісінше сатып алатын бос үй жоқ көрінеді. Бұл ауыл­дың тұрғындарының да әңгімесі, талқылайтын тақырыптары да өзгеше. «Ана сайт былай деп жа­зыпты, әлгі депутат бүй депті» деп ауыл-ауданыңызды, тіпті об­­лысыңызды былай қойып, рес­­публика, әлем жаңалықтарын қызу талқыға салғанда арасын небәрі 20 шақырым бөліп тұрған көрші ауыл тұрғындарының ұя­лы телефонға зар болып отырғаны қайта-қайта ойға орала берді.

Шығыс Қазақстан облысы