Соңғы жылдары «Қазпошта» АҚ қоғам талабына сай қызмет көрсетудің тиімді тетіктерін ұсынып, жаңашылдықтарды енгізуде. Оның нәтижесін тұтынушылар санының артуынан-ақ байқауға болады. Ендігі ретте жаңадан құрылатын үш облыста бөлімшелердің жұмысын бір ізге келтіру, өңірлік филиалдар ашу ісіне дайындықты бастап кетті. Осы орайда қандай мәселелер ескеріледі? Пошта қызметін жетілдіру қалай жүріп жатыр? Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Серік Саудабаевпен тілдестік.– Серік Болатұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылатынын айтты. Бұл саяси шешім мемлекеттік мекемелермен қатар халыққа қызмет көрсету орындарына өзгерістер әкелері анық. «Қазпошта» АҚ-ның жаңа облыстарда пошта желісін дамытуға қатысты қандай жоспары бар?
– Сұрағыңыз өте орынды. «Қазпошта» әрқашан өзгерістерге дайын. Біз – тұрғындармен тығыз байланыс орнататын, хат пен зат таситын, зейнетақы мен жәрдемақыны жеткізетін, қысқасы қызметтің кең көлемін көрсететін әлеуметтік маңызы бар мекемеміз. Қазірдің өзінде аталған қалаларда пошталық және қаржылық қызметтің толық спектрін көрсететін тораптар жұмыс істейді. Енді Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының шекарасы айқындалған соң жаңа облыс орталықтарында аймақтық филиал құру мәселесі қарастырылады.
– Бұл өңірлерде ғимараттар ашу, бөлімшелерді қажетті құралдармен, қызметкерлермен қамту мәселелері қалай шешілмек?
– Бүгінде пошта желісінің Ұлытау ауданында – 34, Абай ауданында – 88, Жетісу облысында 93 ғимараты бар. Олар материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған. Бекітілген бюджет аясында күрделі жөндеу жасалады. Сонымен қатар тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
– Енді «Қазпошта»-ның жаңашылдықтарына ойыссақ. Соңғы уақытта пошта бөлімшелері электронды коммерцияға иек артып, тұрғындардың ел іші мен алыс-жақын шетелден сатып алатын тауарларын жеткізуге көшті. Жұмыстарды жетілдіру үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Курьерлік қызметтерді дамыту жобасы аясында жаңа өнімдер іске қосылды. Олардың ерекшелігі – жөнелтілімдерді өңдеудің барлық кезеңінде жүйелік бақылаудың болуы. Корпоративтік клиенттер үшін жеңілдетілген тарифтер бар. Айталық, GoPostExpress елдегі қалалар мен елді мекендер арасында салмағы 30 келіден аспайтын EMS хаттар мен сәлемдемелерді әуекөлігімен тасымалдауға арналған. Ал GoPostCity осындай салмақтағы сәлемдемелерді бір қала аумағында жеткізуді көздейді. GoPostStandard қалалар мен ауылдар арасында салмағы 75 келіге дейінгі EMS сәлемдемелерді әуекөлігімен апаруға бағытталған.
Қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында көлігі бар және жаяу курьерлерге арналған GoPost мобильді қосымшасы жасалды. Сол арқылы курьерлер жөнелтілімдерді, жеткізілім ақысын, үстемеақыны, қосымша қызметтер төлемін қолма-қол ақшамен немесе банк картасы қабылдай алады. Электронды чек беру мен онлайн жөнелтілімдердің мәртебесін белгілеуге де мүмкіндік бар.
– Білуімізше, кейбір ауылдағы пошта бөлімшелері халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын алмастырып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі қалай?
– Былтыр «Қазпошта» мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасында келісім жасалып, пилоттық жоба басталды. Оның аясында халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ елді мекендердегі ауыл тұрғындарына пошта бөлімшесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Мәселен, пошта бөлімшелерінен электронды-цифрлық кілт алып, мемлекеттік әлеуметтік көмек үшін тіркеуден өте алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтудың техникалық құралдарын, санаторий-курорттық орындарға жолдаманы ресімдеу, тағы басқа қызметтер көрсетіледі. Сол арқылы ауылдағы ағайынның жұмысы біршама жеңілдеді деп ойлаймыз. Себебі енді аудан немесе облыс орталығына барудың қажеті жоқ.
– Соңғы жаңашылдықтардың тағы бірі – гибридтік электронды пошта жүйесінің іске қосылуы. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Иә, қызметтің бұл түрі де жоғары сұранысқа ие. «Қазпошта» тұтынушыларға хабарламаны электронды пошта түрінде жіберіп, кейін хат қылып жеткізу қызметін ұсынады. Оның тиімділігі сол, жолдаушы тарап кеңседен шықпай, филиалдарға бармай-ақ тәулік бойы онлайн форматта жібереді. Табыстау туралы хабарламаны автоматтандыру, екі жақтан хатты басып шығару, жеке кабинет арқылы бақылау, топтама хаттар жасау сервисін жаңарту арқылы өңдеу жылдамдығын арттыру бағыттары бар. Қызметтің ыңғайлы екенін мына деректерден көруге болады: 2017 жылы жөнелтілім саны 654 мың болса, былтыр 2 млн 324 мыңнан асты. Көрсеткішті одан әрі арттыру әрі сапаны жақсарту үшін алдағы уақытта да еңбек ететін боламыз.
– Еңбек демекші, пошта қызметкерлерінің курьерге ауысу жүйесі кейбір тұрғындар тарапынан түсініспеушілік тудырды. Бұған қатысты не айтасыз?
– «Қазпошта» қызметкерлерді ынталандыру мақсатында қызмет көрсету шарты негізінде жұмыс істейтін курьерлер арқылы пошта жөнелтілімдерін жеткізу жобасын жүзеге асырды. Оның мақсаты – нақты орындалған қызмет үшін ақы төлеу. Курьердің жұмысына 1 000 теңгеден 2 000 теңгеге дейін кепілдендірілген тәуліктік төлем қарастырылған еді. Басқарманың 2022 жылғы 1 ақпандағы шешіміне сәйкес, кепілдендірілген төлемнің көлемі 2 500 теңгеге дейін және келісімді мәміле мөлшері орта есеппен 13 пайызға көбейді. Биыл «Қазпоштаның» өндірістік қызметкерлерінің соңғы екі жылда алғаш рет еңбекақысы өскенін атап өткен жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!