Кез келген азамат мекемелерден мемлекеттік қызметті кедергісіз алуы керек – Дархан Жазықбаев
Кез келген азамат мекемелерден мемлекеттік қызметті кедергісіз алуы керек – Дархан Жазықбаев
581
оқылды
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев арнайы іссапармен Түркістан облысына барды. Агенттік төрағасының өңірге ресми сапарының мақсаты – облыстың мемлекеттік қызметшілерімен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің студенттерімен кездесу, тұрғындардың тарапынан туындаған мәселелерді тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыру. Алдымен агенттік төрағасы өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен кездесті. Жиында Д. Жазықбаев жүргізіліп жатқан реформаларды оңтайлы жүзеге асыруда Агенттік алдында тұрған бірқатар мәселелерді баяндады.    width= Агенттік төрағасы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігі өңірлерде ұсынылатынын ескере отырып, оларды тиімді әрі сапалы жүзеге асыру қажеттілігін алға тартты:«Еліміздің кез келген азаматы мемлекеттік қызметтерді өзі қалаған өңірде немесе оларды ұсынатын мекемеде алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін сақтамау және рәсімдерін бұзу секілді мәселелердің алдын алу, мемлекеттік қызметті оңтайлы бағытта ұйымдастыру шараларын қолға алу қажет».    width= Оның айтуынша, алдағы уақытта Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлығына сай, Агенттік барлық әкімшілік рәсімдерге талдау жасап, әр жарты жыл сайын оның нәтижесін, яғни бюрократия көріністерін алдын алу бойынша нақты ұсыныстарды Президент әкімшілігіне енгізеді. Бұдан әрі, Агенттік Төрағасы мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша жасалып жатқан бірқатар ұсыныстарға тоқталды.«Жоғары оқу орындар мен колледждерде мемлекет есебінен білім алып, оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) жоғары көрсеткіштегі маман иесі атанған жастарды аудандық және ауылдық деңгейлердегі төменгі лауазымдық мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдау ұсынылып отыр. Бұл жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуына жол ашып, аймақтарда кадр тапшылығын азайтуға ықпал ететіні күтілуде» – деді Д. Жазықбаев. Кездесу соңында жиынға қатысушылар мемлекеттік аппаратқа деген халықтың сенімін арттыру мақсатында мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру, артық бюрократиялық талаптардың қойылуына жол бермеу, облыстағы халық санын ескере отырып өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің санын арттыру төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Осыған қоса, Д.Жазықбаев Ордабасы ауданы және Кентау қаласында азаматтарды жеке қабылдап, мемлекеттік қызмет көрсету сапасымен танысты. Мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган басшысымен жүздескен аудан және қала тұрғындары жұмысқа орналасу және мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қолдауға қатысты сұрақтарын қойды.  width= Сондай-ақ іссапар аясында Д. Жазықбаев Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессорлық-оқытушы құрамымен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің студенттерімен кездесті. Айта кететін жайт, бүгінгі күні Түркістан облысындағы мемлекеттік қызметшілердің 500-ден астамы осы оқу орынның түлектері. Сондай-ақ  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбаев қызметтік іссапары Шымкент қаласында жалғасты. Арнайы іссапары мемлекеттік қызметшілермен кездесуден басталып, жиында Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуға қатысты Президент қойған бірқатар міндеттерге тоқталып, мемлекеттік қызмет көрсету бюрократиялық, формальді принциптерге емес, нақты нәтижеге бағдарлану керектігін айтты. «Мемлекеттік қызметтерді көрсету уақытылы, сапалы, кедергісіз орындалуы қажет. Мемлекеттік қызмет бюрократияға жол бермейтін, халықтың қажетіне бағдарланған сервистік сипатта ұйымдастырылған кезде қалыптасқан олқылықтар еңсеріліп, мемлекеттік аппараттың жұмысы жаңа деңгейге көтерілері анық. Жасалып жатқан реформалардың барлығы да ел игілігіне бағытталып отыр. Мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртудың да басты мақсаты – «халық үніне құлақ асатын» мемлекеттік аппарат қалыптастыру», – деді Д. Жазықбаев. Сонымен қатар, Агенттік төрағасы жаңа редакциядағы Әдеп кодексінде көрсетілген ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік, және клиентке бағдарлану қағидаларына баса назар аударуға шақырды. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның өкілі ретінде оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге, сыбайлас жемқорлыққа, мүдделер қақтығысына, қоғам тарапынан, сонымен қатар әлеуметтік желілерде сынға ұшырайтын қылықтарға жол бермеуі тиіс екендігін атап өтті. Агенттік төрағасы Әдеп жөніндегі комиссиясына жекелеген саяси қызметшілер (өңірлер (облыстар, республикалық маңызы бар қалалар) әкімдері орынбасарларының, аудан әкімдерінің) және «А» корпусына жататын қызметшілердің (комитеттер төрағаларының, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттары басшыларының) жауапкершілігін қарау өкілеттіктері берілгенін баяндады. Бұған қоса, Агенттік төрағасы тұрғындармен тілдесіп, оларды толғандырған жер қатынастары, жер комиссиясы және мемлекеттік қызметшілердің әдебі туралы сауалдарына жауап берді. Іссапар барысында Дархан Жазықбаев TEN QOGAM әлеуметтік қолдау орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «бір терезе» қағидасы бойынша ұсынылатын мемлекеттік қызметтің сапасымен, «I-shymkent 109», «Диспетчерлік қызмет» және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты. «Жастар ресурстық орталығында» өткен еркін форматтағы пікір алмасу кезінде Төраға жастардың толғандырған сұрағына жауап беріп, оларды талапшыл, еңбекқор әрі адал болуға, үздіксіз білім алуға шақырды. Кездесу соңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде Агенттік күнтәртібіндегі мәселелер талқыланды.