Түркістанда екі педофил әкеге бақылау құрылғысы тағылды
Түркістанда екі педофил әкеге бақылау құрылғысы тағылды
Сотталғандарға арналған электрондық білезіктерді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімінде қолдана бастады. Бұл екі азамат кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді жыныстық қатынасқа күштегені үшін жазаға тартылып, электронды құрылғыға байланды. Сотталғандардың екеуі де – әке.  Дегенмен заң бәріне бірдей. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің ана атануына себепкер болғандар жазадан құтылмайды. Мамандардың айтуынша, бұл заң кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алады дейді. Отыз жастағы Фарух 16 жастағы қызға ғашық болғанын айтады. Қыздың келісімімен оны алып қашқан. – Кәмелет жасына толмаған қызбен отау құру заңға қайшы екенін енді түсіндім. Екеуміз келісіп, үйленген соң заң алдында жауап бермейтін болармын деп ойлағанмын. Заң бәріне ортақ екен. Сот жүктеген жазамды бұзбай өтеймін. Кішкентай ұлыма үлгілі әке болуды армандаймын. Келесі жылы әйелім 18-ге толады. Сол кезде екеуміз некені қидырамыз. Әйеліңмен бірге тұрып педофил атану қиын екен, - деді сотталған. Заманауи құрылғыны таққан екінші сотталған да кәмелетке толмаған жасөспіріммен отау құрған. Ол да әрекетінің заңсыз екенін әйелі емханаға тіркеуге барғанда білген. педофил – Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталғандарға қатысты сот үкімімен белгілі бір орындарға баруға тыйым салу, атап айтқанда, оқу орындарына жақындау, түнгі уақытта үйден шығу, пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты жерінен тыс жерге бару сияқты шектеулер қойылуы мүмкін. Пробация қызметінің инспекторы сотталғандардың белгіленген талаптарды нақты уақытта да, өткен кезең үшін де сақтауын қадағалайды. Қызметкер қажетті деректерді компьютердің, планшеттің немесе смартфонның көмегімен жеке кабинет арқылы тексере алады. Егер сотталған адам белгіленген шектеулерді бұзса немесе білезікті зақымдауға тырысса, бұзушылық туралы белгі дереу түседі. Белгіленген тыйым салуларды бұзу, электрондық бақылау құралдарын қолданудан бас тарту немесе жабдықты бүлдіру анықталған кезде Пробация қызметі бас бостандығынан айыруға жазаның түрін өзгерту туралы мәселені қарау үшін материалдарды сотқа береді, - деді Төлеби аудандық пробация қызметінің бастығы Бауыржан Сарыпбеков. Сондай-ақ есепке алынған адамдарды қашықтықтан бақылау құралдары сотталғандардың қайта қылмыс жасау тәуекелдерін барынша азайтуға және пробация қызметінің бақылау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте білезіктер жыныстық тиіспеушілікке қатысты қылмыстар үшін сотталғандарға және жазаны өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға қолданылады. Қалған сотталғандар үшін мобильді құрылғыларда арнайы қосымшаны пайдалану көзделеді. Алдағы уақытта Пробация қызметінің есебінде тұрған барлық адамға электрондық бақылау құралдарын қолдану практикасын кеңейту жоспарлануда.