Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасы хабарлама жасады
Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасы хабарлама жасады
324
оқылды
Кейінгі кезде еліміздің жеке өңірлеріндегі кәсіпорындарында еңбек даулары жиілеп кетті. Осы орайда прокурор Бауыржан Мырзакеров әлеуметтік-экономикалық және кәсіптік талаптарды қанағаттандыру мақсатында қызметкерлер ереуіл жариялауға құқылы екенін айтты. Алайда ереуіл жарияламас бұрын алдымен татуластыру рәсімдері кезеңдерінен өту керек, әйтпесе ереуіл заңсыз деп танылады.
«Ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі 2015 жылғы 23 қарашада қабылданған Еңбек кодексімен реттеледі. Жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде қызметкерлердің қойған талаптарын қарауға және оларды шешу үшін шаралар қабылдауға міндетті. Оларды шешу мүмкін болмаған кезде өз шешімдері мен ұсыныстарын қызметкерлерге жеткізуі керек. Бұдан әрі дау татуластыру комиссиясында  шешілуі тиіс» - деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Бауыржан Мырзакеров.
Татуластыру комиссиясы дауды шешу процесіндегі қызметі жұмысшылармен, жұмыс берушімен және басқа да адамдармен консультация жүргізуге бағытталған. Бұл ретте тараптардың ешқайсысының татуластыру процесіне қатысудан жалтаруға құқығы жоқ.
«Татуластыру комиссиясы келісімге қол жеткізе алмаса, оның жұмысы тоқтатылады. Ал тараптар дауды шешу үшін әкімдік өкілдерін тарта отырып, еңбек төрелігін құрады. Еңбек төрелігінің шешімі жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей төрелік мүшелерінің даусымен қабылданады және орындау үшін міндетті болып табылады. Төрелік реттемеген мәселе бойынша сотқа жүгіну қажет» - деп атап өтті прокурор.
Жұмыс берушінің немесе прокурордың өтініші бойынша тиісті ережені сақтамай ереуіл өткізу сот шешімімен ғана заңсыз деп танылады.
«Бұл жағдайда сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға мәжбүрлегені және шақырғаны үшін 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауапкершілік көзделген» - деді Бауыржан Мырзакеров.
Прокурор азаматтарды қолданыстағы заң нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз ереуілдерге қатыспауға шақырды.