Елімізде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару көлемін 4 есе ұлғайту жоспарланып отыр. Премьер-Министр Әлихан Смайылов жер қатынастарын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізіп, онда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ғарыштық мониторингі арқылы бақылау қаралды.
Баяндама оқыған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазір «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ базасында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жасаудың жетілдірілген нұсқасын енгізу пысықталып жатқанын айтты. «Жер инспекторының кабинеті» жасалып, ол әр жерден алынған деректерді талдап, жер учаскесін ұтымсыз пайдалану белгілерін анықтауға, осындай фактілерге жедел жауап қайтаруға мүмкіндік бермек екен. Бұл платформа биыл жазда ғана іске қосылмақ.
«Мемлекеттік бақылау әдістерінің пысықталуын ескеріп, биыл мемлекетке қайтаруы тиіс пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданын өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге ұлғайту жоспарланды. 2021 жылы 1,3 миллион гектар қайтарылды, 2022 жылы кемінде 5 миллион гектар қайтару жоспарда бар», – дейді Қарашөкеев.
Министр ауыл шаруашылығы жерлерінің бәрін цифрландыру аяқталғаннан кейін ғарыштық мониторингтің тиімділігі жақсаратынын айтып отыр. Бұл процесті аяқтау 2024 жылға жоспарланған.