Мұхтар Құл-Мұхаммед: Кеосаянның мәлімдемесі – таза арандатушылық
Мұхтар Құл-Мұхаммед: Кеосаянның мәлімдемесі – таза арандатушылық
634
оқылды
Ресейлік журналистің Қазақстан жайлы айтқан сөздері қо­ғам­ның ашық қарсылығын тудырды. Сындарлы сәтте аран­дату­шы­ның ықпалына түскендер де, салқынқандылық таныт­қан­дар да бар. Осыған орай Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхам­мед­тің пі­кірін білдік. – Қоғамда Ресей журналисі Тигран Кеосаянның Қазақстанға қатысты айтқан пікірі қызу талқыланып жатыр. Сыртқы істер министрлігі журналистің Қазақстанға кіруіне тыйым салынуы мүмкін екенін айтты. Бұл екі ел арасындағы достыққа нұқсан келтіре ме? –Иә, Тигран Кеосаянның жасаған мәлімдемесі ресейлік қоғамның белгілі бір бөлігінің көзқарастарын көрсететін шығар, бірақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың рухы мен мазмұнына және мемлекет басшылары деңгейіндегі келісім­дерге сәйкес келмейді. Ол әскери шеруді өткізу туралы ұсынысын өз отандастары – армяндарға айтсын. Өйткені Арменияның астанасы Ереван қаласында дүниежүзі, адамзат тарихындағы ең қанқұйлы зұлым, нөмірі бірінші фашист, нацист Гитлердің қолшоқпары болған Гарегин Нждеге ескерткіш орнатылған. Ол Отанына жасаған опасыздығы үшін өмірінің соңы­на дейін түрмеде болған адам. Сондықтан Тигран неонацистерді бізден емес, өз Отанынан іздесін. Әскери шеруді де Ереванда өткізсін. Оның бұл мәлімдемесі – таза арандату­шылық. Сол себепті қазір аран­­датушының ықпалына түс­пей, барынша салқынқандылық танытуымыз керек. – Тигран Кеосаян жеңіс күніне орай Қазақстанның әскери шеру өткізбейтінін тілге тиек етті. Сіздің ойыңызша, әскери шеру ұйымдастырылуы керек пе? – Біз үшін Жеңіс күні – қасиетті мереке. Біз оны жыл сайын ешқандай шерусіз де атап өтеміз. Әскери шеруді өткізу қыруар қаржыны талап етеді. Қазақстан тәуелсіздік жылдары екі рет қана ауқымды әскери шеру өткізді: Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығында және еліміздің Қарулы Күштерінің 25 жылдығында. Сондықтан Жеңіс күні ардагерлерді құрметтеп,ұлы Жеңісті жас ұрпақтың жадында мәңгі сақтау үшін түрлі іс-шара өткізгеніміз дұрыс. – Мұндай арандатушылықтың тағы болмасы үшін Т.Кеосаянға қандай шара қолдану қажет? Оның жүргізетін бағдарламасын елімізде көрсетпегеніміз жөн бе? – Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта нақты шаралар қабылдайтыны анық. Бірақ оның бағдарламасын көрсету, көрсетпеу тек біздің қолымызда тұрған жоқ. Бірнеше республиканың заңын қамтитын жағдай. – Әңгімеңізге рақмет!