Ассамблеяның cессиясы жаңа форматта өтеді
Ассамблеяның cессиясы жаңа форматта өтеді
452
оқылды
Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңару кезеңін бастан кешіп жатыр. Жаңа бетбұрыс Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өтетін, «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» тақырыбын арқау ететін Ассамблеяның XXXI сессиясында айқындалмақ. Ұлы құрылтай аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына ҚХА атынан ұсынылатын депутатты сайлауға қатысып, дауыс берді. Дегенмен алда Ассамблеяның барлық депутаты Мәжілістен «шығып қалмақ». Қа­зақстан лидері жариялаған жаңа рефор­малар аясында ҚХА-ның Мәжіліс­тегі депутаттық тобы жойылады. Нақтылай кетсек, Президенттің Сенаттағы кво­та­сын 15-тен 10 депутатқа дейін азай­ту туралы шешім қабылданды. Оның бе­сеуін енді Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады. Ендеше ірі өзгерістер алда. Әзірге ҚХА өз атынан ұсынылатын Мәжіліс де­пу­татын сайлады. Президент дауыс бергеннен кейін депутаттыққа үміткерлердің сенімді өкілдерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Конституцияға өзгеріс енгізілетіндіктен, мұндай форматтағы сайлау соңғы рет өтіп жатқанын қаперге салды. – Бірақ біздің Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясының тиісті орындары сақталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Атап айтқанда, оның Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған Конституция­ға өзгерістер енгізу бастамасы аясында ҚХА депутаттық мандаттары Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, ассамблеялық депутаттар саны 9-дан 5-ке дейін қысқарады. Бұдан бұрын, 2022 жылғы 14 наурызда Ассамблеядан сайланған Мәжіліс депутаты Владимир Тохтасуновтың өкілеттігі мерзімінен бұрын доғарыл­ған-тын. Ал 11 сәуірдегі отырысында Орталық сайлау комиссиясы Мәжілістің шығып қалған депутатының орнына сайлауға ҚХА кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеді. Ассамблея кеңесінің шешімімен Мәжіліс депутаттығына 2 кандидат ұсынылды: біріншісі – Кузиев Закиржан Пирмухамедович, 1969 жылы туған, ұйғыр, «Универсал» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, Алматыда тұрады. Екіншісі – Тварионас Виталий Ионо, 1964 жылы туған, ұлты литвалық, «Викинг» мемлекеттік емес күзет құрылымы» ЖШС заңгері, Қарағанды қаласында тұрады. Қос үміткер де 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша өзі мен зайыбының активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды тапсырған, ОСК тексеруінен өткен. Ассамблея сайлау Тиісінше, кешегі сайлау кезінде сайлау бюллетеніне екеуінің аты-жөні енгізіледі. Ассамблея мүшелерінің дауыс беру қорытындысында ҚХА төрағасының экс-орынбасары Закиржан Кузиевтің жеңіп шыққаны белгілі болды. Оған депутат мандаты мен куәлігі табысталады. Кеше ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды. Мемлекет басшысының өкімдерімен Бекбаева Майя Төлегенқызы және Кузиев Закиржан Пирмухамедович Ассам­блея Төрағасының орынбасарлары қызметінен босатылды. Олар бұл лауазымға 2020 жылғы 11 қарашада келген еді. Олардың орнына Мемлекет басшысының өкімдерімен Наталья Григорьевна Дементьева және Тауфик Акрамович Каримов Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды. Наталья Григорьевнаның ұлты орыс, мемлекеттік тілде еркін сөйлейді, қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі, қазір Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі. Тауфик Акрамович – ұлты татар, 2017 жылдан бері «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның «Казпрофтранс» кәсіподақ ұйымы төрағасының кеңесшісі. Ассамблеяның бүгінгі XXXI сессиясы Жаңа Қазақстанның мұраттары мен құндылықтары төңірегінде ұлтты біріктіру тақырыбына арналады. Бұл Мемлекет басшысының қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін қойған міндет-мұраттарымен үндес және 16 наурыздағы Жолдауында белгіленген жүйелі өзгеріс­тердің үйлесімді жалғасы саналады. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясы бұрынғы сән-салтанаттан бас тартып, дәстүрлі концертсіз, жаңа форматта өткізілетін болады. Сессия ақсақалдардың, танымал тұлғалардың, шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің, рухани көшбасшылардың, қоғам қайраткерлерінің, ҚХА мүшелерінің, сондай-ақ халық арасында беделге ие болған жастар өкілдерімен «Құрылтай» форматында пікірталас алаңы ретінде өтеді.