Инфонарықта «импорттық» блогерлер
Инфонарықта «импорттық» блогерлер
© коллаж: Елдар Қаба
602
оқылды
Ресейге жан-жақтан салынған санкциялардың әсері блогерлерге қатты тиіп жатқанға ұқсайды. Олай дейтініміз, көрші елде Instagram желісі бұғат­тал­ғалы блогерлер мен эксперттер бізге көптеп ағылып жатыр. Бірі отандық бло­герлермен коллаборация жасап, курс әзірлесе, енді бірі қолдау қызметінің рө­лін атқарып, өнімдерін ұсынып жүр. Халықаралық төлем жүйелерінің де бұғат­та екенін ескерсек, табыс табу үшін олар қазақстандық әріптестерімен бе­рік байланыс орнатуға тырысып жатыр. Бұған дейін ресейлік блогерлердің кә­сібилік тұрғысынан біршама алда екенін мамандар айтып жүрген. Олай бол­са, отандық блоггиң саласына шапағатын тигізіп қалуы да мүмкін секілді. Мұн­дай тенденцияның қандай жағымды тұстары бар? Бізге тигізер зияны бар ма? Осы тақырыпты талдауға тырыстық.

Көршілер қолдау қызметін ұсынып жатыр ма?

Сөз басын нақты мысалдардан бастайық. Аудиториясы 1,7 миллионға жететін, 19 жас­тағы Мерей Әбілова (Instagram: abilovva_m) жақында жаңа курсын бастады. Қыздарға сәнді киіну, имидж қалыптастыруды үйрете­тін онлайн курсының атауы – Profashion. Блогерлер қазір инфобизнеске әбден үйреніп алғанын ескерсек, эксперт ретінде кіммен байланыс жасап, қалай әзірлесе де жарасады. Мысалы Мерей сұлулық жөнінде сарапшы қылып ресейлік Карина Нигайды (Instagram: karina_nigay) бекіткен. Келісім кезінде ұсы­ныс қай тараптан болғанын ол жерде болмаған соң біз нақты айта алмаймыз. Бірақ Қазақ­станға арнайы келіп, біздің блогерлермен танысып жүргеніне қарағанда көрші елдің fashion-блогері бізге «құда түскен» сыңайлы. Курста әдеттегідей бірнеше тариф бар. Бағасы 19 900 теңгеден бастап 54 900 теңгеге дейін. Құжаттарына көз салғанымызда, оператор ретінде Нигай Карина Витальевна ЖК мен Әбіл ЖК көрсетілген. Ал оферта шартын қарасақ, ресейлік тарап — орындаушы, қа­зақстандық тарап тапсырыс беруші екенін көре аламыз. Жалпы алғанда, ресейліктерден қолдау қызметін алу тәжірибесі кейінгі саяси жағдайдан бұрын да кездескен. Дегенмен енді бұл тәжірибе тіптен көбейетінге ұқсайды. Айтпақшы, блогердің өзімен тілдескіміз келіп, директорына хабарласқан едік. Дегенмен жауап ала алмадық. Неге олай деп отырмыз? Өйткені ресейлік блогерлердің басты табыс көзі Instagram желісі болып келді. Елде бұғатталғанымен, VPN арқылы ештеңе болмағандай әлі де парақшасын белсенді жүргізіп жатқандар жетерлік. Десе де, табыстың, аудиторияның азайғаны анық. Сондықтан көрші елдерге тәжірибе алмасу мақсатында өнім ұсынуы — заңдылық. Мәселен, 605 мың оқырманы бар әрі әнші, әрі блогер Damelya Sweet (Instagram: damelya_sw_) жақында Контент-BOSS онлайн курсының басталатынын жариялады. Курста блогердің өзінен бөлек бірнеше эксперт бар. Атап айтқанда, беларусьтық видео және фотоконтент маманы Илья Фатих, ресейлік контентмейкер Александр Полярский, қазақстандық SMM-маман Іңкәр Әбілдаева, отандық дизайнер Амалик Байғанышева курсты жасауға атсалысқан. Екі түрлі тариф бар, бағалары — 14 900 теңге және 19 900 теңге. Курс бағасы теңгеден бөлек, рубльмен де көрсетілген. Бұдан байқайты­нымыз – аудитория ауқымы ресейліктерді де қамтитыны. Жалпы алғанда, қазақстандық блогерлердің бүкіл ТМД елдерінен оқырманы бар. Сол себепті аса таңғалуға келмес.

Байкоттың керегі бар ма?

Ресейлік эксперттердің бізге келу тенден­циясына қатысты пікір де сан түрлі. Мысалы, Naiza Media коммуникациялық агенттігінің басшысы Назира Қайымова бұл бәсекені арттырып, сапаны жақсартады деген пікірде. «Ресейлік блогерлермен тікелей жұмыс істеп көрген жоқпыз. Дегенмен кейінгі кезде көп­те­ген іс-шараға қатысып, араласып жатқанын көріп жүрміз. Естуімше, дизайнерлер, про­дюсер сынды эксперттер қазақстандықтардың жұмысын алып жатыр. Сәйкесінше, тапсырыс берушілер ресейліктер жұмысты жақсырақ істейді деп соларға беріп жатса керек. Аталған тенденцияның жаман тұсы осы деп ойлаймын. Десек те, бұл бәсекелес орта қалыптастырады. Осының арқасында отандық мамандардың сапасы жақсарады деп ойлаймын. Ал енді геосаяси жағдайға байланысты ресейліктерге байкот жариялау жөн емес сияқты. Cancel culture, яғни қандай да бір қателік жасаған адамды қаралап, жан-жақтан шағымдану деген бар. Былай қарасаңыз, ресейлік бло­герлер соншалықты жаман нәрсе жасаған жоқ. Олардың әрқайсысының соғысқа қатысты позициясы да белгісіз. Сол себепті оқырмандарына оларға қарсы қою керек емес деп есептеймін», – дейді ол. Отандық эксперт Эльвира Ерғалина қа­зақстандық мамандар ақпаратты ағылшын ті­лінен тікелей алатындай деңгейге жетіп, орысшадан бас тартуына біраз уақыт керек дейді. «Әрине, «орысша контент тұтынбай­мыз» деп ұрандатуға болар еді. Дегенмен қа­зақы аудиторияда қамтылып жатқан ақпарат сол ресейліктерден алынады. Яғни, қазір бізде қай салада болсын басым бөлігі білімді ресей­лік­тер­ден алады, солардың на­рығына қа­рай­ды. Олар біздің жолбастау­шы­мыз секілді. Не­ге олай? Себебі бізде ағылшын тілін жетік бі­ле­тін­дер аз. Қызбалыққа салынып, ресей­лік­терге бай­кот жарияласақ, жаңарған ақ­парат­ты қай­дан аламыз? Ағылшыннан алу үшін ма­ман­дардың тіл үйренуіне уақыт керек бо­лады. Осындай ньюанс барын ескеру керек. Өз ойым, алдағы уақытта ағылшын тіліне басым­дық бере бастау қажет. Біздің эксперт­терге жағымсыз тұсы — бұрын ана жерден аударып, мы­наны әдемі сөзбен жеткізе салып, өнім ұсы­натын болса, қазір бәсеке күшейді. Ал тұ­тынатындарға жағымсыз тұсын айтар бол­сақ, егер ақпаратты орысша алса, ана тілінде болмағандықтан, оны сіңіріп, қабыл­дау үшін біраз қиналуы мүмкін. Бірақ бұл отандық эксперттерге — мүмкіндік. Клиентті сақтап қалу керек болады. Әрі фильтрден өтіп, діңгегі мық­тылар қалады», – дейді Ерғалина. Инфобизнес нарығына шекара қою да қиын. Өйткені онлайн ортада шектеудің бол­ғаны ойға қонымсыз. Дегенмен ресейлік экс­­­перттерге елге келіп өнімін ұсынып қана қой­май, алдағы уақытта аудармашылар тар­тып, қазақша ұсынатын болса, өте жақсы бастама болар еді. Оны да уақытында көре жатармыз.