Ержан Алаштуған: Күйреуік күй кешірер «әдебиетке» жаным қас
Ержан Алаштуған: Күйреуік күй кешірер «әдебиетке» жаным қас
1,592
оқылды
Ержан Алаштуған – мінезді ақын. Оны өлеңдерінен де байқауға болады. Оған өткен жылы «Жалғыз аспан» өлеңдер жинағы үшін «Алаш» сыйлығы берілді. Алаштуғанның есімі өлеңсүйер қауымға жақсы таныс. Айналасы да оны ерекше бағалайды. Рас, біраз уақыт оқырманнан жырақтап, қоғамдық ортадан тыс қалды. Оның себебі бар ма? Біздің ақынға қойған ең алғашқы сауалымыз да осы болды. – Ержан, ХХ ғасырдың 90-жыл­дары жарқ етіп көріндіңіз де, ұзақ уақыт оқырманнан «жа­сырын» қалып қойдыңыз. Шын мәнінде, біз сізді жоғалтып алдық. Жеке себебі болды ма? – Әдебиетке ерте араласып, ерте танылғаным рас. Құйындай құйқылжыған құбылмалы уа­қыт­та өз отыма өзім өртеніп кеткенім де рас. Желтоқсан көтерілісінің 10 жылдығына Алматыдағы Рес­публика алаңында әскери парад өткізуге қатысты биліктің ше­ші­міне наразылық танытқан топтың ұйымдастырушысы ретінде маған екі жыл шартты жаза белгілеу ту­ралы сот үкімі шыққаннан кейінгі өмірім шым-шытырыққа толы «туындыға» айналды. Аталған жағ­дайдың артынан Алланың жаз­ған жолынан ауытқуға да ұрындым, адам баласына тән тен­тіреулер мен пендәуи адасуларға да бой алдырдым. Жоғалып ке­туімнің себебі – осы... Бұл ба­қытсыз баянды ешқашан жасыр­ған да емеспін. Тағдырын таңдап алған ешкімді білмейді екенмін... – «Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған», – дейді Қадыр ақын. Қоғамнан біраз бө­лек­теніп қалуыңыздың сыры мі­незде жатқан жоқ па? – Мінезімнің мақтадай жұм­сақ, жібектей жайлы емесінен ха­бары бар адамдар кек сақта­майтын кешірімшіл қалпымды да білсе керек. Атқан таңмен, батқан күнмен таласып, Жаратқан Жап­пар Иемізден күнде кешірім сұ­рап жүріп, кімге өкпе артып, кім­ге кектенгендеймін?! Жалын­даған жастыққа жарасымды от мінез орта жолда орынсыздау көрініп, көп мінездің сүйкімсіз де сүреңсіз сипат алып, томпақтау табылар, тәкаппар танылар тұс­та­ры да аз емес. Еркіндік пен ер­ке­лікті шатастырмайтын шама-шарқымыз бар – бұл күні. Ор­дадан шеткері, ортадан тысқары жүретін жалқылығыма қарамас­тан, Тәңір туындысының қай-қайсысымен де тіл табысарлық табиғатым тағы бар. Ендеше мі­незге қатысты сұрақты күн тәрті­бінен алып тастаймыз, сірә. – Тіршілікте ақынның досы да, жауы да – өзі. Кейде бұл өлең әлемі тым жат, жабырқау көрінбей ме? – Жоқ, жабырқау көрінбейді. Бәлкім, бұл таза менің ғана көзқа­расым болар... Бірақ өзі де екіұдай ойларға омалып, еңірегенде етегі жасқа толып отырған оқырман­ның алдынан аңырап ақын шық­са, азынаған адам азан-қазан, у да шу қоғам, астан-кестен дүние болмай ма?! Өз басым жылауық һәм жылымық өлең атаулыны қабылдай алмаймын, күйреуік күй кешірер «әдебиетке» жаным қас! – Ақынның насихатшысы – өзі. Бұрын оқырман ақынын із­дейтін еді, қазір керісінше ақын оқырманын іздеп жүр. Аудиторияны табу қиын ба? – Қиын емес. Мүмкін қиын да шығар... Іздеп көрмеппін. Жал­қының жазған жырын жалпы жаратпаса, жазғыруға бола ма?! Өз елінде өгейлікпен өмірін өтке­ріп, өз қоғамына жат болған қа­ламгердің қарасы көп, баршаға мә­лім бұл – трагикомедия. Өле­ңім көпшіліктің көңілінен шық­паса, азшылықтың жанына жақ­паса, өз сөзім – өзімдікі, өз оба­лым – өзіме. Алғашқы ақын емес­піз, ақырғы да... – «Рух» тақырыбын жиі жа­засыз. Неге? – Табиғатыма жақын тақырып шығар. Тағдырымды жасаған да, сан сынақта сындырмаған да Рух қана, шынтуайтында. Өлтір­мей­тін де, өкіндірмейтін де – сол. Доспамбеттің дүр дүниесін дос тұтқан жанға тым түсінікті-ақ айт­пағым. Адамды аздырмай, затын адам етіп тұратын тұғыр­лары Ар, Үміт, Сенім ғой... Олар­дың да азығы – Рух жыры. Ата балаға, халық билікке, құл құда­йына сенуден қалып, үміт үзген кісі кісәпірленіп, «адамилаулар» арзандаудан да, азғындаудан да арланудан қалған қор заманда қоғамға қорек болар, рауан құяр басқа не бар?! – Әлем әдебиеті сіздің екінші тынысыңызды ашты. Әлем жазу­шыларының өмірі сізге жақын ба? Бұл бейтаныс әлем сізді неге қызықтырды? – Қазақ тілі мен әде­бие­тін тереңдетіп оқы­татын Республикалық мек­теп-интернаттағы ба­лалық шағымда да, Абай атындағы Алматы мем­лекеттік университетінде өткен студенттік кезде де шет мемлекеттер әде­биет­терінің үздік үлгілерімен орыс тілінде танысуға мәж­бүр болдым. Өзіміз бұған на­мыстанатын едік. Көркем ау­дармаға айрықша назар ау­даруымыз да сол кезде басталды. Менде «әлем әде­биеті» деген тү­сініктен гөрі «ұлттар әдебиеті» ұғымы таразы басын тартып кете береді. Сол ұлттар әдебиетіне кейінгі жыл­дары көп көңіл бөліп, 50 ұлттың 100-ден астам ақынының шы­ғармаларын ана тілі­мізге аудару бақыты маған бұ­йыр­ды. «Қазақ әдебиеті» апталығы «Алпауыт ақындар», «Жаһан жы­ры» ай­дарларымен біразын жа­риялап жүр. «Жұлдыз» журна­лының Нобель сыйлығын иелен­ген қаламгерлердің шығарма­шы­лығына арналған «Жұлдызды жамбы» айдары да теңдессіз поэтикалық туындыларға биыл жол ашып берді. Алла қаласа, «Жаһан жыры» атты 3 томдық антология да жарық көрмек. Қа­зақтың ұл-қызы Нишапури мен әл-Маариді, Вийон мен Мис­тральді, Сенгор мен Маррейді қазақша оқып жатса, күні ертең төл әдебиетімізге олжа салар оғландар адамзатқа ортақ қазы­наға айналған шаһқар шығар­маларға қанығып, өзгелерден оқ бойы озық тұрған шайырлардың бал бастауларынан қанып ішсе, ғажап емес пе?! Болашағына алаңдайтын дәулеттер көркем аударма ісін жіті қадағалайтыны соншалық, өзге тілден өз тілдеріне 100 кітап аударса, ұлттық әдебиеттерін бес-алты есе көп мөлшерде шет тілдеріне тәржімалап жатады. Біз де «әдеби импорт», «әдеби экс­порт» атты түсініктерді танып, көркем аударманың күңгірт келешегін реттеп, қаламгердің мәртебесі мен кітап шығару ісіне қатысты заңды шұғыл түрде қайта қарамасақ, мына мәселелерге жиынтығымен мемлекет арнайы айналыспаса, рухани экспан­сия­ның тұрақты нысанасы бола бер­мекпіз. Бойымызды сол сорақы күйге әбден үйретіп, қалыпты жағдай қабылдайтынымыздан қорқамын. – Олжас Сүлейменовті аудару екінің бірінің қолынан келмейді. Қадыр ақынның аудармаларын білеміз. Сіз де соңғы кездері аудар­мамен айналысып жүрсіз. «Рух, мазмұн, стиль сақталған» деп Ол­жас ақынның өзі риза болыпты. Олжасты таңдауыңыздың себебі бар ма? – «Бүкіләлемдік қазақ» атан­ған атамыздың шығармашылығы мен үшін телегей теңіз, ай, ақзер аспан секілді алып ұғым. Осынау шексіздіктің ана тіліміздегі сапалы аудармасын жасауға ниетім ауды. Бағзыдан жеткен баба жырдың жаңғырығы бөтен тілде жарқырап, мирасқор тілде жадау тартып тұрса, жаныңызға батпай ма?! Ұрпақтар игілігіне жарату үшін бар мұрасын аудара алсақ қой... – Кітап оқып қоймай, жинау­мен де айналысатын көрінесіз. Үйіңізде 124 мыңдай кітап қоры бар екен. Оның бәрін қай уақытта жинап үлгердіңіз? – Кітап жинауды бала күнім­нен ғадет қылып, ғұмырлық сері­гіме айналдырғанымды білетіндер қазақы қалыппен көбейтіңкіреп айтса керек. Қазір ондай қор жоқ қолымда. Ең қажетті 12 мың кі­тапты алып қалып, басқасын әр­түрлі оқу орнына, мекемелерге та­ратып бергенмін. Кітапханам­ның көп бөлігін өз ауданыма тар­ту еттім. Әу бастан атамыздан аз кітап қалмаған еді мұра болып. Мәдениет ошақтары жаппай жабылып, кітапханалар қаңырап қалғанда негізгі кітап қорын жинақтап алғанмын. Одан бөлек, бірнеше жыл бұрын бір белгілі қаламгер дүниеден озып, ұлы мен келіні 7 мыңнан астам кітабын қоқысқа шығарып тастағанда, түгелдей тасып әкеліп, шала ба­йып қалғаным бар-ды. Жақын­дарым да ұдайы кітап сыйлайды, бақытым шығар. – Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Айым БЕКТҰР