Не деген майшелпек?
Не деген майшелпек?
466
оқылды
Біздің елдің кейбір шенеуніктері ақ көңіл ғой, шіркін, ақ көңіл! «Ау?» десеңіз, «мә!» дей салады. Алақан жайсаңыз да бере салады. Көз қыссаңыз да бере салады. Сұ­ра­масаңыз да бере салады. «Беріңіз­ші?» деп құламасаңыз да бере салады. Неге бере салады екен? Өйт­кені, қалталарын қағып бере сал­майды. Мәселен, ауыздары өтірік жыбырлап тұратын әнші­лерге мем­лекеттің қаражатынан бере са­лады. Бюджеттен бөлінген ақшаны өз ақшаларындай көретіндер көп. Алады да, бере салады. Ол ақша қандай мақсатта келді, неге жұм­салуы керек еді, бас қатырып, ми ашытып, көз жүгіртіп, шырт тү­кіріп жатпайды. Бере салады. Сон­дай ақ көңілдер ғой. Ал, сол ақ көңіл­дің ар жағында «мен де май жалап қалайыншы?» деген қара көңіл жатса ше? – Осылай да, осылай, – деді бастық. – Қалай да қалай? – деп сұрады орынбасар. – Оқушы жастарға фестиваль ұйымдастырамыз. – Жақсы ғой, бірақ, қаражатты қайдан аламыз? – Балаларды тереңдедіп оқуға бөлінген қаражаттан жұмсаймыз. – Балалар саязданып оқып қалады ғой. –Терең су кешіп жүрсе болды. Жаз ғой. – Айтқаныңыз болсын. Ақтөбе облыстық білім беру басқармасы мен оның еншілес мекемесі «Ақтөбе-Дарын» аймақ­тық ғылыми-практикалық қосым­ша білім беру орталығы осындай мәмілеге келді. – Солай ғой? – Солай. – Оңай ғой? – Оңай. – Қатырамыз ғой? – Қатырамыз! – Күңкілдегендердің кемесін батырамыз ғой? – Батырамыз. – Жұмысты жапырамыз ғой? – Жапырамыз! Олар жұмысты «жапырды». Олар жұмысты «қатырды». –Тұрсынбек Қабатов келе жатыр! – Қуаныштымыз! – Фестивальде концерт қояды! – Тамаша! –деді облыстық білім беру басқармасының экс бастығы Ләззат Оразбаева. – Алты миллион теңге сұрайды екен. – Балаларға тереңдетіп оқуға бөлінген қаражаттан бере салайық! – Ия бере салайық! – Бере саламыз, бізге не тұрады? – Өз ақшамыз емес қой. – Үкімет кедейленіп қалмайды. Ләззәт оңаша отырған. Каби­нетіне орынбасары кірді. – Қабатов жалғыз келмейді екен. – Әйелімен бе? – Жоқ, елордадан екі әріптесі де келе жатыр. – Тоғыз жүз алпыс мың теңге бере салайық. – Ия, бере салайық! – Сөйте салайық! – Сөйтеміз! Бір айналып, ол тағы келді. – Мотивациялық спикер дегені болады екен. – Алты жүз мың бере салайық! – Қайрат Баекенов пен Гүлсім Мырзабекова деген әншілері бар. – Сегіз жүз қырық мың теңге бере салайық! – Бере салайық! – Сөйте салайық! – Сөйтміз! «Ақтөбе –Дарын» аймақтық ғылыми–практикалық қосымша білім беру орталығы байқауды ұйымдастыруға, немесе әлеуетті қызмет жеткізушілердің бірімен де келісім–шартқа отырмаған. Неге? Імммм... « Ninetу» тобына да сұраған ақшасын бере салған. Бір жарым миллион! Рахат. Бере салады. Фестивальге деп Алматыдан шақырылған режиссер 1,2 миллион теңгені, дыбыс операторы 360 мың, режиссер көмекшісі 360 мың, редактор 600 мың, монтаждаушы 360 мың, сценарист 456 мың, үйлестіруші 360 мың теңгені, жоспарлы жетекші дегені бір милоннан аса теңгені қалталарына басып, қарындарын тыр–тыр қасып, асып, тасып кете берген. Не деген майшелпек? Не деген көңілшектік, жалпақ шешейлік? Бере салады, әйтеуір. Өз қалтасынан болса, тас та бермес еді. Үкіметтің ақшасы ғой. Оны айтасыз, журналистер қызметіне бір жарым миллион теңге, фестиваль ән ұранына миллион теңге қаржы жұмсалып, айды алты бұрыш етіп, жұлдыз­дарды ағызып түсіргендей болған ғой. Әншілер Райм мен Артур дегендерің де бір жарым миллион теңгені санап тұрып, жүректері бір минөт тоқтап қалған. Қуанған­дарынан! Оразбаева мұнымен тоқтамай, қонақтардың ұшып–қонуы, қонақ үйлер мен, тамағына мың теңге, ой, кещіріңіз. төрт миллионнан аса ақшаны шаша салған. Пішту оған. Өз ақшасы емес қой. Үкіметтікі. Қарызға ақша сұраңызшы? Оразбаева мә береді сізге! Мереке күні қонақтар шөлдеп қалмасыншы деп су, көңілдері көтеріңкі жүрсінші деп сыйлықтар алып, миллионды тағы шаша салған. Сіз әшейін сыйлық сұрап барыңызшы, мә береді, Оразбаева. Ойбоой, Оразбаева ханым түлек­терді шығарып салу кешіне және оған шақырылған әнші Әбдіжаппар Әлқожаның өнерін тамашалау үшін 11миллион 554 мың теңге жұмсағанын қайтерсіз. Сұмдық адам ғой! Тарата береді, тарата береді, тарата береді, тарата береді, тара... тара...  

Әбді РАМАН