Бәлеқор блогер
Бәлеқор блогер
Тәуелсіз газеттің редакторы кабинетіне жасы жиырма тоғыздарға келген жігіт ағасы кірді. Кірді де, кібіртіктеп тұрып қалды. – Ия, құлағым сенде, – деді редактор. – Құлағыңызды қолыма ұстай қалдым. – Айта бер? – Жұмыс іздеп келіп едім. – Тілші болғың келеді ме? – Ия, любой тақырыпты жазамын. Тас шайнап, құм түкіремін. – Қандай жанрда жазасың? – Жанар менің әйелім. – Жоқ, жанр, жанр! – Жанр деген кісіні танымадым. – Журналистикада жанр деген болады, фельетон, сын мақала, публицистика. Жігіт ағасы желкесін қасыды. Шынында, ондай жанрлар барын бірінші рет естіп отыр. Мұрнының ұшына дейін терлеп кетті. – Аға, мен негізі тілшілік оқуды бітір­медім. Тума талантпын ғой. Түсімде ақ сақал­ды қария бата беріп, батамен қоса диплом беріп, «Сен бала супер тілші боласың!» – деген соң келіп тұрмын. Мен тек бастықтарды, әкімдерді, шенеуніктерді қорқытамын. Негізі, блогермін. – Қорқытамын де. – Әкімдер мені көрсе, «бәлеқор блогер келе жатыр!» деп қашып кетеді, тіпті кетпен таудан әрі асып кетеді. Егер мені жұмысқа алсаңыз, газетіңіздің беделі асқақтайды. – Жарайды, арыз жаз, жұмысқа қабылдану жөнінде. Бір апта сынақтан өтесің, –деген бас редактор оған бір парақ ұсынды. Қаламсабын алған ол қипақтап біраз отырды да, арызын жаза бастады. «Ұр, тоқпақ!» газитінің бос рыдакторы Смайыл Сәрсенбайұлына Арытұр Әпшубаевтан

Ырыз

Мені срочно газетке тіршілік қызға алуыңызды жалаймын». Арызды оқыған бас редактордың көздері көбіктеніп кеткендей болды. Блогерге суық қарады. – Мынауың не? – Арыз. – Арызыңда алты–жеті қате жүр ғой! Газит емес, газетінің деп жазу керек, Ат–жөнің шынымен Арытұр Әпшубаев па? – Жоқ, Артур. – Неменеге Арытұр деп жазасың? – Кешіріңіз, кемшіліксіз кісі болмайды. – Әпшубаевың не? – Ой, кешіріңіз, Әбішбаев. – Фамилияңды дұрыстап жаза алмай­тын сенен қандай журналист шығады? Сен сияқты көлденең көк аттылар қаптап кетті. Бәрінің тілші болғысы келеді. Бәрі даныш­пан! Мұғалім де тілші, архитектор да тілші, сылақшы да тілші. «Тіршілік қызға алуыңызды жалаймын» дегеніңді түсінсем, тісім түсіп қалсын! Немене жаламақшысың? Жігіт ағасы арызына үңіліп, ішінен күбірлеп оқыды да: – Кешіріңіз, тілшілік қызметке алуыңызды сұраймын деп жазғым келген, какая разница, сөз жұмбақты да шешіп жатады ғой... Жұмысқа алмасаңыз, өкінесіз. Мен деген тума талантпын, мен деген дарынмын! –деді. Деді де, арызын қалтасына салып, кабинеттен аяғын кердеңдей басып, шығып кетті. Ой, тоба, осындай дүмбілез тілшісымақтар да блогер атанып, тілші атанып, әкімдерден сұхбат алып жүр–ау! Блогер демекші, жоғарыдағы оқиғаның оған түк қатысы жоқ, есінеп отырып, есіме түсіп кеткені ғой, жақында шымкенттік бәлеқор блогер полицияның қолына түсті. Жыртылған жалауларды суретке, бейнеге түсіріп, сонысымен басшыларды бопсалап жүрген тілшісымақ, блогер Ғани Өмірәлі пара алып тұрған жерінде тұтқындалды. Журналистер ауылын шаңдатып жүрген тілші тілін тістеп отыр. Өзіне де сол керек!

Ратхұм МІРЕШ