Дін мен ділі өзгерек делінген дүнгендердің дені қоныстанған ауылдарда бүгінде мешіт имамдары мемлекеттік тілді жетік меңгеріп жатыр. Екі жыл бұрын мұнда «Тілдерді оқыту орталығы» құрылып, №47 орта мектептің базасында берекелі тірлік етуде. Қордай мен Сортөбе ауылдарында мемлекеттік тілді оқыту курстарын жүргізу үшін бес бірдей қазақ тілі пәнінің мұғалімі белгіленіп, өткен жылдың өзінде 572 адам мемлекеттік тілді меңгеріп шыққан. Ал 387 адам оқуын жалғастыруда. Оның ішінде 328-і мемлекеттік қызметші болса, 18-і – имам. Сондай-ақ ауыл тұрғындары арасында «Отбасында қазақ тілін бірге үйренейік!» сөздігі мен 56 түрлі оқулық таратылған. Бұдан бөлек ашық аспан астында тіл үйрену интерактивті курстары мен SOILE клубының жұмысы ұйымдастырылып, жыл соңына дейін 1000 тыңдаушыға қазақ тілін меңгерту жоспарлануда.
Дүнген ұлты көп қоныстанған Сортөбе, Масаншы, Ауқатты ауылдарында ұлттық қарым-қатынасты нығайтып, Қазақстан халқына деген сыйластықты арттыру мақсатында жыл басынан бері 10 басқосу өткізілген. Оған 8 462 адам тартылған. Жиындардың атауы мен айдары да ерек. Атап айтсақ, «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры», «Бірлігі жарасқан осындай елім бар», «Алғысым шексіз еліме», «Қазақстан – татулық пен бірліктің бастауы», «Елім менің» сияқты шаралар ынтымаққа үндеуде.
Қордай ауданы бойынша дүнген ұлтының өкілдері ең көп келетін мешіттердің саны 34 болса, Сортөбе ауылынан ашылған «Имамдар үйі» барлығының басын бір жерге үйіріп, татулық пен теңдіктің теңдессіз үлгісін көрсетіп отыр.
Дүнгендер арасында шетелдік діни оқу орындарында оқитын азаматтарды азайту мақсатында Масаншы ауылында «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығы да ашылған. Қазір орталықта 54 шәкірт білім алуда. Осы медресе түлектері күні ертең ұлт пен ұлыстарды Ислам дініне ұйыстырмақ.
Жалпы Қордай ауданы тұрғындарының әл-ауқатын артыруға бағытталған 35 миллиард теңгенің бүгінде игілігі көрінуде. Алпыс жыл көгілдір отын көрмеген ауылдарға газ құбыры жетіп, шеткі аймақтағы Қаракемер елді мекеніне дейін сұйық отынның қызығын көріп отыр. Ауыларалық жолдар тақтайдай тегіс болып, «Асарлатып үй салу» сияқты жобалар арқылы бұқара баспана бақытына кенелуде. Сондай-ақ ауызсу, мектеп, балабақша құрылысы жүйесін тауып, дәл қазір көпшілікті қуанышқа кенелтіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, ауыл халқының әлеуметі еселеп артқан.
Қордайлықтар еңбекқор да халық. Оған біз Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылына ат ізін салғанда көз жеткіздік. Бір кездері күріш өсірумен атағы алысқа кеткен елді мекенді жұртшылық әлі күнге «Рисполе» деп атайды. Мұнда бүгінде күріш егілмегенімен ауыл халқы диқаншылықтан қол үзбеген. Ерте көктемнен тіршіліктің тайқазанын қайнататын бәйтеректіктер қазір қызу жұмыс үстінде. Жерге көкөніс өнімдерін отырғызып, күздің ырыздығына мықтап кірісуде. Сондай қожалықтың бірі – «Нарынбек» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Лихарбай Дауровтың елдің есінде ерен еңбегі, жұрттың жадында жақсылығы қалған. Қария өмір жолында еңбектен қашпай жүгері, арпа, картоп, сарымсақ, жаңғақ, алма, қарақат, таңқурай өсіріп келген. Сондай-ақ сиыр, қой секілді төрт түліктің санын көбейтудің де тетігін тапқан. Бүгінде қарияның жолын немерелері жалғап жатыр.
Бәйтерек ауылы халқының басым бөлігі дүнгендер болғанымен тұрғындар мемлекеттік тілді ынтамен үйренуде. Бұған біз №45 негізгі мектепке аялдағанда көз жеткіздік. 1999 жылы «Асарлатып» салынған білім ошағы жергілікті жердің балаларын рухани, һәм қазақи нәрмен сусындатып жатыр.
– Соңғы кездері балаларын қазақ сыныптарына беруге ниетті ата-аналар көбейді. Бұл – жақсылықтың белгісі. Қазақ тілі сыныптарының барлығы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мамандарымыз да жеткілікті. Егер тұрғындар осы үрдісті жалғай берсе, бірнеше жылдың бедерінде ауыл халқын тұтастай қазақыландырып алуға болады, – дейді мектеп директоры Данияр Әлімбеков.
Негізі, бәйтеректік бұқараның ниеті түзу. Қазақстанды ата қонысы санап, ауылдан басқа жаққа көшуге құлықты емес.
– Қордай ауданынан басқа жерге көшуді еш ойламаппын. Кейінгі кезде ауылымыз жайқалып, аудан орталығына қатынау да жеңілдетілді. Жаңа медпункт, балабақша сияқты нысандар бой көтеруде. Бұл – мемлекетіміздің бізге деген қамқорлығы.
Ал ауылда жұмыс істеймін деген адамның екі қолына бір күрек табылады. Егістік даласындағы жұмыстан бөлек, түрлі кәсіппен де айналысуға болады. Өткен жылы дүнген ағайындар көршілес Шу ауданына барып көкөніс өнімдерін егіп келді. Бұл аудан ғана емес, адамдар арасындағы байланысты бекіте түсті. Биыл да көршілес аудандармен әріптестік және ағайындық байланыс орнатуға ниет танытып жатқан дүнгендер бар. Бұйыртса қазақ-дүнген жұмыла ауданды жайната береді деп сенемін, – дейді ауыл ақсақалы Санжур Машанло.
Жалпы, ауылдағы ағайын «Қордай қақтығысын» көп еске түсіре бергісі келмейді. Сол кезде біреу жақынынан айырылса, енді екіншісінің бауыры жараланған. Сондықтан қордайлықтар тек алдағы күнге үмітпен қарап, жарқын болашаққа қол созуда. Біз де бұқараның ниетін құп көріп, Алла бірліктерінен айырмасын деп тіледік.
Жамбыл облысы