Түркістан облысында күдікті ер адам әйелін кәмелетке толмаған балаларының көзінше өлтіріп тастады. Қазір балаларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Аймақтағы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық оқиға 29 сәуір күні түнгі сағат 02:45 шамасында болған. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері отбасылық жанжал кезінде әйел күйеуінің салған дене жарақаттарынан қайтыс болғанын анықтаған.
«Аталған жайт Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінде Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша тіркелді. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жолданды. Күдікті өзінің әрекетін мойындап, өкінішін білдіруде. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады. Күдікті ер азамат қамауға алынған» делінген хабарламада.
Сонымен қатар, күдікті деп танылған Ордабасы ауданының тұрғыны полиция бөлімінде ешқандай профилактикалық есепте тұрмағаны белгілі болды. Осы күнге дейін көршілерден немесе туыстарынан қандай да бір отбасылық жанжал туралы ешқандай арыз-шағым түспеген.
Әкімдік қызметкерлері мен полиция бөлімінің басшылығы жәбірленушінің туыстарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ерлі-зайыптылардың ата-аналары кәмелетке толмаған төрт баланы өз қамқорлықтарына алатынын айтып отыр. Полиция мен әкімдік тарапынан отбасына барлық қажетті көмек көрсету шаралары қатаң бақылауға алынды.