Назарбаев туралы деректі фильм түсірген журналист телеарна директоры болып тағайындалды
Назарбаев туралы деректі фильм түсірген журналист телеарна директоры болып тағайындалды
Айгүл Әділова. Фото: Берік Уәли/facebook.com
676
оқылды
"Хабар 24" телеарнасының директоры қызметіне Айгүл Әділова тағайындалды. Бұл туралы  агенттіктің басқарма төрағасы Берік Уәли хабарлады.
"Айгүл Нұрханқызы – елімізге белгілі тележурналист, тәжірибесі мол, жоғары білікті маман. Еңбек жолын Ақтөбеде бастап, «Рика ТВ», «Астана» телеарналарында, «Қазақстан» РТРК облыстық филиалында тілші, жаңалықтар жүргізушісі қызметтерін атқарды. Кейін «Евразия» бірінші арнасының» тілшісі, сараптамалық бағдарламалар редакторы, бірқатар тележобалардың жетекшісі ретінде танылды", – деп жазды Берік Уәли Facebook-те.
Айгүл Әділованың «Хабар» агенттігінде еңбек етіп келе жатқанына 7 жылдан асқан. Тілші, редактор, жүргізуші болып, жаңалықтар және сараптамалық хабарларға жетекшілік еткен. БАҚ саласындағы бірнеше республикалық байқаудың жеңімпазы атанған.
"Әріптесімізге жауапкершілігі мол жаңа қызметінде жемісті еңбек етіп, табысқа жетуіне тілектестік білдіреміз", – деп жазды агенттіктің басқарма төрағасы.
Еске салайық, 2020 жылғы 1 желтоқсанда «Хабар» телеарнасы Қазақстанның бұрынғы президенті туралы «Штрихи к портрету» деректі фильмін көрсетті. Фильм бірнеше сериядан тұрады және Нұрсұлтан Назарбаевтың эксклюзив сұхбаты негізінде жасалған. Авторы – журналист Айгүл Әділова.