Аманжол Әлтаев: Тілге құрмет – тал бесіктен
Аманжол Әлтаев: Тілге құрмет – тал бесіктен
831
оқылды
Мәжіліс депутаттары, тіл жанашырлары қатысқан елордадағы жаңа мектептің бірінде болған жиында қазақтілді мектепте орыс тілінде білім беретін сыныптар ашу мәселесі көтерілді. Өкініштісі, сол жиында билік өкілдеріне талабын ресми тілде жеткізіп, балаларының орыс тілінде оқуын құптап жүрген өзіміздің қаракөздеріміз ерекше көзге түсті. Туған тілін ұмытса да, руларына дейін жасырмай айтып отырғандар балаларының орыс тілінде білім алғанын қалайды. «Бұл біздің кінәміз» деп ана тілін білмегенін ар санамай, кінәліні сырттан іздегендермен кездесіп қайтқан Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевқа сауал тастадық. – Cоңғы кездері елімізде аралас мектептер көбейді. Тіпті, қазақ отбасылары бас болып орыс сыныптарын талап ете бастады. ХХ ғасырда ондай мектептердің болуы қалыпты жағдай еді. Жаңа ғасырда неге мұндай қажеттілік туып отыр? – Рас, соңғы жылдары елімізде аралас мектептер көбейіп келеді. Оның негізгі себебі ата-аналар қазақ тіліне шорқақ болуына байланысты баланы қазақша оқытуды қиынсынады. Өздері мемлекеттік тілді білмегеннен кейін ата-ана ретінде жауапкершілік алғысы келмейді. Бала бойындағы Отанды құрметтеу, тарихи және ұлттық сананың ашылуы, мемлекетшілдік секілді қасиеттер ана тілі арқылы қалыптасатынын ескермейді. Сондықтан да біз олардың ығына жығылып, аралас мектептердің көбеюіне жол бермеуіміз керек. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – ортақ парызымыз. – Баласын орыс мектебіне апарғысы келетіндердің дені – қазақ отбасылары. Олар орыс мектебінің білімін жоғары деп есептей ме? Не себепті? – Баласын орыс сыныбына бергісі келетіндер қазақ мектептерінде білім сапасы төмен деген ескі түсінік қалыптасқан. Шынында, бұл – жалған пікір. Қазір қазақ мектептерінің білім сапасы орыс мектептерінен кем емес. Халықаралық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда қазақ мектептеріндегі балалардың жоғары нәтиже көрсетуі – осыған дәлел. Сондықтан да бүгінгі қоғамда қазақ мектептеріне жаңаша көзқараспен қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын. – Қазір балалардың көбін YouTube тәрбиелеп жатыр. Қазақ контентінің болмауы да бұған әсер етіп жатқан жоқ па? Қалай ойлайсыз? –Ұрпақ бойына ұлық қасиет­терді қалыптастыру үшін оларға дұрыс тәрбие беруге мән беруіміз қажет. Әлеуметтік желідегі ақпарат тасқыны жас ұрпақтарымызды ұлттық тәрбиеден алыстатып барады. Ата-ананың «тәк-тәгі» емес, телефондағы TikTok тәрбиелеп жатыр. Соның кесірінен балаларымыз ұлттық тәрбие уызынан ажырап барады. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін телеарналардағы балаларға арналған бағдарламалардың сапасына мән беруіміз керек. Балаларға арналған қазақша арналарды көбейтуіміз керек. Арнайы кешенді бағдарламалар әзірленуі тиіс. Балаларға арналған анимациялық өнімдерді көбейту аса маңызды. Себебі бізде қазір балалар қызығып көретін сапалы қазақша контент жоқтың қасы. Интернет жүйесіндегі балаларға арналған қазақша контентті жөндемей болмайды. Жас ұрпағымыз – ұлт болашағы, мемлекет келешегі. Сондықтан да ел боламыз десек, бесігімізді түзейік! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР