Таяуда еліміздің «көміртегі бюджеті» бекітілмек. Оған сәйкес, Қазақстан атмосфераға шығаратын көмірқышқыл газының көлемін күрт азайтуға мәжбүр болады. Елді қуаттандыратын электр стансаларына, экономиканы ілгерілететін ірі кәсіпорындарға шектеу енгізіледі. Мұның бәрі Қазақстаннан қап-қара түтінімен, бұрқыраған күлімен ауаны да, айналаны да ластайтын көмірді тұтынуды елеулі кемітуді талап етеді. Сонда кезінде «қара алтын» деп дәріптелген, қазақ жерінде мол қоры бар көмірді қайтпекпіз?
Жерден шыққан қазына жердің өзіне зиян ба?
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жылға дейінгі «Көміртегі бюджетінің» жобасын жариялады. Айта кету керек, Қазақстанға 2021 жылы ауаға көмірқышқыл газының шамамен 180,7 миллион тоннасын шығаруға рұқсат етілген еді. Бірақ бүкіл әлем климаттың жылынуымен қызу күресіп жатыр. Бірқатар шетелдік ғылыми институттың зерттеуі көрсеткендей, Жер-Ана қызуының көтерілуіне адамзаттың көміртекті тым көп шығаруы да зор ықпал етеді. Климат қызған соң, әлемді алапат қуаңшылық жайлай бастады.
Жаһандық күреске үлесі әрі халықаралық міндеттемелері аясында қазақ елі де декарбонизация саясатын ұстануға бел буды және оны жүзеге асыруға кірісті. Осыған сәйкес, еліміздің 2022 жылға арналған көміртегі бюджеті – 177 976 919 тоннаны, 2023 жылы – 175 307 265 тоннаны, 2024 жылы – 172 677 656 тоннаны, ал 2025 жылы – 170 087 491 тонна көмірқышқыл газын құрауы тиіс. Бұл шектеу отандық стансалар мен зауыт-кәсіпорындарды төл өндірісін елеулі түрде азайтуға итермелеп отыр. Мұны компания басшыларының Үкіметке шағым-хаттарынан байқауға болады. Үкіметтің оларға жауабы біреу: халықаралық талап орындалуы шарт, әйтпесе Қазақстанға санкция енгізіледі. Ендеше көміртек бойынша лимитке сия алмаған бизнес нысандарына өзге компаниялардан немесе елдерден бос, басы артық «СО2 квотасын» сатып алу ғана қалады.
Әсіресе, көмір жағатын кәсіпорындарға қиын. Республикада өндірілетін бүкіл қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады, сол арқылы Үкімет елімізде электр энергиясының арзан тарифін қамтамасыз етеді. Алайда осыдан «былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынадының» кері келіп тұр. Бір жағынан, Қазақстан көмірдің аста-төк ресурсына ие, бірақ Ресейдің түрлі сылтау айтып, бұл шикізатымызды өз аумағы арқылы үлкен көлемде өткізбеуі кесірінен экспорт шектелді. Екінші жағынан, Қазақстанның өзі осынау осы отынын армансыз, еркін жаға алмайды: халықаралық шектеулердің құрсауы қысып барады.
Тұйықтан шығарар бірнеше жол бар: біріншіден, Ресейді айналып өтетін халықаралық дәліздер арқылы экспортты еселеп арттыру. Екіншіден, көмірді өңдеп, одан қосылған құны жоғары өнімдер алу. Мысалы, тас көмірді өнеркәсіптік ауқымда өңдеу нәтижесінде одан сирек металдар, шашыранды элементтер – ванадий, германий, галлий, молибден, мырыш, қорғасын алынады. Гидрогенизациялау арқылы көмірден сұйық отын жасау да перспективті саналады. Кокстелген көмір аса құнды ресурс, ары қарай ыдырату арқылы одан бензол, жеңіл майлар, толуол, нафталин, шайыр, жасанды графит, антрацен және басқа да өнімдер өндіріледі.
Көмірден ең кемі 400 өнім алуға болады
Әйтсе де, екінші жол мол инвестиция құюды, жаңа зауыт-фабрикалар салуды талап етеді, әрі біраз уақыт алады. Республикалық Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің мәліметінше, көмірді терең өңдеудің заманауи технологияларын игеру маңызды. Бұл Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады, көмір өнеркәсібін әртараптандырады, шикізат өндірісіне тәуелділіктен аулақтауға жол ашады және мемлекетке шикізатты сатқаннан мол пайда әкеледі.
Дегенмен қауымдастық басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында республикада көмір химиясы және коксты-химиялық өндіріс дамытылмағанына назар аудартты. Мысалы, 2020 жыл қорытындысында елде көмірден небәрі 3,7 млн тонна ғана кокс жасалған. Салыстыру үшін айтсақ, бұл – бір жыл ішінде өндірілген барлық көмірдің бар-жоғы 3,4 пайызы. Сонымен бірге соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан шетелден 4,5 млн тонн коксты импорттапты. Басқаша айтқанда, мемлекет көмірдің мол қорына ие болғанымен, отандық металлургиялық кәсіпорындар кокс тапшылығын тартып, оны сырттан қымбат бағаға тасуға мәжбүр. Қынжылтатыны сол, Николай Радостовецтің дерегінше, бұл мәселеде салмақты ілгерілеушілік жоқ. Үкімет көмір өндіруші шетелдік инвесторлардан көмірді қайта өңдеу саласын қарқынды дамытуды талап етпейді. Салдарынан республика көмір-химия өнімдерінің бірнеше түрін шығарумен ғана шектелді.
Мәселен, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның коксты-химия цехында арнайы кокс сыртында, тас көмірлі шайыр және кокс газы өндіріледі. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өзінің коксты-химия өндірісінде ұқсас өнімдерді алады. Сондай-ақ ол көмірден нафталин, пек, сольвент, аммоний сульфатын жасайды. Бұдан бөлек, 2020 жылы «Шұбаркөл Көмірдің» коксты-химия цехында белсендірілген көмірдің сынақтық партиясы алынды. Сонда кәсіпорынның жылына 1 мың тоннаға дейін осы тауар түрін өндіретіні айтылды. Әйткенмен, ел ішінде оның өнімі кең саудаға әзірге шыққан жоқ. Белсендірілген көмірді дәріханалар дәрі есебінде сататыны мәлім. Тек медицинада емес, ол сондай-ақ гидрометаллургия, алтын өндірісі, фосфат өнеркәсібі, суды тазартуда қолданылады. Қазақстан жыл сайын 7 мың тоннадан астам осындай көмір түрін тұтынады, белсендірілген көмір негізінен Ресейден, өзге елдерден әкелінеді.
«Көмірді шикізат күйінде сатқаннан, оны өңдеп, қосылған құны жоғары жаңа өнім түрлерін алу әлдеқайда тиімді. Мұндай өндіріс көмір өндіруші өзге компаниялар базасында да жолға қойылады деп жоспарланған. Жалпы, тас көмірді өңдеуден 400-ден астам түрлі өнім шығаруға болады. Олардың бағасы көмірдің өзінен 20-25 есе қымбат тұрады. Көмірден жаңа өнім түрлерін өндіру Қазақстанға жаһандық жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Осының арқасында елдің экспорттық әлеуеті ұлғаяды, өңдеу өнеркәсібі дамиды», – деді Н.Радостовец.
Қалай болғанда, «Бірыңғай Индустрияландыру картасының» таяуда өзектілендірілген нұсқасында 2022 жылы іске қосылатын 91 индустриялық жобаның арасында осы салаға қатысты жалғыз жоба бар. Ол – Шығыс Қазақстан облысындағы «ФИК «Алел» АҚ-ның «Көмір десорбциясы және электролизі цехының құрылысы». Көкентау ауылдық округі аумағындағы «Суздаль» кен орнында орналасатын зауыт жылына 550 мың тонна өнім шығармақ. Компания бұл жобаға 2 млрд 344 млн теңге инвестиция бағыттапты.
Түнек тоннель түбінен жарық көрінді
Көмір өңдеу саласының дамуы шабан болғандықтан, ел Үкіметі оның экспортын өрістетуді таңдады. Оның үстіне, Украинаға шапқыншылық жасаған Ресейге қарсы қатаң санкция саясатын күшейткен Батыс елдері көршінің газы мен мұнайын тұтынуды айтарлықтай азайтты. Нәтижесінде, әлемде баламалы отын ретінде көмірге сұраныс артты.
Н.Радостовецтің айтуынша, өткен жылдары Қазақстан Еуропадағы ірі нарықтарды жоғалтты. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, әлемде «жасыл» экономика, қоршаған ортаны қорғау, климаттың жылынуы секілді жаһандық күн тәртібі аясында көмір ысырылып, орнын «көгілдір отынға», бірінші кезекте ресейлік газға беруге тура келді. Екіншіден, отандық өндірушілердің өз өнімімен Ресей жері арқылы шетелге шығуы қиындады. Үшіншіден, сұраныс азайғандықтан, көмірдің әлемдік нарықтағы бағасы арзандады. Салдарынан Қазақстаннан алыс шетелге осы шикізатты тасу жартымды пайда әкелмейтін болды.
Қазір жағдай өзгерді. Сарапшылар Украинадағы соғыс аясында көмір бағасы жаңа рекорд орнатады деп болжайды. Өйткені Еуроодақтың реттеушісі бағаны құрықтауға құлық танытпады, демек бағалардың өсуі үшін өріс шектелмеген. 24 ақпанда Мәскеу Украинаға әскер кіргізіп, бомбалауды бастағанын жариялады, содан 2 наурызға дейінгі аралықта көмірдің 1 тоннасының бағасы бірнеше есе көтерілді. Наурызда жеткізілетін фьючерстік контрактілер бойынша Роттердамдағы хабта 1 тоннасы 430 доллардан сатыла бастады. Бұл – тарихи максимум. Әйтпесе, 2022 жылдың қаңтарында көмір 108 доллардан ғана саудаланған. Сәуірдегі фьючерс 435 долларға дейін шығандады.
Бұл ретте көмірді Ресей арқылы жеткізу мүмкін болмай қалды. Әрине, Еуропа Ресей жақтан келетін көмірге толық эмбарго енгізген жоқ. Алайда Батыс елдері және олардың серіктестері РФ теңіз порттарынан келетін кемелерге өз теңіз айлақтарына кіруге тыйым сала бастады. Олай болса, Қазақстанға Каспийдегі Ақтау порты арқылы Әзербайжанға, одан ары Еуропаға, Грузия арқылы Қара теңізге шығу қалады.
Energyprom сарапшылары «Қазақстан сыртқы нарықтарға көмір экспансиясын күшейтеді» деген байлам жасады. Отандық өндірушілер көмір экспортын биыл 1,5 есе ұлғайта алады. Елде көмір қоры жеткілікті, шетелге жөнелтілімнің артуы ішкі нарыққа нұқсан келтірмейтін көрінеді.
2022 жылғы қаңтар-наурыз айларында елімізде 31,1 млн тонна тасты көмір, лигнит және көмір концентраты өндірілген. Осылайша, өндіріс былтырғы ұқсас кезеңдегіден 7,4 пайызға артты. Соның ішінде тасты көмірдің үлесі – 28,4 млн тонна, лигнит (қоңыр көмір) – 1,6 млн тонна, көмір концентраты – 1,1 млн тонна. Бұларды сатудан жалпы сомасы 141 млрд теңге табыс түспек.
Өңірлер арасында ең үлкен енші дәстүрлі түрде Павлодар облысына тиесілі: 18,9 млн тонна көмір шығарды, былтырғы ұқсас мерзімнен 7,7 пайызға артық. Үштікке сондай-ақ Қарағанды облысы (9,6 млн) және ШҚО (2,3 млн тонна) кірді.
Ал 2021 жылы Қазақстанда 115,7 миллион тонна көмір өндірілді. Кейінгі жылдары өніміне сұраныс болмай, көмір өндірісі құлдырап кетті. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы – 118,5 млн, 2019 жылы – 115 млн, 2020 жылы 113,4 млн тоннасы шығарылды. Айталық, 90-жылдары бұл көрсеткіш 130 млн тоннадан жоғары болатын. Яғни, сала өсу орнына өше бастап еді. Егер әлемдік нарықта қалыптасқан ахуалды пайдалана алса, сала қайта түлеуі мүмкін.
Көршіден қияндағы серіктеске өткізген тиімді
2022 жылдың қаңтар-ақпанында республика 5,3 млн тонна көмірді экспортқа өткізіп, одан 120 млн доллар табыс тапты. Өткен жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда, түскен түсім бірден 2 есеге (!) өсті.
Оның басым бөлігін – 3,7 млн тоннасын 61,2 млн долларға ТМД елдері сатып алды. Негізгі импорттаушымыз – Ресей: 3,3 млн тоннасын өткіздік. Үштікке Қырғыз Республикасы мен Беларусь кіреді. Одақтастарымыз бұл шикізатты тым арзанға сатып алатыны байқалады. Кейбір сарапшы ресейлік импорттаушылар Шұбаркөл және Қаражыра көмірін арзанға алып, өзге елдерге қымбатқа реэкспорттайды деп жүр.
Салыстыра кетсек, алыс шетелге небәрі 1,6 млн тонна қазақстандық көмір 58,7 млн долларға өткізілген. Мәселен, Швейцария – 1,1 миллион тонна көмірімізді 28,6 миллион долларға, Польша – 194 мың тоннаны 10,5 миллионға, Кипр – 90,7 мың тоннаны 9,9 миллионға, Түркия – 53,6 мың тоннаны 3,6 миллионға, Ұлыбритания – 47,6 мың тоннаны 1 миллионға, Бельгия – 27 мың тоннаны 1,2 миллионға, Болгария 18,6 мың тоннаны 515,8 мың долларға сатып алыпты. Мұның сыртында Қазақстан өз көмірін Швецияға (9,8 мың тонна, 1,7 млн доллар), Қытайға (8,6 мың тонна, 1,4 млн доллар), Үндістанға (1,4 мың тонна, 55 мың (млн емес), Грузияға (646 мың тонна, 157,8 мың доллар) өткізді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, көмір қоры бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Мемлекеттік баланста 49 кен орны тіркелген, олардағы қор 33,6 млрд тоннаны құрайды, оның ішінде аса құнды тас көмір – 21,5 млрд тонна, күлі көп қоңыр көмір – 12,1 млрд тонна. Қазіргі өндіріс қарқыны сақталса, елдегі қор шамамен 290 жылға жетпек. Бұл – барланғаны ғана. Қазақ жерінің астында, терең қатпарларда басқа қорлары тұнып жатуы кәдік.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында көмір өндіруші кәсіпорындар шамамен 2,6 млрд тонна көмір өндірді: оның 600 млн тоннадан астамы жақын және алыс шетелге экспортталды. Былтырғы күзде спекулянттардың тірлігі кесірінен бұқара көмір сатып алуда біршама қиындық көргенімен, өндірілген көмір ішкі тұтынысты толық өтеген екен. 2021 жылы энергия өндіруші кәсіпорындар – электр стансалары, жылу-электр орталықтары 59,3 млн тонна көмір жақты, бұл 2020 жылғыдан небәрі 0,8 пайызға артық. Өнеркәсіптік кәсіпорындар, металлургиялық алыптар 6,8 млн тоннасын тұтынды (21,4% артық). Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге, қазандықтарға және үйінде пеш жағатын халыққа 10,7 млн тонна көмір жөнелтілді (2020 жылға қарағанда 0,9 пайыз артық).
Мәскеу соғыстан бас тартпаған соң, жаһан жұртшылығы ресейлік көмір мен газға балама іздеуін жалғастырды. Дүниежүзілік нарықтағы ұзақ жылғы пәрменді экспансия және демпинг нәтижесінде Ресей әлемдік көмір экспортының бестен бірін басыбайлы иеленіп үлгерген болатын. Енді ол шеттетіліп, майшелпек қайта бөліске салынып отыр. Қазақстан әбжіл қимылдап, ептілік танытып, содан сүбелі үлесін алса, игі.