5 маусымда республикалық референдум шеңберінде дауыс беруге қатысатын шетелдегі қазақстандықтар үшін 51 елде сайлау учаскелері құрылады. Бұл туралы орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, – деп жазады baribar.kz.
"Қазақстанның 51 шет мемлекеттегі өкілдігі жанынан учаскелер құрылады. Бұл учаскелердегі тізімге сайлау құқығы бар, шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді шетелдік іссапарда жүрген және Қазақстан азаматы екенін көрсететін төлқұжаттары бар барлық азамат енгізіледі", – деді Константин Петров орталық референдум комиссиясының отырысында.
Шет мемлекеттерге жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарларға кеткен қазақстандықтар учаскелік комиссияға жүгінсе, төлқұжаттары болса, тізімге енгізіледі.
"Сыртқы істер министрлігі шетелдердегі азаматтарымыздың тізіміне енгізу үшін Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан учаскелік комиссияларға көмек көрсетеді", – деді Константин Петров.