Қиыр Шығыстағы артиллерия құрамында шайқасқан Қайыр Хасенұлы Ұлы Жеңістің 77 көктемін қарсы алды, – деп хабарлайды «Хабар 24».
Жалпы, Павлодар облысынан қан майданға 46 мың азамат аттанған екен. Олардың тең жартысы соғыста қаза тапқан. Бүгінде көзі тірі 18 қарт майдангер бар.
Қайыр Хасенов соғысқа 1943 жылы аттанған. Ол кезде жасы 18-ге де толмапты. Ресейдің Красноярск қаласында дайындықтан өтіп, әскери өнердің қыр-сырын үйренеді. Украинаның біраз елді мекендерін фашистерден азат еткен ол Житомирді жаудан босатқанда ауыр жараланады. Ұлы Жеңісті майдан даласында қарсы алған Қайыр ата Забайкалье майданындағы Маньчжурья, Харбин қаласы үшін болған шайқасқа да қатысқан.
– Мен соғыста алтыншы армия, 204-ші дивизия, 312-ші полкта соғыста болдым. Мен соғысқан артиллерия гаубица ол 259-шы калибрі өте алысқа атады 10 км, ал жақын болса, жау онда 6 км дүрбімен қана көремін. Соғысты көбіне кешке жақын бастаймыз. Түні бойы атқылап, С -100 деген трактор ғана жүреді. Ауыр қару, оның бір оғының өзі 50 келі, - дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Қайыр Хасенов.
Соғыста бастан кешкен оқиғалары Қайыр атаның жадынан өшкен емес. Ардагердің естеліктерін тыңдап, бейбіт күннің оңайлықпен келмегенін ұғынамыз. Елге келгенде педагогикалық білім алып, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол атқарушы органдарда бірталай лауазымды қызметтерді атқарған. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ақсақал өткенге өкпем жоқ дейді. Ендігі арманы – елінің амандығы.
Бүгінде Ертіс-Баян өңірінде көзі тірі 18 ардагер қалды. Олардың алды 103 жасқа келсе, ең кішісі 94-те екен. Мерекенің құрметіне Павлодар облысының әкімдігі соғыс ардагерлеріне 2 миллион теңге көлемінде жәрдемақы тағайындады.