Кеше «Астана Опера» Камералық оркестрі VivaMozart Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Концерт залында халықты өнерімен тамсандырды. Концертке танымал жас скрипкашы Ақбике Алғи қатысып, оркестр дирижері Жандос Мұхамеди жетекшілігімен сазды әуенге толы кеш өтті.
Кеш шымылдығын В.А.Моцарттың «Серальден алып қашу» операсынан увертюра ашты. Негізі бұл шығарма концерт залдарында жиі шырқалатыны белгілі. Онда ұлы композитор кезеңінде кездескен шығыстық тақырыптарға жаппай еліктеушілік көрініс тауып: үшбұрыш, дағыра, литавра секілді соқпалы аспаптар кеңінен қолданылған.
В.А.Моцарттың аталған шығармалары «Астана Опера» Камералық оркестрінің орындауында әр кез ғажап естіледі.Өйткені кәсіби музыканттар опералық-балеттік спектакльдер мен гала-концерттердің ауқымды репертуарын орындап, жұртшылықты тамсандырып, симфониялық бағдарламаларды ұсынып жүр. Тыңдармандардың назарына композитордың ең танымал шығармаларының бірі – В.А.Моцарттың №40 симфониясы ұсынылады. Кешті Оркестр мен скрипкаға арналған №5 концерт, ля мажор KV 219 аяқтайды.
– Моцарттың туған жері Зальцбург қаласындағы «Моцартеум» университетінде білім алып жүргендіктен, мен осынау ұлы данышпан өмір сүрген және туындыларын дүниеге әкелген атмосфера мен рухты бойыма сіңірудемін. Бұл концертті орындауда үлкен қиындық көріп тұрған жоқпын. Орындау кезінде бірнеше міндетті ойда «ұстау» маңызды: В.А.Моцарттың ғана музыкасына тән стилистика, жарқын динамика, қуаттылық пен нәзік лирика. Оның шығармашылығын әр орындаушы өзінше түсінеді, содан да аталған концерттің көптеген интерпретациялары пайда болады. «Өз» Моцартымды естимін, сеземін және ойнаймын. Әлбетте, уақыт ағынына қарай қалыптасқан белгілі бір қағидалар бар, оларды елемеуге болмайды. Сондықтан да В.А.Моцарт көп қырлы. Оның музыкасы – бұл орындаушы мен композитордың оңашадағы әңгімесі. Бұл жан дүниені ақтару, – деп пікірімен бөлісті П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты Ақбике Алғи.
Бұдан бөлек, орындаушы Еуропада концерттер мен байқаулар біртіндеп қайта жанданып жатқанын айтты. Желтоқсанда Ақбике Алғи ҚазҰӨУ-дегі группаластарымен бірге Берлин филармониясы мен түріктің үлкен Анкара Концерт залы секілді Еуропаның үздік залдарында зор жетістікпен гастрольде болды. Зальцбургте Ақбикеге «Моцартеум» Үлкен концерт залында өнер көрсетуге керемет мүмкіндік туды.
https://www.youtube.com/watch?v=UZLp4rBe7GU