Елордада көпқабатты тұрғын үйдің 8-қабатынан құлағалы тұрған 3 жасар қызды құтқарып қалған ер адамға белсенділер несиесін жауып, үй алып бермекші. Бұл туралы белгілі блогер, журналист Дәулет Мұқаев Instagram-дағы парақшасына жазды.
"Бұл – 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев. Менің оқырманым екен. Өзі 4 баланың әкесі, Астанада құрылыста қара жұмыста істейді. Туған жері – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы. Қазір бала-шағасы, әйелі Қызылордада 14 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрады. Өз үйі жоқ. @batyr_bloger өз оқырмандарымен Сәбиттің 450 000 тг қарызын жауып бермек. Каспийде аресте тұр", – дейді Дәулет Мұқаев.
Сондай-ақ Дәулет Мұқаев айтқан Батыр есімді блогер де өз оқырмандарын қызды құтқарған жігіттің несиесін жауып беруге шақырды.
«Батырмен кездестім. Сәбит 15 күн бұрын ғана жұмыс іздеп астанаға келген. Келіншегі, бала-шағасы Қызылордада қалған. Төрт баласы бар. Басында баспанасы жоқ. Осында жігіттермен пәтер жалдап тұрып жатыр. Каспиім арестте дейді. 450 мың қарызы бар екен. Жинап береміз бе?», – деп жазды блогер.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі 3 жасар қызды құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевты марапаттағанын жазған болатынбыз.