– Сәбит – нағыз азамат! Оның ерлігі жайында Израильде жүргенімде естідім. Шынын айтсам, жігіттің көзсіз батылдығына ризамын. Соның арқасында 3 жасар бала аман қалды. Әйтпегенде, айырылып қалар едік. Сол себепті де оған пәтер сыйламақ болдым, – дейді Ғабит Сәтмағамбетов.
Жанашыр меценаттың бұл алғашқы көмегі емес. Ол бұған дейін де талай көпбалалы аналарға пәтер сыйлап, сырқат балалардың емін көтеріп алған болатын. Осы жолы да Ғабит Сәтмағамбетов бірінші болып, азаматтың ерлігіне алғысын білдірді. Аумағы 100 шаршы метрлі баспана «Рио-Де-Жанейро» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Ал оның жөндеу жұмыстарына қаражат көзін Dauletten қоры жинап беретін болды.
«Жағдайым жақсы. Жаңа ғана үш бөлмелі пәтер берген құрылыс компаниясының кеңсесінен құжаттарды толтырып шықтым. Маған көмектескен досыма да «екі бөлмелі пәтер беріледі» деді. Қазір құжаттарын дайындап жатыр», – деген Сәбит Шонтақбаев алғыс айтып, қолдау білдіріп жатқандарға алғысын білдірді.
Айтуынша, кішкентайдың анасы оған хабарласып, алғысын айтқан. Дереккөздер бойынша, сол күні қыздың анасы жұмысқа кетіп, кішкентайын інісінің қарауына қалдырған. Арасында ол көлігін жөндетуге шығып кеткенде кішкентай терезе алдындағы ойыншығын алмақ болып, тайып кеткен. Көршілерінің айтуынша, кішкентай қызды жалғыз анасы ғана тәрбиелеп отыр.