«Ауыл – ел бесігі»: сұрақ көп, жауап жоқ
«Ауыл – ел бесігі»: сұрақ көп, жауап жоқ
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
1,118
оқылды
2019-2021 жылдары ауылды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасына 206 млрд теңге бөлініп еді. Алайда миллиардтардың жұмсалуынан бөлек бағ­дар­ламаның құрылымына қатысты шикілік көп. Ұлттық экономика ми­нистр­лігі таратқан ресми мәлімет бойынша, өңірлік стандарттар жүйесіне ене­тін, ауыл халқы үшін өмір сүруге қолайлы (ыстық сумен қамтылған, интер­неті қолжетімді) 24 ауыл және аудан орталықтарында 32 елді мекен бар екен. Жобаға 6 316 ауылдық елді мекеннің ішінен 3,5 мың ауыл іріктелген. Оның ішін­де 1 173 тірек ауыл және 2 388 серіктес ел­ді мекендер. Алайда үш жыл ішінде бағ­дар­ламаның игілігін тек 665 ауыл ғана көр­ген, яғни 18 пайызында ғана ілгерілеу болған. Ал алдағы төрт жылда жобамен 2 870 ауыл қамтылмақ. Ойлап қарасақ, жо­баның әу бастағы мақсатының орын­дал­май қалу қаупі бар. Оның үстіне, Ұлт­тық эко­номика министрі Әлібек Қуан­тыров «2,6 мыңнан астам жоба жүзеге ас­ты» дейді. Ал ауылдарды аралаған депу­таттар министр­дің ақпаратына сенбейді. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Альберт Рау «Ауыл – ел бесігі» жобасы үш жылда 18 пайызға ғана орындалғанын, жобаның сапаға емес, санға ұмтылып отыр­ғанын сынады. Ал мәжілісмен Аманжан Жамалов ауылдардың біріне жағдай жасап, енді бірін назардан тыс қалдыру жайын қозғады. «30 жылда мемлекеттен қолдау көр­меген ауылдар бар. Республика бойынша 6 293 ауылдық елді мекен болса, оның 4 мыңы орталықтандырылған су құбырына қосылған. Ал екі мыңға жуық ауыл сусыз қалады деген сөз. «Ауыл – ел бесігі» жоба­сын­да бұл ауылдардың болашағы жоқ деп көрсетілген бе? Жобаға кірмесе, бұл ауыл­дар ешқашан ауызсуға қол жеткізбей ке­теді деген сөз ғой. Ал кейбір инфрақұры­лымы бар ауылдарға тағы да құрылыс салуға ақша бөліп отырмыз», – дейді депутат, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі Аманжан Жамалов. Қала мен ауылдың арасы алшақтап барады Ауыл мектептеріндегі білім сапасы да аса өзекті. 2018 жылғы зерттеудің нәтижесі бойынша қала мен ауыл арасындағы білімдегі алшақтық 1,5 жылдан 4 жылға дейінгі аралықты қамтып отыр. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық еліміздің батыс және оңтүстік облыстарында айтарлықтай байқалады. Бұл мәселе де «Ауыл – ел бесігі» жобасынан тыс қалған. Мәселен, 40 шақты ғана түтіні, 200-дей тұрғыны бар Шалғын ауылы – Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының шекарасында орналасқан шағын ғана ауыл. Шалғындағы тұрғындар үшін ең өзекті мәселе – мектеп. Апатты жағдайда тұр­ған ауыл мектебінің ғимараты су та­сымақ тұрмақ, жаңбыр жауса, кірпіші езі­ліп, қисая беретін. 9 жыл бойы солай тұр­ған ауылдағы негізгі мектеп биыл ақы­ры құлады. Тағы 25 үй суға кеткен. Тасқын су төрт түлікке де шығын келтірді. Малмен ғана жанын бағып, нәпақа тауып отырған шалғындықтар үшін қиын тиді. Қазір тұр­ғындар ауылға келіп, туыс-таныстарының үйін паналап күнелтіп жүр. Ал мектеп оқу­шылары ауыл клубында оқуын жалғас­тырып жатыр. Шалғындықтардың жанай­қайын кім ұғады? Неге шағын ауыл бағ­дарламаға енбеді? Бұлар – ауыл халқының көкейіндегі көп сұрақтың бірі ғана. Қызылорда облысы Қауық ауылындағы инфрақұрылымның жоқтығы да талай адамды көшірді. Қазір 7-ақ үй жан бағып отыр. «Ауылда жастарға қиын, олар жұмыс істеуі керек, оқуы керек. Ал үлкендер жағы қайда барамыз, кіндік кескен жерімізден жырақтап кеткіміз келмейді. Мал бағамыз. Басқа табыс көзі жоқ. Бір кездері көшкіміз келген, бірақ аз да болса малымыз бар. Сол малға жайлы болған соң кетпей отырмыз. Оның үстіне, жұмыс жоқ. Жұмыс болса, отырмаймыз ғой», – дейді Қауық ауы­лының тұрғыны Дәулет Иманбаев. Келесі – жұмыспен қамту мәселесі. Ауылдарда 180 мың адам жұмыссыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің дерегі бойынша, зейнетақы тө­лемеген және жұмысқа орналастырылмаған ауыл жастарының саны – 196 мың. Биыл оқу аяқталған соң олардың саны тағы 70 мыңға өсуі мүмкін. Ауыл тұрғындары ара­сында жүргізілген сауалнама көрсет­кен­дей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгеге жеткен. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады? Ал «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 37 мың жұмыс орны ашылмақ. Биыл 9 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жыртығымызды қан­шалықты жамайтынын өзіңіз бағамдап көріңіз. Шаруашылығы шалқып шыға келген ауылдар да аз. Сонымен, ауызсу, медицина, интернет, тіпті жайылымдық мәселесі де шешілмей тұр. Балабақшалардағы жан басына шаққандағы қаржыландыру да дұрыс жолға қойылмаған. Бұл жұмыс Білім және ғылым министрлігіне жүктелген, бірақ нәтижесі қайда? Ауылмен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналыссын Иә, жылдан-жылға ауыл халқы қала­ларға үдере көшіп жатыр. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашы­лы­ғында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, ел­дің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төне­тінін айтады. «Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәти­желері көрсеткендей, еңбекке қа­білетті халықтың 41 пайызы ауылдан қа­лаға көшуді қалайды. Әрине, урба­ни­зацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны бас­­қару керек қой. Жақын маңдағы ауыл­дардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қа­лаларымызда не болмақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасына жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Егер бізде осы стратегиялық маңызды мәселе бойын­ша дербес бағ­дар­ламалық құжат бол­маса, ауылды басым­дықпен қалай дамыта­мыз?», – дейді се­натор Ақылбек Күрішбаев. Депутат ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін Ұлттық экономика министр­лігінің қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді ұсынып отыр. Ұлт­тық экономика министрлігінің ауылдық елді мекендерді дамыту әлеуетін айқындау кезінде экономиканы емес, халықты жұ­мыспен қамтудың мәселесін емес, демо­гра­фияны бірінші орынға қоюына алып келді. Канада, Аустралия, Ресей және Беларусь сияқты аграрлық елдерде ауыл­дық жерлерді дамыту мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. Ал депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин «жобаны іске асыруда республикалық бюджеттен қандай да бір нысанға қаржы бөлінсе, ол қаржыны жергілікті билік өз­гертіп жібере алады, яғни алдын ала жос­пар­ланып, жо­ға­рыдан бекітілген жобалар өзгеріп кетеді» деп отыр. Жобаның қар­жылық бөлігін әзірлеудегі кемшілік­терден де туындаған. «Жобада ауыл тұрғындарының кірісін көбейту үшін қандай қолдау көрсетілетіні қарастырылмаған. Жұмыс орындарын ашпай немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын өндірістерді дамытпай, тек инфрақұрылым арқылы ауылды дамыту мүмкін емес. «Ауыл – ел бесігі» жобасын қай­та қарау керек. Қолданыстағы жоба ауыл мәселесін түпкілікті шешпейді. «Ауыл – ел бесігі» жобасында тұрғындарды тұ­рақты жұмыспен қамту мәселесі ескеріл­меген», – дейді Е.Жаңбыршин. Мемлекет мерейін асқақтату ауылдан басталады Экономист Хамза Оспанов егер ел азаматтарын ауылдастарымыздың ауылда қалып, олардың бәрін еңбек етуге ынта­ландырмасақ, ауыл жағдайы жадымыздан жат қала берсе, күні ертең жұмысқа жарам­ды адамдар мен ауылдардың өзі де жоқ болуы ғажап емес екенін айтады. «1 000 адамы бар ауылдың толық қал­пына келіп, тұрақты дамуына кем дегенде 5 млрд теңге қажет. Оны агробизнестің неше түрлі өндірістік нысанын салуға жұм­сап, олардың үлесін сол елді мекенде көп жыл тұрып, адал еңбек еткен азамат­тарына таратып беруге де болады. 2 000 сүтті сиыры бар заманауи ферма жылына кем дегенде 500 млн теңге таза пайда ала алады. Ал бұл дивиденд ретінде төленсе, қаншама адамға азық болатыны анық. Әрине, шекара маңында тұрған ауылдар­дың сақталып қалуын естен шығармауымыз керек», – дейді экономист. Қорытындысында жоба жетілдіруді қа­жет ететіні айдан анық. Жоғарыда кем­шін тұстарын тіздік. «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламасына бөлінетін бюджеттің жұмса­луында ашықтық, нақтылық қажет-ақ. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» демекші, ауылдағы ағайын қа­ла­ға жағдайдың жоғынан көшіп жатыр. Ауылды дамытуға бағытталған жоба толық зерттеліп барып қана жүзеге асса, бүгін­гідей шикі тұстарын тізуден жаңылып отыр­мас едік. Ауыл қаланың асыраушысы екенін ескерсек, еліміздегі бұғаусыз кеткен ба­ғаларды сол алыстағы ағайынды жұмыс­пен қамту арқылы жүгендей аламыз. Ал егер мемлекет мерейін өсіретін ауылдар сол күйі қала берсе, өркендейміз деу бос сөз.