Ұлттық қорды үнеммен жұмсаған ұтады
Ұлттық қорды үнеммен жұмсаған ұтады
505
оқылды
Ел Үкіметі 12 жыл бұрын «Ұлттық қордың активтері 2020 жылы 4 есе өсіп, 100 миллиард долларға жетеді!» деп сөз берді. Уәдесінде тұрмады. Екі жыл бұрын қор қаражатын жұмсау бірте-бірте азайтылатынын мәлімдеді. Ол уәдесін де орындамады. Осы бей­сенбіде Ұлттық қордан алынатын ке­піл­дендірілген трансферттің мөлшерін бекіткен жаңа заң өмірге жолдама алды, ол қор қаражатын шығындауды кеміту орнына тағы 1,6 триллион тең­геге арттырады. Сонымен бірге қор ак­тиві кино түсіру, спортты қолдау се­кіл­ді іс-шараларға бағытталып келгені сынға ұшырады. Норвегия қорының тырнағына тұрмады ма? 2010 жылғы 20 мамырда сол кездегі Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі тіпті консервативтік болжам жүзеге асқанның өзінде, тіпті мұнай бағасы бөшке-баррелі үшін 40-45 долларға дейін құлдыраса да, Қазақстанның Ұлттық қо­рының активі 2020 жылға қарай 100 миллиард доллардан асатынын жария етті. Сол кезде экономика ведомствосы Елбасының тапсыр­масымен, қор қаржыларын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатқан болатын. Өз Жолдауында Н.Назарбаев 2020 жылға дейін Ұлттық қордың активтері ЖІӨ-нің кем дегенде 30%-ына дейін жетіп, 90 млрд долларға дейін өсетінін хабарлаған еді. Тұңғыш Президент қордан жыл сайын тек 8 млрд доллар алу және оны индустрияландыру мақсатына ғана қолдану міндетін қойды. Билік бұл бағдардың өзгермегенін кейін бірнеше рет растады: мәселен, 2014 жылғы 16 сәуірде сол кездегі қорды басқаруға жауап­ты тұлға, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов: «Біз таяу апталарда Ұлттық қор мен Ұлттық банктің жиынтықты резервтері 100 млрд доллар белесін бағындырады деп күтіп отырмыз», – деді. Мұның бәрі, әрине бос сөз болып шықты, өмірде жүзеге аспады. Енді Смайылов Үкіметі «Ұлттық қордың активтері 2030 жы­лы 100 миллиард долларға жетеді» деген жаңа әрі алыс межені белгілеп отыр. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пір­матовтың айтуынша, биылғы сәуір айында Ұлттық қордың активтері кеміді және 52,4 млрд долларды ғана құрады. Наурызда 52,7 млрд доллар болған. Айтқандай, оған Ұлттық банктің алтын-валюталық резервтерін ($33,5 млрд) қосқанның өзінде 100 млрд межесіне жетпейді: қазір Қазақстанның жалпы халық­аралық резервтері 85,9 млрд доллар ғана. «Ұлттық банктің алтын-валюталық ак­тив­тері де жыл басынан бері 851 млн дол­ларға азайды. Өйткені теңге бағамын ұстап тұру үшін валюталық интервенция жүргізілді, сыртқы қарыз бойынша төлем жасалды», – деді Ғ.Пірматов. Оның айтуынша, респуб­ликалық бюджеттің 1,5 триллион теңге «жыр­тығын» жамау үшін биылғы 4 айда Ұлттық қордың 2,3 млрд доллар валюталық активтерін сатуға тура келген. «Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі арқасында жыл басынан бері қорға 2,1 трлн теңге түсім түсті. Былтырғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда, түсім 5 еседен астамға арт­ты», – деді Ұлттық банк төрағасы. Ғалымжан Пірматовтың дерегінше, Ұлттық қордың та­быстылығы көрсеткіші 2000 жылғы тамыз­да құрылғаннан бастап 2022 жылғы 30 сәуірге дейінгі аралықта небәрі 3,2%-ды құраған. Бірақ мұның өзі ең жоғарғы шек екен: соңғы 5 және 10 жылдағы табыстылық көрсеткіші тиісінше бар-жоғы 2,38% және 1,62% болған. Салыстыру үшін айтсақ, үлгі саналатын Норвегияның ұлттық әл-ауқат қоры біздің қор 22 жылда еңсере алмаған асуды 1 жылда бағындырды. Атап айтқанда, оның 2021 жылғы табысы 176,8 млрд долларға жетті. 2022 жылдың басында Норвегия қоры активтерінің құны 1 трлн 378 млрд долларды құрады. 2021 жылы оның табыстылығы 14,5% болды. Бұл инвестицияларының орта­ша көрсеткіші ғана. Әйтпесе, оның негізгі активі – қор нарығы портфелі 20,8% табыс­тылықты қамтамасыз еткен. Норвегияның Мемлекеттік зейнетақы қоры атауымен де белгілі ұлттық әл-ауқат қоры 1990 жылы ашылған. Оны Норвегия орталық банкінің бөлімшесі – Norges Bank Investment Management басқарады. Қорға қатысты кереғар қос сұрақ 2022 жылғы 12 мамырда Мемлекет бас­шысы Парламент қабылдаған «ҚР Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңына өзгеріс енгізу туралы» заңға және «Бюджет-2022»-нің нақтыланған нұсқасына қол қой­ды. Мұнай саласынан арқырап ағатын валю­та­лар қордаланатын Ұлттық қор «қара алтын» таусылған кезде өмір сүретін кейінгі ұрпақтар үшін құрылған-тын. Дегенмен жа­һандық дағдарыстарда, аса күрделі кезең­дерде қазіргі Қазақстанның экономикасын құтқару үшін де одан қаржы алу мүмкіндігі қалдырылды. Үкімет осы мүмкіндікті асыра пай­далануға тым әуес болып кеткені жасы­рын емес. Қоғам да, сарапшылар да әдетте «шенеу­ніктер Ұлттық қорға қол салса, тағдыршешті, шетін мәселелерді шешу үшін қажет болған шығар» деген ойға келеді. Алайда билікте­гілердің қор қаржысын көкейкесті емес ағымдағы шығыстарға да жұмсай беретіні анықталып отыр. Қор қаражатын босқа шашқаны үшін Үкімет Парламенттің жоғарғы палатасы басшысының сынына ұшырады. Оның айтуынша, шенеуніктерде тәртіп жетіспейді. Бірақ Сенат 5 мамырдағы отырысында «Ұлттық қордан 2022-2024 жыл­дарға арналған кепілдендірілген транс­ферт туралы» және «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдарына түзетулер енгізген заңдарды қабылдады. Заңнамалық түзетулер қордан респуб­ликалық бюджетке бұған дейін бекітілген 2,4 триллион кепілдендірілген трансферт сыр­тында, тағы 1,6 триллион теңге бөледі. Осы орайда ҰҚ трансферттерін шығындаудың кейбір орынсыз фактілері Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевқа жақпады. «Нақтылай кетсек, Ұлттық қордан алын­ған нысаналы трансферт қаржының есебінен бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін да­мытуға 1,7 миллиард теңге беріліпті, алайда осы соманың жартысына жуығы игерілмеген. Сондай-ақ ҰҚ қаражатынан ұлттық фильм­дерді қолдауға және ілгерілетуге қосымша 3,3 миллиард теңге бағытталған. Оның тек 34%-ы пайдаланылған. Бірінші сұрақ: бұ­ларға неге бөлінген? Екінші сұрақ: берген екен, неге пайдаланбаған?» – деген М.Әшім­баев мұндай мысалдар жетіп ар­тылатынын қосты. «Ағымдағы шығыстарға онсыз да азайып бара жатқан Ұлттық қор қаржысын жұмсау қаншалықты дұрыс? Ұлттық киноны іл­герілеткен жөн шығар. Бірақ оларды қордың емес, бюджеттің есебінен қаржыландыру керек. Ұлттық қор қаражаттарын шығындау­да біздің бәрімізге тәртіп қажет-ақ. Ереже бар, қажет болса, оны қатайтайық. Бұл мә­селеде нақты және ойластырылған ұстаным болғаны абзал», – деді Сенат басшысы. Қор кімдерді құтқарып келген? Үкіметтің 2021 жылғы 31 тамызда бекі­тілген №582 қаулысына сәйкес, Министрлер кабинеті Ұлттық қордан республикалық бюджетке бағытталатын кепілдендірілген трансферттің мөлшерін кезең-кезеңмен төмендетуге, сөйтіп 2022 жылы одан – 2,4 трлн, 2023 жылы – 2,2 трлн, ал 2024 жылы 2 трлн теңге ғана алуға уәде етті. Экономист, EMCG консалтинг компа­ния­сының басқарушы серіктесі Қасымхан Қаппаровтың түсіндіруінше, бұл нысаналы трансферттерді қанша көлемде әрі қайда жұмсау керектігі еш жерде нақты жазылмаған. «Бұл – Ұлттық қордың ең нашар рет­телетін бөлігі. Үкімет құрылымдық рефор­ма­лар жүргізу орнына дағдарыстың «өрт ошақ­тарын» қор қаражатымен сөндіруге жаман үйренген. Неге бұл жаман? Себебі Үкіметтің кез келген дағдарысты жайтқа берер жауабы біреу ғана: тиісті ақшаны бөліп, проблеманы «жылы жаба» салады. Бұл түйткілдің түйінін тарқатпайды, тек оны кейінге ысырады, күрделендіреді. Мысалы, 2008 жылдан бері банк секторында жалғасып жатқан күйзеліс Ұлттық қорды шығындауға әуестенудің нәтижесі. Ол болмағанда БТА банк банкрот болып, іс сонымен тынатын еді. Оның орнына Үкімет қордан банктерді құтқаруға миллиардтаған доллар жұмсады. БТА-ны «Қазкомға» сатып алуға тура келді. Мемлекет банктердің жаман кредиттерінің портфелін тұрақтандыруға қосымша қаржы бөлді. Бұл да көмектеспеген соң Ұлттық банкке коммерциялық банктердің стресті активтерін сатып алуға тура келді», – дейді сарапшы. Шынында, ел қаржысын талан-тараж еткен банктерді банкроттықтан құтқару үшін Үкімет біраз қаржы жұмсады. 2008 жылы ол БТА банкінің 75,1% үлесін сатып алды. 2014 жылы БТА-ның барлық проблемалық кредитін Қазкоммерцбанк сатып алды. Алайда бірер жыл өткенде енді Қазкомның өзін құтқару қажет болды. Үкімет оған 2016 жылы 400 миллиард теңге алғашқы траншты, 2017 жылдың ақпанында тағы 200 млрд теңге көмек бөлді. Ақыр соңында бұл банкті «улы кредиттерден» арылту үшін Министрлер кабинеті 2,4 трлн теңге бағыттады. Бертінде «Халық банкі» «Самұрық-Қазына» мен Кеңес Рақышевтен Қазком акцияларын небәрі 1 теңгеден сатып алды. Ұлттық қор қаржыларын ұлттық ком­паниялар да, дәрменсіз жағдайға жетіп, тарап тынған «ҚазАгро» да, «Самұрық-Қазына» қоры да белсенді пайдаланып келді. Олар ҰҚ есебінен өз жарғылық капиталдарын арттырды, төл облигацияларын кері сатып алды, қарызын жапты. Ақпарат құралдарында жария етілгендей, 2016 жылғы 31 наурызда «Самұрық-Қазына» еншілес ұйымы – Жыл­жы­майтын мүлік қоры арқылы «Жасыл квар­тал» әкімшілік-тұрғын үй кешенін салуға қордың 29 млрд теңгесін алыпты. Ал 27 мамырда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында коммерциялық баспана құрылысы үшін оған 97 млрд теңге бөлінді. Есеп комитеті Ұлттық қор қаражаттарын пай­далануда көптеген бұзушылық жіберіл­генін әшкерелеп жүр. Мәселен, қорды «емгендердің» бірі – «Бәйтерек» холдингі, Есеп комитетінің байламынша, «Нұрлы жол» бағдарламасын және Өңірлерді 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін қордан алған қаржылар бойынша тиісті есеп жүргізбеген. Еншілес компания­ларына ағып кеткен ақшалардың кейінгі тағдыры бақыланбаған. 2014-2015 жылдары «Бәйтерек девелопмент» еншілес компа­ниясына EXPO-2017 аумағында нысандар салу үшін берілген 31,1 млрд теңге 23 ай банк депозитінде ұсталған. Депозиттен түскен сыйақыны ұлттық компаниялар білгенінше жұмсаған. Есеп комитеті тек «Бәйтеректің» өзінде 32,8 млрд теңгенің талан-тараж бол­ғанын анықтады. Қаржы министрлігі «Қазақстанның Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы 2021 жылғы есебін» қоғам назарына ұсынып отыр. Құжатта көр­сетілгендей, 2021 жылдың басында, 1 қаң­тарда қорда 28 трлн 213,4 млрд теңге актив болған. Ал жыл соңында, 31 желтоқсанда содан 28 трлн 15 млрд теңге ғана қалды. Бұл ретте былтыр мұнай секторының ұйымдары тікелей салықтар түрінде қорға 2 трлн 605,1 млрд теңге аударды. Тағы 76,8 млрд теңге әкімшілік айыппұл, өсімпұл, санк­ция түрінде өндіріп алынды. Республи­калық меншікті жекешелендіруден түскен 10,2 млрд теңге, квазимемлекеттік сектор активтерін бәсекелі ортаға беруден түскен 10,6 млрд теңге, ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жер учаскелерін сатудан түскен 224,7 млн теңге де Ұлттық қорға құйылды. Қор былтыр инвестициялаудан 1 трлн 667 млрд теңге пайда тауыпты, бірақ оның 632,2 миллиард теңгесі – ұлттық валютаның құн­сыздануы нәтижесінде шетелдік валютамен арасындағы оң айырма. Демек, оны қоспа­ғанда, табыстылығы шынымен де мардым­сыз. Сонымен, бір мезгілде Ұлттық қор қара­жатын жұмсау артып кетті. Қаржы министр­лігінің дерегінше, қордан 2010 жылы 1,2 трлн теңге трансферт алыныпты. 2015 жылы бұл көлем екі есе өсіп, 2 трлн 468 млрд теңге болды. 2017 жылы – 4 трлн 421 млрд теңге, 2020 жылы – 4 трлн 785 млрд, ал 2021 жылы 4 трлн 519 млрд теңге шығындал­ды. Биылғы шығысы да осыған шамалас. Ұлттық қор трансферттерін 2 триллионға төмендету жоспары алыстап бара жатқандай.