Семей қаласында Балалар жылына орай биыл 3000-ға жуық іс-шара өткізу жоспарланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай Семейде балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға және денсаулығын нығайтуға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожинаның айтуынша, Семейде 48 622 бала бар. Осы жылы балаларға арналған әртүрлі деңгейдегі 3 000-ға жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
– Жыл басынан бері 285 іс-шара ұйымдастырылды. Оқушылар мұражайлар мен театрларға тегін барып, республикалық байқауларға қатысуда. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған фестивальдер өтеді, – деді Назерке Аққожина.
Оның айтуынша, үйде оқитын балалардың бос уақытын ұйымдастыруға волонтерді тарту бойынша «Мен сенің досыңмын» өңірлік акциясы қолға алынған. Сондай-ақ болашақ блогерлер, журналистер, дизайнерлер, ақындар, әншілер, еріктілер, жол жүру инспекторлары арасында конкурстар өткізу көзделіп отыр. «Бұл жыл конкурс, фестивальдермен шектелмейді. Қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау бойынша іс-шаралар да жоспарланды. Жақында Семейдегі мәдениет саласының қызметкерлері жедел отаны қажет ететін кішкентай семейлік балаға қаржылай көмектесті», – деді Назерке Аққожина.