Лифтіде соққыға жығылған әйел бар шындықты өзі айтып берді
Лифтіде соққыға жығылған әйел бар шындықты өзі айтып берді
фото: nege.kz
808
оқылды
Елордада лифт ішінде әйелін соққыға жыққан азаматтың әрекеті қоғамда резонанс тудырды. Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі ұзақ уақыттан бері зорлық-зомбылық көрсетеді. Ауыр соққы мен тепкіден әйелдің төрт жерден сүйегі сынып, миы шайқалған. 
«Қазір жағдайым бірқалыпты. Шымкентте ата-анамның үйінде тұрып жатырмын. Елнұр Байметовпен 2018 жылы отау құрдық, алғашында бәрі жақсы болған. Кейін күйеуім ішіп алып ұратынды шығарды. Наурыз айынан бері сот менің арызымды дұрыс қабылдамады. Сондықтан белгілі адвокаттан көмек сұрауыма тура келді», – дейді Аружан Байметова nege.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатта. «Көп жағдайға жанжалға шектен тыс қызғаныш себеп болады екен. Тіпті, соңғы кезде өз туысқандарынан да қызғануды шығарды», – дейді Аружан. Желіде тараған видеоға да сондай жағдай себеп болыпты.
Лифт ішінде әйелін соққыға жыққан ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107, яғни, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жігіттің өзі бостандықта екен. Оны ешқайда кетпеу туралы  қолхатпен жіберген. «Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді» деген тәртіп сақшылары сөзін қысқа қайырды. Ал жолдасынан зәбір көрген Аружан Байметова жақын күндері заңды түрде ажыраспақшы.
«Күйеуім бір үйдің еркесі. Өзінен кейін жалғыз қарындасы бар. Кішкентайынан бетінен қақпай өсірген болуы керек, ата-анасы да оған қарсы сөз айта алмайды. Оның әке-шешесі беделді қызметте істейді. Менің туыстарыма жәбір көрсетеді ме деп қорқамын. Мен әлі күйеуімнің тегіндемін. Менің негізі фамилиям – Жолдиярова. Ажырасқаннан кейін өз тегімді қайтармақпын. Сүйіп қосылғаннан кейін күйеуімнің тегін қабылдаған болатынмын», – дейді жәбірленуші Аружан Байметова.