«Қапал-Арасан» қайта қалпына келе ме?

«Қапал-Арасан» қайта қалпына келе ме?

Алматы облысының аумағында дертке дауа, жанға шипа болатын емдік қасиеті мол су көздері баршылық. Заманында ғарышкерлер ұшу сапарларынан оралғанда, шипалы суынан жандарына қуат алған алыстағы Алакөл көлдер жүйесіндегі Жалаңашкөлді айтпағанда, Жаркент өңірінде, Талдықорғанның маңайында, Қарадала аймағында, Қапал төңірегінде мұндай емдік қасиетті мол арасан сулары баршылық. Соның бірі әрі бірегейі кезінде атағы шартарапты шарлап, алыс-жақыннан дертіне дауа іздегендер сабылған, іргетасы 1847 жылы қаланып, содан бері мүмкіндігінше халықтың денсаулығын нығайтуға қызмет көрсетіп келген «Қапал-Арасан» шипажайының жұмысы тоқтағалы оншақты жыл болды. Заманында қазақтың біртуар тұлғаларының талайы осы емдеу орнында денсаулығын түзетіп, шабытты шығармашылықпен айналысқанын, елдік, мемлекет­тік мәселелер жөнінде ақылдас­қанын жақсы білеміз. Бұл жерде Шоқан Уәлиханов, Ілияс Жан­сүгіров және Дінмұхамед Қонаев сынды қазақты зиялылары дема­лып, ем-дом қабылдаған. Қонаев атамыз мүмкіндігіне сай жылына бір рет болса да осы шипажайға ат басын бұрып, жергілікті жұрт­пен жүздесіп, ем алып қайтқанын көзімен көргендер әлі күнге жыр қылып айтады. 1997 жылы еліміздегі бірнеше облыстар мен бірқатар аудандар тарқатылып, көршілес жатқан әкімшілік басқару аумақтарына қосылғанда, сол кездегі Талды­қорған облысының Ақсу ауданы­мен біріктірілген, өз бетінше шетін жатқан шекаралы аймақ­тағы көрікті де тарихты Қапал ауданында орналасқан Арасан ауылының атауы айтып тұрған­дай, қойнауы шипалы суға тұн­ған, көркі көз тартатын жерге орналасқан берекелі әрі мерекелі елді мекен болған. Қазір басынан бағы тайып, бір кездегі атақ-даңқынан айырылып, адамдар саны азайып, бірегей шипажайы тұралаған сұрқай тірлікті, көңіл­сіз ауылға айналды. «Қапал-Ара­сан» шипажайының шалқыған тірлігі де сол кезден бастап тоқы­ра­ған еді, ақыры араға жылдар са­лып барып, мүлде тоқтады. Жыл­дар бойы жекешеленді, май­лы, сайлы кезінде пысықайлар­дың қитұрқы әрекеті кесірінен қолдан-қолға өтті. Ақыры қарау­сыз қалып, қирай бастады. Осы­лайша ғасырлар тезіне шыдаған, кейінгі он шақты жылда қараусыз қалған демалыс орнының бүгінгі жағдайы жүрек ауыртады. Егер, тез арада қалпына келтіру жұмыс­тары қолға алынбаса, мүлде айырылып қаларымыз анық. «Шипажайдың жұмысы қай­нап жатқан кездері мұнда түрлі ресми шаралар мен салтанатты жиындар да ұйымдастырылатын. КСРО кезінде бұл санаторий одақ­тағы ең үздік бес емдеу-сауық­тыру орнының қатарында болыпты. Өз елімізді айтпағанда, сол кездердегі одақтас респуб­ликалардан да дертіне дауа із­деген­дер емделетін еді», – дейді арасандық ақсақал Қанат Қалым­беков. Бүгінде сексенге келген қария балаларының қасына Талды­қор­ғанға келгенімен, бірер күннен соң Арасанын аңсап, ауылға тартып отырады. «Қапал - Арасан» бальнео­климатикалық шипажайлар қатарына жатады. Теңіз деңгейі­нен 900 метр биіктікте, Талды­қорған қаласынан 110 шақырым қашықтықта, таулы аймақта орналасқан. Жалпы, Қапал өңірі, оның ішінде шипажай қоныс­танған Арасан ауылы орналасқан өңір табиғи минералды суларға және денсаулыққа пайдалы мик­ро­элементтерге аса бай. Көбінесе иммунитеті әлсіреген, жүрек, ас­қазан аурулары бар жандар осын­да келіп шипа тауып жата­тын. Жер астынан атқылап шығып жатқан минеральды су 35-45 гра­дус жылылықты көрсетеді. Қазір жанға шипа, дертке дауа болған шипажайдың қараусыз қалған ғимараттары қаңғыбастардың ме­ке­ні, айналасындағы бау-бақ қарау­сыз малдың жайылатын жері­не айналған. Ал шипалы суын кім көрінген өз қалау­ларын­ша пайдаланады. Сол жер­дегі тұрғындардың айтуына қара­ғанда, мұнда кірлерін шайып, кілемдерін жуатындар да бар. Соған сай адамдардың денсау­лығын түзетуге таптырмайтын шипалы су бүгінде тұрмыстық деңгейде ғана қолданылуда деп тұжырымдауға болады. 180 жыл­дық тарихы бар «Қапал-Арасан­ның» бүгінгі жағдайы кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Осыдан біраз бұрын облыс әкімі Ақсу ауданы жұртшы­лығымен жүздескенде, тұрғындар таласа көлденең тартқан мәселе­лер қатарында «Қапал-Арасан» шипажайына қатысты жағдай да көтерілді. Бұған дейін де бұрынғы әкімдердің, ел аралауға құмар сенаторлар мен мәжілісмендердің назарына мың мәрте ұсынылып, шешуін таппаған, дені дұрыс жауап та қайтарылмаған мәселені Бозымбаевтың шешуіне қатысты үміт те аз. Оның себебі жергілікті халық құрғақ уәдеден, шығарып салма жауаптан әбден түңілген. Сонда да соқыр үміттің жетегіне еріп, шеше алады-ау дегендерге арыз-армандарын айтып қалуға асығады. Алматы облысының әкімі жұртты мұқият тыңдағаннан кейін: «Қапал-Арасан» шипа­жайы­ның жұмысын қайта қал­пына келтіру керек. ХІХ ғасырда ашылған, содан бері елге қызмет еткен емдеу орнының атағы алыс­қа таралғанын жақсы біле­міз. Өкінішке қарай, шипжайдың бүгінгі жағдайы барлығымыздың жанымызға батады. Аудан әкімдігі тез арада шипажай орна­ласқан аумақты сатып алған компанияның басшылығымен байланыс орнатып, ғимараттарды қалпына келтіруге, емдеу ісін жолға қоюға мүмкін болған қол­дау­лардың барлығын көрсетсін. Қажет болса, инвестиция тарту және тағы басқа да мүмкіндік­тердің жолдарын қарастырыңдар. Қалай болғанда да, халықтың қалауы орындалуға тиісті», – деп қасында жүрген орынбасары мен аудан басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтқанының орындалу, орындалмауына уақыт төреші...

Болат АБАҒАН, Алматы облысы