Қағазда барлығы мінсіз, ал өмірде мүлде басқа көрініс. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда депутат Нұртөре Жүсіп айтты, – деп жазады inform.kz.
Қазіргі таңда өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қолдау мәселелері өткір тұр. Үкіметке, әсіресе, жастарды оқыту мен жұмысқа орналастыруға қатысты сұрақтар жеткілікті.
«Реформалардың нәтижесі салынатын қаржы мен адам ресурсына тәуелді, сондықтан кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігіне көп нәрсе байланысты. Енді елдегі ЖОО мен колледждерді бітірген, бір емес, қолдарында бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Жұмыс берушілердің сұранысы бір бөлек, білім беру жүйесінің оқу бағдарламасы бір бөлек.
Соның салдарынан жұмыссыз жүрген жас азаматтардың қатары толыға түсуде. 2021 жылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша оқу бітірген 168 000-нан астам адамның, 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. ЖОО түлектерінің 31 пайызы, колледж түлектерінің 33 пайызы жұмыс таппай сандалып жүр», – деді Нұртөре Жүсіп.
Өйткені жұмыссыздықпен күресу бағдарламалары тиісті нәтиже бермей отыр. Себебі, қаржының басым бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға жұмсалады. Бұл тәсіл мәселені шешпейді. Соңғы 5 жылда бір ғана «Еңбек» бағдарламасына 695 миллиард теңге бөлінген. Алайда нәтижесі белгісіз.