Тарихты кино тілінде сөйлету маңызды. Әлемде тарихын көркем тілмен кестелеп, сурет өнерімен бейнелеп, киноға айналдырған мемлекет өте көп. Оның мысалын да мыңдап жазуға болады. Соңғы жылдары қазақ киносы да тарихи туындыларға көбірек бет бұрып жүр. «Көшпенділер», «Қазақ хандығы», «Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Ұлы дала таңы» – осының бір дәлелі.
Рас, осыған дейін бірқатар тарихи фильм түсірілді.Тарихшылар да, тарихи фильм түсіріп жүрген режиссерлер де «тарихи жобалардан ақша аямау керек» деп санайды. Бұған дейінгі түсірілген фильмдердің бюджетіне көз жүгіртсеңіз, қаржының мол бөлінгенін байқауға болады. Оның мысалын «Көшпенділер» мен «Қазақ хандығы», «Томиристен» де анық байқайсың. Бұл жерде мәселе – тарихи фильмдердің бюджетіне ғана тіреліп тұрған жоқ. Біздегі ұлттық деңгейдегі ауқымды кино жобалардағы көзге бадырайып көрініп тұратын кемшіліктердің бір ұлттық деңгейдегі ауқымды кино жобалардағы көзге бадырайып көрініп тұратын кемшіліктердің бірі – асығыстық пен салғырттық. Мұны киносыншылар да, тарихшылар да жиі айтып жүр.
Кеңесші таңдағанда ғылыми еңбектеріне қараған дұрыс
«Қыз Жібек» фильмі неге шедеврге айналды? Өйткені оны түсіру үшін авторлар да, режиссер де ұзақ дайындық жасаған. Соның арқасында көркем фильмді кеңес кезінің өзінде 122 мемлекет сатып алған. Мұндай жетістікке тәуелсіздік алғалы бірде-бір фильм қол жеткізген жоқ. Неге? Себебі бізде ең алдымен тарихи туындылардың сценарийіне көрерменнің көңілі толмайды. Екіншіден, тарихи дәлдік жетіспейді. Әрі тарихи тұлғалардың көркем образы дұрыс шықпайды.
Тарихшы Гүлжауһар Көкебаева «Қазақ хандығын» көрген жоқпын. «Томиристі» қарадым, жақсы фильм, әрине тарихтан алшақтығы баршылық, бірақ ол ертерек кезеңге жататындықтан әрі көркем фильм болғандықтан, мұндай алшақтықты ақтауға болады. Ал «Қазақ хандығы» фильміне байланысты тарихи шындықтан алыс кеткені туралы мамандардың айтқанын оқыдым. Өзім тарихтың бұл кезеңімен кәсіби түрде айналыспаймын, бірақ елдің, мемлекеттің тарихына тікелей қатысы бар, аса маңызды тарихи оқиғаларды қанша көркемдесек те, ғылымнан тым алыс кетуге болмайды. Өйткені қарапайым шетелдіктердің басым бөлігі біздің тарихымыз туралы түсінікті фильмдерден алатынын ескеруіміз керек. Сондай-ақ фильмге кеңесші таңдағанда атағына емес, ғылыми еңбектеріне қараған дұрыс болар еді» деген пікірді айтады.
Кез келген тарихи фильмнің ең әуелі сценарийі жазылады. Оны кім жазады? Мәселе – осында. Түсірілетін фильмдердің сценарийін асықпай, аптықпай, толғанып жазып отыратын уақыт жоқ. Өйткені фильм қысқа уақыт ішінде түсіріліп бітуі керек. Сол себепті, режиссер өздері жазуға тырысады. Оны көркемдік кеңес қарайды. Тақырыбын, сценарийін бекітеді. Содан кейін ғана фильм өндіріске жіберіледі.
Заманы қиылыспайтын адамдар жүр
Кей киногерлер «келешек фильмнің нобайын түсіруші топтың айналасында ғана өздері көркемдік кеңес құрып, тығылып алып қарамай, көзі ашық мамандармен, зиялы қауыммен, қаламгерлермен санасса, түсірілер дүниенің сапасы да арта түсер еді» деген пікірді алға тартады.
Одан бөлек, тарихи фильмдерде ұраншылдық басым. «Біздің тарихымыз осындай болған» деп өтірік сценарий жазып, фильм түсіргенімізбен, оны өзімізден басқа ешкім көрмейтіні белгілі. Ең алдымен тарихи фильм көрерменге ой салуы керек. Мәселен, «Шыңғысхан» сериалын алайықшы. Қытайлар түсірді. Осы сериалды әлі күнге неге тапжылмай көреміз? Өйткені онда қазақ руларының тарихы, тұлғалардың аттары, сол заманның көрінісі барынша реалистік сипатта бейнеленген. Сол үшін де ол сериал көрерменге құнды.
Тарихшы Еркін Стамшалов «желісі тарихи демесең, көп факті сәйкес келмейтін фильм көп» дейді. Сондықтан тарихи фильмдерге тарихшы ретінде сын айтқанымыз дұрыс емес шығар деп отыр. «Өйткені заманы қиылыспайтын адамдар жүр. Доспамбет тағы басқалар. Тарихшылардың сыны деректі фильмдерге лайық қой. Көркем фильм деген тарих желісімен жасалатын авторлық шығарма», – дейді.
Жалпы алғанда, тарихи фильмдерге арқау боларлық құнды деректер жетерлік. Тарихтың қай кезеңін алып қарасақ та, мейлі ол ежелгі заман болсын немесе ортағасырлық дүние десек те, әр кезеңнен қызықты әрі тартысты оқиғаларды көптеп табуға болады. Ал шынайы тарихты бейнелеген көркем дүниелерді қанша қайталап көрсеңіз де, құнын жоймайды.
Тарихшы Сәбит Шілдебайға қандай тарихи фильмдер көргенін, ол фильмдерге көңілі толған-толмағанын білгіміз келіп, қоңырау шалған едік. «Тарихи фильмдердің барлығын дерлік көріп шықтым. «Қазақ хандығын» да, «Томирис» фильмін де көрдім. «Томирис» көркем туынды ретінде жақсы фильм деп айтуға болады. Бірақ ол сол замандағы сақтардың өмірі туралы тарихшылар ұсынған деректерден гөрі режиссердің қиялы негізінде түсірілген. Тарихи негізге көп сүйене бермейді. «Қазақ хандығына» келер болсақ, ол таза Ілияс Есенберлиннің трилогиясы негізінде түсірілгені көрініп тұр. Бір атап өтетін нәрсе, Есенберлиннің трилогиясы тарихи деректі шығарма ретінде жазылған. Сондықтан киноның жалпы желісі тарихи шындыққа жақын. Бірақ біздегі бір кемшілік, режиссерлер бірінші сценарий жазады. Содан кейін ғана тарихшыларға көрсетеді. Көп жағдайда фильм түсіріп болғаннан кейін хабарласады. Маған да екі рет, біріншісінде Жұмабек Тәшеновке, екіншісінде, Тұрар Рысқұлов туралы фильмге байланысты хабарласты. Екі жағдайда да солай болды. «Біз сценарийді жазып қойдық» дейді. Онда менен не сұрап отырғанын түсінбеймін. Өздерінің ішкі күдігін сейілту үшін хабарласатын сияқты. Режиссерлер көбіне әсірелеп, көркемдеп беруге әуес келеді», – дейді.
Кино – ұлттық құндылық
Қалай десек те, кино өнері – ұлтты дүниежүзілік руханият кеңістігіне шығаратын құндылықтың бірі. Мемлекет басшысы әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары екенін, алпауыт компаниялардың Азияға бет бұрып отырғанын текке айтқан жоқ. Қазақстан тарихын әлемге паш етудің жолы да осы. Сақ, Ғұн, Үйсін дәуірі, Алтын Орда, одан бөлек, хандарымыздың әрқайсысының жеке өмірі де бір-бір тарихи киноға арқау бола алады.
Күні кеше Қасым хан тағдыры да фильмге айналды. «Ұлы дала таңы» төңірегінде де сын пікір көп. Белгілі тарихшы Жақсылық Сәбитов баспасөзге берген пікірінде режиссердің кейбір фактіні бұрмалағанын айтқан екен. Ол тіпті кейбір оқиғалар шындыққа жанаспайды деп отыр. «Фильм кеңестік өлшем бойынша түсірілген. Супермен деген ұғым өткен ғасырдың 70-жылдарында қызықты еді. Қазір ондай дүниені көпшілік қабылдай бермейді. Қасым хан елді тиімді басқарған, әккі саясаткер болған» деген ойды айтып отыр. Фильмнің басы-қасында кеңесші ретінде тарихшы Берекет Кәрібаев жүрді. Өкінішке қарай, тарихшы біз қойған сауалға жауап бермеді.
Жалпы, тарихи фильмдерде ескерілетін дүние – әрбір детальға мән беру. Олай болмаса, тарихқа қиянат жасап аламыз. Сол себепті де, тарихи фильм түсіруде сол жылдарды зерттеген тарихшының пікірі де маңызды рөл атқаруы керек. Ал өнер бір адамның жекеменшігі емес, сондықтан тарихи фильм түсіргісі келетін режиссер қоғамның пікіріне де құлақ асуы тиіс. Әлем көрерменіне жол тартар фильмде шынайылық, дәлдік болмаса, оған мықты суреткерлер сценарий жазбаса, лента әбден пісіп-жетілмесе, онда ол кинотуындының мықты болмағаны. Мұндай олқылықтар түзелмей, сапалы кино түсіру туралы әңгіме айтудың өзі артық секілді.