Затаевич жайлы көп жазылды. “Қазақтың 1000 әні” еңбегінің маңызы мен тарихи орны туралы, оның ішіндегі әндер мен жеткізушілер жайлы бірқатар ғылыми әрі публистистикалық мақалалар бар. Сіңірген еңбегі де аз айтылған жоқ. Қазақ тілді ғаламтор кеңістігінде осылар жайлы мәлімет көп. Бірақ бір маңызды тұсы мүлдем айтылмайды десек те болады. Ол - ән мен күйді жазып алу үрдісі. Яғни, Затаевичтің жұмыс барысы жайлы. Бүгінгі жазбағымыз осыған арналады.
Мәлімет көзі ретінде Сәбит Мұқановтың естелік мақаласын алдық. Мақала 1958 жылы жарық көрген Затаевичке арналған жинақта басылған. Жинақта С. Мұқановтан бөлек, Ахмет Жұбанов пен Петр Аравин сынды көзкөргендердің бірқатар жазғандары берілген.
"1922 жыл. Ақпан айы", - деп бастайды әңгімесін Сәбең. Жиырма екі жастағы Мұқанов Орынбордағы жалпы қазақтық партия конференциясына бара жатыпты. Сәбең Ақмола губерниясының өкілі ретінде тіркелген. Петропавлдан шыққан делегация әрең дегенде сегіз күннен кейін пойызбен діттеген жеріне жетіпті. Қонақ үйге жайғақаннан кейін, жиын да басталады. Күнделікті таңнан кешке дейін конференция жұмысы.
Осындай күндердің бірінде, ештеңеге уақыт жетпей жүрген шақта, түскі ас кезінде асханада маған бір еуропалық жақындады — денесі мығым, иықтары кең, сүйекті жүзінде ірі, иілген мұрны бар, үлкен, шығыңқы көздерінің үстіне пенсне таққан адам. Үстінде әскери китель, ақ пима, көк шалбар, мойнында қара түсті жіңішке ешкі түбітінен тоқылған шарф бар еді.
— Сізбен танысуға бола ма? — деп сұрады ол.
— Әрине, болады,— деп орнымнан тұрып жауап бердім.
— Отырыңыз,— деді ол қолын ұсынып.— Затаевич, композитор, бәлкім естіген шығарсыз? — деп қасына отырып, мені де отырғызды.
— Жоқ, естімеппін,— деп басымды шайқап, иығымды көтердім. «Бұл қандай адам екен?» — деп ойладым.
— Енді біртіндеп білесіз,— деді ол қалың қастарын түйіп, маған жымиып қарап.— Сіз әнші деп естідім...
— Құдай сақтасын! — деп күліп қолымды сермедім.— Ондай іспен ешқашан айналыспағанмын.
— Яғни... жалпы... бәрібір ән айтасыз ғой... Сіз жігітсіз ғой…
— Иә, аздап айтамын... Ешкім жоқ кезде. Немесе қатарластардың шағын ортасында,
— Домбырамен сүйемелдеп, әрине?
— Иә, аздап. Домбырада да ойнай аламын.
Осыдан кейін Затаевич Сәбеңге кешке қонақ үйіне баруға өзі сұраныпты. Мұқановтың бөлме суық, жарық та жоқ дегеніне қарамай, барамын деп қалған екен. Соңында “не үшін келмекшісіз?” дегенде, “әніңізді жазып аламын?”, Мұқановтың қалайша дегеніне “нотаға” деп жауап беріпті.
— Сіз жаза алатындай ешқандай жағдай жоқ қой. Оның үстіне үйдің іші суық, қараңғы, конференциядан қайтқан адамдар бірден ұйықтап қалады. Оларды қалай мазалауға болады? — деп сұрадым мен.
— Ештеңе етпейді,— деді Затаевич күліп.— Бұл тек маған ғана емес, сізге де, яғни бүкіл қазаққа пайдалы. Қазақ әндерінің әуендері, күйлері әлі нотаға түсірілмеген. Ал қазақта әуен мен күй өте көп. Оларды жинап, жазып алу керек. Мен осы істі бастағандардың бірімін. Ерінбеңіз, қарағым. Өз халқыңыздың пайдасы үшін ерінбеңіз!.. Мен конференцияға келген адамдардан көптеген әуендерді жазып алдым. Сізден де жазып аламын.
Затаевич кешке қарай, қатты аяз бен боранға қарамастан, Сәбеңге барыпты. Бөлме суық, шамның жарығымен ғана отырып, жұмысын бастапты. Әнші (Сәбит Мұқанов) ән айта бастайды, ал Затаевич мұқият тыңдайды. Әсіресе «Мақпал» әніне ерекше назар аударады. Бұл әннің бірнеше нұсқасын бұрыннан жазып алғанын, бірақ бұл нұсқа өзгеше екенін айтып, міндетті түрде қағазға түсіретінін жеткізеді.

А. Затаевичтің жинақтауымен жарық көрген "Қазақтың 1000 әніндегі" Сәбит Мұқановтың айтқан Мақпал әннің нотасы
Жазу процесі қиын өткен екен. Алдымен әншіге әнді толық айту, кейін әр жолын жеке-жеке қайталау қажет болады. Сәбең шатасып, қателесіп отырады, өйткені бұлай ешқашан айтып көрмесе керек. Ал Затаевич сабырмен тыңдап, түзетіп, қайта-қайта жазып, ешқандай реніш білдірмепті. Жұмыс баяу жүрсе де, табандылықпен жалғасады.
Сәбең екеуі де суықтан қатты тоңдық дейді. Тіпті Затаевичтің саусақтары көгеріп кетіп, олар жылынып алу үшін орнынан тұрып, бөлме ішінде жүріп келеді де, қайтадан жұмысқа кірісе екен. Сол бөлмеде жасы егде адам да төсекте ары қарап жатса керек. Есімі Шөлбай. Бір кезде ашуланып:
«Бос әурешілік! Әуенді қағазға қалай жазуға болады? Оның жазғаны не керек? Оны күтіп не керек? Жат та ұйықтағаның дұрыс»,— деді. Бірақ мен оның сөзіне келіспедім. «Өзіңе тағы бір әурені тауыпсың!»— деп ашуланды да, өзі жатып алып, басын бүркеп ұйықтап қалды.
Затаевич келіп, «Мақпал» әуенін ұзақ уақыт жазып, қайта-қайта түзеп отырған кезде, Шөлбай шыдамай, көрпенің астынан басын шығарып: «Айттым ғой саған, бұл істен түк шықпайды деп! Тоқтатыңдаршы, өтінемін! Адамдарға ұйықтауға мүмкіндік бермей отырсыңдар»,— деп ренжіді.
Ал Затаевич ақыры «Мақпал» әуенін сәтті жазып алып, өзі жай ғана ыңылдап, менікінен де жақсырақ айтып бастағанда, Шөлбай орнынан атып тұрып:
— Ойпырмай! — деп таңданысын жасыра алмады. Нота дегеннен хабары жоқ Шөлбай Затаевич «Мақпал» әуенін тағы да бір айтып, одан да дәл қайталағанда.— Ол әуенді қалай бірден ұстап алды? — деді.
Сол түнгі олар жұмысты осылай аяқтайды. Келесі күні Сәбекең Затаевичтің үйіне барады. Ол оны жақсы қарсы алып, қазақ музыкасын қалай жинай бастағанын айтып беріп, жазып алған әуендерін көрсетеді. Затаевич қазақтың әндері мен күйлерін зиялы қауымнан, студенттерден, түрлі жиындарға келген адамдардан жинап жүргенін айтқан екен. Ол әр қазақтың ән білетінін, сондықтан осы бай мұраны дер кезінде жинап, нотаға түсіру маңызды екенін атап өтеді. Біраз уақыт өткен соң Мұқанов Затаевичтің баяғы Шөлбайдан да бірнеше әуен жазып алғанын біледі.
Бірнеше күннен кейін олар Орынбор жұмыс фабрикасы жатақханасында қайта кездеседі. Жатақханада жағдай ауыр: суық, тар, тұрмыс қиын. Соған қарамастан студенттер білім алуға ұмтылып, сабақ оқиды, концерттер ұйымдастырып, ән айтып, аспапта ойнап, өнер көрсетеді. Затаевич студенттерге жиі келіп, олардың орындауын тыңдап, ән-күйлерді жазып алып жүрген екен.
Кейін Сәбит Затаевичті 1927 жылы Қызылордада кездесіпті. Александр Викторович осы уақытқа дейін Қазақстанның түрлі аймақтарын аралап, көптеген ән мен күйді жинап, қазақ музыкалық мұрасын сақтауға үлкен үлес қосқан дейді. 1925 жылы Мәскеуде шыққан “Қазақтың мың әні” жинағын да сыйға тартыпты.
1930 жылы Сәбит Мұқанов Мәскеуге оқуға түсіп, сол кезде Затаевич арнайы іздеп келгенін жазады. Бұл уақытта зерттеушінің күйі кетіп, егде тартқанын айтады.Десе де жұмыс істеуін жалғастырып жүрсе керек.
Біз Александр Викторовичпен кездесуді жалғастыра бердік. Кейде мен оған жұмысында көмектесіп, кейбір әндердің тарихын немесе соларға қатысты аңыздарды айтып беретінмін. Бірақ бұл кездесулерден мен өзім де өте көп қызықты әрі қажет мәлімет алдым, өйткені қазақ әні мен күйін Александр Викторовичтен артық білетін адам жоқ еді. Одан мен Қазақстанның әр аймағы мен руларына тән әндер мен күйлердің айырмашылығын, халық әндерінің стильдік ерекшеліктерін білдім. Бұрын мұндайды мүлде білмейтін едім.
Бірде Александр Викторович маған «Балқаш» әніне мәтін жазып беруімді өтінді. Көп ұзамай «Балқашстрой туралы ән» пайда болды: әуенін Затаевич жазды, ал сөзін мен жаздым.
Затаевич өте еңбекқор адам еді. Денсаулығы әлсіз болса да, ол шаршауды білмейтіндей көрінетін, көп әрі нәтижелі жұмыс істейтін. Кейде оны жұмысқа қатты шаршаған күйінде көріп, мен:
— Бұл не дегеніңіз, Александр Викторович? Неге өзіңізді осылай шектен тыс шаршатасыз? Денсаулығыңыз әлсіз, өзіңіз жасы үлкен адамсыз, — деп наразылық білдіретінмін.
— Дәл сол себептен де мен көп жұмыс істеймін. Маған асықпауға болмайды, әйтпесе көп жұмыс аяқталмай қалады, — деп жауап беретін.
Сәбит Затаевичтің 67 жасында 1936 жылы қайтыс болды, оның біраз еңбектері аяқталмай қалды деп жазып, зерттеушінің еңбегін тағы да қайталап өтіп сөзін қортындылайды.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.
