Алматы облысында ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері 50 миллион теңге ұрлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Агенттіктің дерегінше, сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ экс-басшысы мен басқа да лауазымды тұлғалар қаржы институтының басшысымен алдын ала сөз байласу арқылы 50 000 000 теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Қаражат «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында агроөнеркәсіптік кешен субъектілері шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға бөлінген» делінген ресми хабарламада.
Күдіктілер ақшаны ауыл шаруашылығы жабдықтарын жоғары бағада жеткізу арқылы жымқырған. Тергеу жалғасып жатыр.