Бағаны реттеу – басты міндет
Бағаны реттеу – басты міндет
© фото: Радмир Фахрутдинов
765
оқылды
Базардағы бағаның шарықтап өсуі қарапайым тұтынушының қал­тасына салмақ. Есесіне елде инф­ля­ция деңгейін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілмейді. Бұл жайында «AMANAT» партиясы жа­нын­дағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жө­ніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. Парламент Мәжілісінің депутаты Аман­жан Жамалов төрағалық еткен жиын­ның күн тәртібіне сай елдегі азық-түлік тауарларының тапшылығы мен бағасының өсуіне жол бермеу бойынша са­лалық министрліктер тарапынан қа­был­данған шаралардың аяқалысы талқыланды. Мәселен, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай республика бойынша жалпы көлемі 731,4 мың тонна болатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бар екенін мәлімдеді. – Тапшылықтың туындауын бол­дыр­мау және азық-түлік бағасының өсуіне жол бер­меу үшін осы жылдың 23 ма­мы­ры­нан бастап 6 ай мерзімге қант экс­пор­тына тыйым салынды. Сондай-ақ 2022 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімге күнбағыс тұқымдары мен күнбағыс майын, осы жылдың 15 маусы­мы­на дейін 1 миллион тонна көлемінде би­дай және 300 мың тонна көлемінде ұнды шет­елге жіберуге шектеу енгізілді, – деді Жеңіс Өсербай. Ал Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. – Біз бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біріншіден, «айналым схемасы» арқылы сауда нысандарына төмен пайызбен несие береміз. «Айналым схе­ма­сы» шеңберінде кәсіпкерлік субъек­тілеріне қарыз беруге 81 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ әкімдіктер азық-түлік та­уар­ларының өңірлік тұрақтандыру қор­ла­рын құрды, оларда азық-түлік қорлары сақта­лады. Қазір тұрақтандыру қорла­рын қалып­тастыруға 16,8 млрд теңге бө­лінді, – деді ол. Министрлік күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, сон­дай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бағаларға мониторинг жүргізеді. Қазір үй жанындағы дүкендерге тексеріс күшейтілген. Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауынан елдегі инфляцияның деңгейі өскен. Салалық министрлердің баяндамасын тыңдап болған соң кеңес төрағасы Аман­жан Ж­а­ма­лов халық арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына назар аударды. Онда көпшілік азық-түлік бағасының бірнеше есе өскенін айтқан. – Халықтан сұрасаң, олар бағаның 2 есе өскенін айтады. Инфляция бойынша ресми статистикаға ешкім сенбейді. Өйт­кені Ста­тистика департаменті тексеріс жүргізетін дү­кендерді өздері таңдайды. Ал онда тек­серіс кезінде басқа баға, тек­се­рістен кейін басқа баға тұрады, – дейді Аманжан Жамалов. Бұдан бөлек, кеңес төрағасы бағаны ауыздықтау, инфляция деңгейін төмендету бағытында салалық министрлік атқарған жұмыстардың нәтижесіне көңілі толмай­тынын жеткізді. – Сіздер «Айналым схемасы» туралы айтасыздар. Жобаны іске асыруға 81 мил­лиард теңге жұмсалды. Тұрақтандыру қор­ларын қалыптастыруға 16,8 миллиард теңге қаражат кетті. Бірақ нәтиже жоқ. Баға өсіп жатыр. Осыншама қаржы жұмсап, бағаны ұстап тұра алмасаңыздар, осыншама ақ­шаны әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкіл­деріне тартқанымыз дұрыс шығар. Қара­жатты сауда желілеріне оңды-солды та­ратқаннан гөрі осы тетіктен нәтиже болады, – деді кеңес төрағасы. Сондай-ақ ол әкімдік қызметкер­лері­нің үй жанындағы дүкендерге жүргізілген тексерістің ешқандай құқықтық негізі жоқ екенін атап өтіп, халық көп тұтынатын отандық тауарлардың өндірісіне басым­дық беру керек екенін еске салды. Бұдан бөлек, инфляция деңгейін төмендету бойынша жүргізілген жұмыстың тиімсіз­дігі де сөз болды.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ