Биыл 42 мыңнан астам мемлекеттік грант техникалық мамандықтарға бағыт­талады
Биыл 42 мыңнан астам мемлекеттік грант техникалық мамандықтарға бағыт­талады
1,297
оқылды
Ата-ана мен түлекке маңызды­сы – тегін грантқа түсу. Алайда Ұлт­тық бірыңғай тестілеуден жо­ғары балл жинағандар мемлекеттік грантқа түсе алмаса, төмен балл алғандар грант иегері атанып жа­тады. Грантқа түсу баққа да, бапқа да байланысты емес. Тек жыл сайын қандай маман­дыққа грант көп бөлінгенін білу жет­кілікті. Де­ген­мен грант көп бөлінетін салаға еңбек нарығында сұраныс бар ма? Былтыр 56 мың мемлекеттік білім беру гранты бөлінген еді. Биыл бұл көрсеткіш 73 мыңнан асып түспек. Гранттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне және жұмыс берушілердің сұ­ранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратына сай іріктеледі. Мәселен, былтыр гранттың ең көп бөлігі инженерлік, өңдеу және құ­ры­лыс салаларына бөлінді – 17 028 грант. Одан кейін педагогикалық ғылымдар – 9 573, ақ­па­рат­тық-коммуникациялық технология – 7 487, жаратылыстану ғылымдары – 4 088, ауыл ша­руашылығы ғылымдары – 1 895, денсау­лық сақтау саласындағы маман­дық­тар­ға – 2 700, өнер және гуманитарлық ғы­лымдар – 1 615, бизнес, басқару және құқық – 1 223, әлеуметтік ғылымдарға 960 грант бө­лінді. Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтың айтуынша, биыл техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. – Бакалавриатқа – 73 мың, ма­гис­­тра­тураға – 33 мыңнан астам және докторан­тураға 1890 грант бө­лінеді. Биыл 42 мыңнан астам мемлекеттік грант немесе 60 пайызы техникалық мамандықтарға бағыт­талады. Сонымен қатар 10 мың грант Атырау мен Маңғыстау об­лыс­та­ры­ның тығыз орналасқан елді мекен­дерінің жастарына қарас­ты­рылып отыр, – деді Қуаныш Ерғалиев. Еңбек нарығына сай ма? Мамандықты сұранысқа, еңбек нары­ғына лайықтап таңдайты­ны­мыз белгілі. Жоғарыдағы грант бө­лінісі еңбек нарығын­дағы орынды толтыра ала ма? Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліме­тін­ше 2021 жылы республика бойынша барлығы 36 976 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде мұнай-газ ісі инженерлері бойынша 5 773 бос жұмыс орны бар. Ден­саулық сақтау сала­сында 2 495, білім беру сала­сын­да 1 344 бос жұмыс орны тіркел­ген. Ең көп жұмыс орны қызмет көр­сету және сауда саласының жұ­мыскерлеріне тиесілі – 5 559 орын. Сонымен қатар өнеркәсіп, құрылыс, көлік саласында кадр тапшылығы айқын байқалып отыр. Десе де, Еңбек министрлігі жоғары білімді қажет ететін 35 сұранысқа ие мамандық пен техникалық және кәсіптік бі­лімді сұрайтын 65 мамандықтың тізімін жариялады. Ішінде IT ма­мандар, 3D модельдеу және толық­тырылған нақтылық жөніндегі ин­женерлер, машинааралық оқыту жүйелері бойынша, жаңартылатын энергия көздері бойынша, өнді­ріс­тің адди­тивті технологиялары бо­йынша инженерлер бар. Сондай-ақ өндірісті автоматтандыру кезеңінде талап етілетін «ақылды» қала құ­ры­лысы, пилотсыз авиа­циялық жүйе­лер инфрақұрылымының сәулет­ші­лері мен жо­ба­лаушылары, графи­ка­лық және муль­тимедиялық дизай­нер­лер мамандықтары кірген. Қа­рап тұрсаңыз сұранысқа сай маман­дықтардың барлығы заманауи тех­никаның тілін білуді талап етеді. Көз алды­ңызға толығымен жабдық­талған сенсорлы жүйе мен цифрлар елестеген болар. Себебі алдағы 15 жыл­да жұмыс орындарының 30 па­йызын техника мен роботтар алмас­тырады деген болжам бар. [caption id="attachment_198111" align="alignleft" width="1200"]инфаграфика © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Әлеуметтанушылардың ай­туын­ша, талапкерлер арасында әлі де заңгер, қар­жыгер, судья болуға талпынатындар жетер­лік. Бірақ ең­бек нарығына үңілсек, заңгер ма­мандығын бітіргендердің жарты­сы­нан көбі жұмыссыз жүр. Ал жастар­дың педа­го­ги­калық бағытты таңда­уына мемлекет пен ми­нистрлік се­бепші болып отыр. Шәкірт­ақы әдет­тегі студенттікінен жоғары, мек­тептегі айлық табыс жоғары, қо­ғамдағы мәртебе биіктеп келеді. Осының өзі талап­кердің ма­мандық таңдауына түрткі болады екен. Де­мек, мамандыққа қолдан сұраныс тудыруға болатынының айқын дә­лелі. Одан кейін әлеу­меттанушылар жастардың ин­тернет ке­ңіс­тігіндегі мамандықтарды меңгеруге ден қойғанын айтады. Мысалы, интер­нет марке­толог, контент менеджер, продюсер, видео­граф. Аталған ма­ман­дықтарға қазір сұраныс басым. Егер өз ісіңді жетік білсең, табысың да жоғары. Соған сай бұл салада бәсекелестік артып келеді. Себебі кәсіпкерлердің 90 па­йызы интернет арқы­лы табыс табуға көшкен. Мамандығымен нан таппайды Дегенмен грант үшін оқыған жас­тың көбі оқуын аяқтаған соң ма­мандығы бо­йынша жұмыс істе­мей­ді. Осылайша төрт жылғы сту­денттің уақыты мен мемлекеттің ақ­шасы желге ұшады. Білім сарап­шысы Гүлбану Қанайдың пікірінше бұған еңбек нарығына сараптама­ның дұрыс жасалмай­тыны және елі­мізде мамандыққа бағыт беру жа­ғы жолға қойылмағаны себеп бо­лып отыр. Салдарынан мектеп бі­тіруші түлектер қандай маман­дық­тар бар екенін толық білмейді. Балалар грантқа түсу оңай деп фи­зика, математика пәнін таңдап ала­ды. Бірақ ол пәндерді таңдап қандай ма­ман­дыққа түсе­тінін, қай универ­ситеттің қан­дай саланы жақсы оқы­татынын көпшілігі сараламайды. Мектеп бітірушілердің 20-30 па­йызы ғана мамандықты дұрыс таңдайды. Тағы бір үлкен проблема, қо­лына дип­лом алғандардың 60 пайы­зы өз маман­дығына сай жұмыс таба алмайды. – Балалар ата-анасының ба­ғы­тымен немесе жалақысы көп сала­ларды таңдайды. Соңғы жылдары педагогикада оқитын сту­денттердің шәкіртақысы мен мұғалімдердің еңбекақысы көтерілгендіктен бұл салаға келушілердің саны күрт арт­ты. Сәйкесінше педагогиканың шек­тік балы бұрын 50 болса, қазір 75 балға, келесі жылы 80 балға кө­теріледі. Сонымен қатар IT саласы­ның мамандықтарына да сұраныс жоғары. Қазір бухгалтер, менеджер мамандықтары жетіс­пейді, – дейді Гүлбану Қанай. Қазақстанда жоғары оқу орын­дарында таңдау көп. Алайда жас түлектердің көп­ші­лігі тегін оқу деп жаны қалайтын мамандық бойынша түспейді. Қалаған мамандығын мең­гермеген соң, қолында дипломы болға­нымен жұмыс істеуге құлқы болмайды. Психолог Лимана Қой­шие­­ваның айтуынша, көңілі қала­ған мамандыққа қолы жетпеген адамның болашақта жұмыс істеуге құлқы төмен болады. Мамандық таңдау – ең жа­уапты іс. Сондықтан әр түлек өз қабілетіне қарай маман­дық таңдауы керек. Өкінішке қарай, елімізде баланың қабілетін зерттей­тін орталықтар жоқ. Ал шетелде арнайы зерттеу институттары бар. Сол себепті бала мамандық таң­дамас бұрын қабілетін анық­тайтын тесттен өткені жөн. – Көп жағдайда ата-аналар ба­ла­ның таңдауымен, қабілетімен санаспай, өз дегендеріне көндіреді. Мұндай жағдайларда баланың ішін­де ішкі қақтығыстар пайда болады. Ішкі реніш баланың денсаулығы мен психологиясына әсер етіп, мі­незінің тұйықталуына жол ашады. Оқығысы кел­мей, диплом алу үшін ғана өмір сүреді. Мұн­дай балалар маған кеңес сұрап жиі келеді. Сон­дықтан грант үшін мамандық таң­даған дұрыс емес, – дейді Лимана Қойшиева. Елімізде 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлы­ғымен «Жаңа мамандықтар атласы» жасалған. Бұл атласта әр сала ма­мандарының зерттеулері бойынша қазірдің өзінде сұранысқа ие және жақын болашақта пайда болатын мамандықтар тізімі жинақталған. Ол жерден 10-15 жылда преспек­ти­васы жоғары салалар мен кәсіп­тер­дің болжам картасымен танысуға болады. Жаңа мамандықтар атла­сын құрастыруда 9 сала бойынша 463 мамандық анықталған. Оған 52 жетекші сарапшы мен 2 000-нан аса салалық сарапшы атсалысқан. Алайда мектеп түлектеріне маман­дық таңдауда бағыт-бағдар беретін нұсқаулық әлі де толық нәтижесін көрсете қойған жоқ. Сол себептен жастар бүгінде қандай саланың сұ­ранысқа ие екенінен бейхабар. Олар жыл сайын қай мамандықтың қа­жетсіз деп танылғанын, жойылып кеткенін, заман талабына сай қан­дай жаңа мамандықтардың пайда болып жатқанын білмейді деуге болады. Бұл мәселені шешу үшін мек­тептерде кәсіптік бағдар беру жа­ғын уақыт өткізбей қолға алуы­мыз керек. Әйтпесе білім беру сала­сы мен еңбек нарығының арасын­да­ғы байла­ныс­­тың жоқтығы ма­ман­дық таңдауда проб­лема тудыра бе­рері сөзсіз.