Ата-ана мен түлекке маңыздысы – тегін грантқа түсу. Алайда Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинағандар мемлекеттік грантқа түсе алмаса, төмен балл алғандар грант иегері атанып жатады. Грантқа түсу баққа да, бапқа да байланысты емес. Тек жыл сайын қандай мамандыққа грант көп бөлінгенін білу жеткілікті. Дегенмен грант көп бөлінетін салаға еңбек нарығында сұраныс бар ма? Былтыр 56 мың мемлекеттік білім беру гранты бөлінген еді. Биыл бұл көрсеткіш 73 мыңнан асып түспек. Гранттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне және жұмыс берушілердің сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратына сай іріктеледі. Мәселен, былтыр гранттың ең көп бөлігі инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінді – 17 028 грант. Одан кейін педагогикалық ғылымдар – 9 573, ақпараттық-коммуникациялық технология – 7 487, жаратылыстану ғылымдары – 4 088, ауыл шаруашылығы ғылымдары – 1 895, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға – 2 700, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1 615, бизнес, басқару және құқық – 1 223, әлеуметтік ғылымдарға 960 грант бөлінді. Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтың айтуынша, биыл техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. – Бакалавриатқа – 73 мың, магистратураға – 33 мыңнан астам және докторантураға 1890 грант бөлінеді. Биыл 42 мыңнан астам мемлекеттік грант немесе 60 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталады. Сонымен қатар 10 мың грант Атырау мен Маңғыстау облыстарының тығыз орналасқан елді мекендерінің жастарына қарастырылып отыр, – деді Қуаныш Ерғалиев. Еңбек нарығына сай ма? Мамандықты сұранысқа, еңбек нарығына лайықтап таңдайтынымыз белгілі. Жоғарыдағы грант бөлінісі еңбек нарығындағы орынды толтыра ала ма? Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2021 жылы республика бойынша барлығы 36 976 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде мұнай-газ ісі инженерлері бойынша 5 773 бос жұмыс орны бар. Денсаулық сақтау саласында 2 495, білім беру саласында 1 344 бос жұмыс орны тіркелген. Ең көп жұмыс орны қызмет көрсету және сауда саласының жұмыскерлеріне тиесілі – 5 559 орын. Сонымен қатар өнеркәсіп, құрылыс, көлік саласында кадр тапшылығы айқын байқалып отыр. Десе де, Еңбек министрлігі жоғары білімді қажет ететін 35 сұранысқа ие мамандық пен техникалық және кәсіптік білімді сұрайтын 65 мамандықтың тізімін жариялады. Ішінде IT мамандар, 3D модельдеу және толықтырылған нақтылық жөніндегі инженерлер, машинааралық оқыту жүйелері бойынша, жаңартылатын энергия көздері бойынша, өндірістің аддитивті технологиялары бойынша инженерлер бар. Сондай-ақ өндірісті автоматтандыру кезеңінде талап етілетін «ақылды» қала құрылысы, пилотсыз авиациялық жүйелер инфрақұрылымының сәулетшілері мен жобалаушылары, графикалық және мультимедиялық дизайнерлер мамандықтары кірген. Қарап тұрсаңыз сұранысқа сай мамандықтардың барлығы заманауи техниканың тілін білуді талап етеді. Көз алдыңызға толығымен жабдықталған сенсорлы жүйе мен цифрлар елестеген болар. Себебі алдағы 15 жылда жұмыс орындарының 30 пайызын техника мен роботтар алмастырады деген болжам бар. [caption id="attachment_198111" align="alignleft" > © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Әлеуметтанушылардың айтуынша, талапкерлер арасында әлі де заңгер, қаржыгер, судья болуға талпынатындар жетерлік. Бірақ еңбек нарығына үңілсек, заңгер мамандығын бітіргендердің жартысынан көбі жұмыссыз жүр. Ал жастардың педагогикалық бағытты таңдауына мемлекет пен министрлік себепші болып отыр. Шәкіртақы әдеттегі студенттікінен жоғары, мектептегі айлық табыс жоғары, қоғамдағы мәртебе биіктеп келеді. Осының өзі талапкердің мамандық таңдауына түрткі болады екен. Демек, мамандыққа қолдан сұраныс тудыруға болатынының айқын дәлелі. Одан кейін әлеуметтанушылар жастардың интернет кеңістігіндегі мамандықтарды меңгеруге ден қойғанын айтады. Мысалы, интернет маркетолог, контент менеджер, продюсер, видеограф. Аталған мамандықтарға қазір сұраныс басым. Егер өз ісіңді жетік білсең, табысың да жоғары. Соған сай бұл салада бәсекелестік артып келеді. Себебі кәсіпкерлердің 90 пайызы интернет арқылы табыс табуға көшкен. Мамандығымен нан таппайды Дегенмен грант үшін оқыған жастың көбі оқуын аяқтаған соң мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осылайша төрт жылғы студенттің уақыты мен мемлекеттің ақшасы желге ұшады. Білім сарапшысы Гүлбану Қанайдың пікірінше бұған еңбек нарығына сараптаманың дұрыс жасалмайтыны және елімізде мамандыққа бағыт беру жағы жолға қойылмағаны себеп болып отыр. Салдарынан мектеп бітіруші түлектер қандай мамандықтар бар екенін толық білмейді. Балалар грантқа түсу оңай деп физика, математика пәнін таңдап алады. Бірақ ол пәндерді таңдап қандай мамандыққа түсетінін, қай университеттің қандай саланы жақсы оқытатынын көпшілігі сараламайды. Мектеп бітірушілердің 20-30 пайызы ғана мамандықты дұрыс таңдайды. Тағы бір үлкен проблема, қолына диплом алғандардың 60 пайызы өз мамандығына сай жұмыс таба алмайды. – Балалар ата-анасының бағытымен немесе жалақысы көп салаларды таңдайды. Соңғы жылдары педагогикада оқитын студенттердің шәкіртақысы мен мұғалімдердің еңбекақысы көтерілгендіктен бұл салаға келушілердің саны күрт артты. Сәйкесінше педагогиканың шектік балы бұрын 50 болса, қазір 75 балға, келесі жылы 80 балға көтеріледі. Сонымен қатар IT саласының мамандықтарына да сұраныс жоғары. Қазір бухгалтер, менеджер мамандықтары жетіспейді, – дейді Гүлбану Қанай. Қазақстанда жоғары оқу орындарында таңдау көп. Алайда жас түлектердің көпшілігі тегін оқу деп жаны қалайтын мамандық бойынша түспейді. Қалаған мамандығын меңгермеген соң, қолында дипломы болғанымен жұмыс істеуге құлқы болмайды. Психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, көңілі қалаған мамандыққа қолы жетпеген адамның болашақта жұмыс істеуге құлқы төмен болады. Мамандық таңдау – ең жауапты іс. Сондықтан әр түлек өз қабілетіне қарай мамандық таңдауы керек. Өкінішке қарай, елімізде баланың қабілетін зерттейтін орталықтар жоқ. Ал шетелде арнайы зерттеу институттары бар. Сол себепті бала мамандық таңдамас бұрын қабілетін анықтайтын тесттен өткені жөн. – Көп жағдайда ата-аналар баланың таңдауымен, қабілетімен санаспай, өз дегендеріне көндіреді. Мұндай жағдайларда баланың ішінде ішкі қақтығыстар пайда болады. Ішкі реніш баланың денсаулығы мен психологиясына әсер етіп, мінезінің тұйықталуына жол ашады. Оқығысы келмей, диплом алу үшін ғана өмір сүреді. Мұндай балалар маған кеңес сұрап жиі келеді. Сондықтан грант үшін мамандық таңдаған дұрыс емес, – дейді Лимана Қойшиева. Елімізде 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жаңа мамандықтар атласы» жасалған. Бұл атласта әр сала мамандарының зерттеулері бойынша қазірдің өзінде сұранысқа ие және жақын болашақта пайда болатын мамандықтар тізімі жинақталған. Ол жерден 10-15 жылда преспективасы жоғары салалар мен кәсіптердің болжам картасымен танысуға болады. Жаңа мамандықтар атласын құрастыруда 9 сала бойынша 463 мамандық анықталған. Оған 52 жетекші сарапшы мен 2 000-нан аса салалық сарапшы атсалысқан. Алайда мектеп түлектеріне мамандық таңдауда бағыт-бағдар беретін нұсқаулық әлі де толық нәтижесін көрсете қойған жоқ. Сол себептен жастар бүгінде қандай саланың сұранысқа ие екенінен бейхабар. Олар жыл сайын қай мамандықтың қажетсіз деп танылғанын, жойылып кеткенін, заман талабына сай қандай жаңа мамандықтардың пайда болып жатқанын білмейді деуге болады. Бұл мәселені шешу үшін мектептерде кәсіптік бағдар беру жағын уақыт өткізбей қолға алуымыз керек. Әйтпесе білім беру саласы мен еңбек нарығының арасындағы байланыстың жоқтығы мамандық таңдауда проблема тудыра берері сөзсіз.