Солтүстікқазақстандық тасымалдаушылардың басына қиын күн туып тұр. Қалалық әкімдіктің олардың шығындарын субсидиялау бойынша қарызы қордаланып қалды. Оны төлеуге ешкім асығар емес. Мәселеден шенеуніктер хабардар. Бірақ бұл қиындық әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
Петропавл қаласындағы әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттары мен жолаушылардың кейбір санаттарына кететін шығындарды субсидиялау шартына сәйкес демеуқаржы төлеу мәселесі бұған дейін де талай рет көтерілгенімен, әлі күнге түпкілікті шешімін таппай келеді. Бұған дейін олардың өтініші Солтүстік Қазақстан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында қаралып, шешімі табылды деп жарияланған болатын. Шын мәнінде сөз жүзінде ғана шешіліпті.
«Барлық тасымалдаушы субсидия жөнінен қиындыққа тап болды. Бізге әлі өткен жылдың 450 миллион теңге қарызы төленген жоқ. Сондай-ақ жеңілдікпен жүретін жолаушылардың жолақысы бойынша да былтырдың және биылғы бес айдың берешектері бар. Биыл қалалық әкімдік наурыз және сәуір айларына қарыз. Кешеден бастап есепшоттарға қаржы түсе бастады. Бірақ қаржы жетіспеушілігіне байланысты сұралған соманың тек 49 пайызы ғана төленіп жатыр. Ал атқарылған жұмыс туралы актілерімізді әкімдік қабылдап алды. Бұған дейін кәсіпкерлер палатасына жүгінгенімізде мәселе сөз жүзінде шешімін тапты. Яғни, барлық тарап қол қойған Жол картасы жасалып, қарызды қайтару үшін қаржы іздестіріледі деген еді. Бірақ бәрі әңгіме күйінде қалды», – дейді «Солтүстік Қазақстан облысының автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы Галина Семенова.
Былтыр автобус паркін жаңартқан тасымалдаушылардың «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы алдында қарызы бар. Сондықтан келісімшарттары бойынша ай сайын несиені уақытылы төлемегендері үшін оларға өсімпұл есептеледі. Олар көлік құнының 18,8 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеп, 7 жылға 7 пайыздық несие рәсімдеген-тін. Алайда ол кезде олар субсидия төлеуде іркіліс болуы мүмкін екенін ескермеген еді. Енді несиелерін уақтылы төлей алмай қиналып қалды.
«Бұл жағдайда біз кепілге қойылған адам сияқтымыз. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бізге ақша төлемегендіктен, біз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына лизингтік төлемдерімізді кешіктіреміз. Осындай тұйық шеңбердің ішінде жүрміз. Бір-біріне сілтейді», – деді Галина Петровна.
775 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАЙДА КЕТТІ?
Мәселен, KYZYLZHAR BUSES ЖШС-ның корпорация алдындағы берешегі – 1 миллиард теңге көлемінде. Ал қалалық әкімдік кәсіпорынға бес бағыт бойынша 211 миллион теңге қарыз. Лизинг бойынша қарызын уақытылы төлемегендіктен, кәсіпорынға ай сайын 190 мың теңге көлемінде өсімпұл есептеліп жатыр. Кәсіпорынның өкілі Наурызжан Исмаиловтың айтуынша, осылайша 7 миллион теңгедей қарыз қордаланып қалған. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация әзірге оны өндіріп алып жатқан жоқ, бірақ ай сайын шағым жолдайтын көрінеді.
«Былтыр Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келісімшарт жасастық. Кәсіпорын қыркүйек айынан бері жұмыстарды тиісінше атқарып жатыр, бірақ әкімдік демеуқаржыны беруге асығар емес. Қарыз көлемі ұлғаюда. Өтінішімізге ТКШ бөлімі тіпті жауап бергісі келмейді, қаржы жоқ дейді. Меніңше, бұл мәселе алдын ала пысықтамаған, Қаржы басқармасы да дұрыс жұмыс істемеген», – дейді Наурызжан Исмаилов.
Солтүстік Қазақстан облысы