Жас ғалымдар жаңа технология көмегімен ауылдағы ауызсу мәселесін шеше ала ма?
Жас ғалымдар жаңа технология көмегімен ауылдағы ауызсу мәселесін шеше ала ма?
739
оқылды
«Ұстаздан шәкірт озар». Күн сайын қарыштап дамыған қоғамда, ел жастары да заманнан қалыс қалып жатқан жоқ. Жасөспірімдердің бірі миллионер атанса, енді бірі инновациялық құрылғы ойлап тапты. Дарынды оқушылардың өнертабысына кеңірек тоқталамыз.

Қымбат Байсапина мен Нұрай Жанатбекқызы

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкіртінің жобасы Ресейдің Мәскеу облысы Королев қаласында өткен бүкілресейлік «Человек-Земля-Космос» ғылыми-зерттеу жобалар олимпиадасында ІІ орынға ие болды.    width= 10-сынып оқушысы Қымбат Байсапина мен Нұрай Жанатбекқызының «Жаңбыр суын жинайтын дренаж жүйесі және заманауи қаладағы жолдық экоинфраструктура» атты жобасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Жалпы, жас зерттеушілер бұл тақырыптағы еңбектерін 2 жыл бұрын қолға алған. – Бұл жобаны қолға алуымызға жауын жауған кездегі қала көшелеріндегі қолайсыздық себеп болды. Семейде жаңбыр жауса, су жиналып, көше көлге айналады. Біз бақылаған Ә.Тәңірбергенов, Глинка, Селевин, Қабанбай батыр, Абай, Ш.Қаржаубайұлы секілді негізгі көшелердің өзінде осы мәселемен жиі ұшырасамыз. Бұл өз кезегінде асфальттің бүлініп, ылғалдың әсерінен қопарылуынан бөлек, жаяу жүргінші мен көлік кептелісіне алып келеді. Осыған орай, қала іші жол бойында жаңбыр мен еріген қар суының жиналуын болдырмайтын, асфальттің бұзылуының алдын алып, жол жиегін көгалдандыруға мүмкіндік беретін дренаж жүйесі мен экологиялық инфрақұрылым моделін әзірлейміз, – дейді Нұрай Жанатбекқызы. Сонымен қатар екеуі қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз жол қозғалысы жоспарын жасап шығаруды көздеп отыр. Олардың зерттеу объектілері жол, дренаж, топырақ, жаңбыр суы, көгалдандыру, жел энергиясы. Дренаж жүйесінің макетін жасау мен математикалық есептеу жүргізуге қаламыздағы Қарағайлы ауданы зерттеу объектісі ретінде алынды. Бұл аймақта жаңбырдан соң су ағатын жүйе жоқ. Жоба 3D схемасы SketchUp бағдарламасының көмегімен жасалды. – Дренаж жүйесінің жұмысына назар аударсақ, ең алдымен жолдың 70 көлбеулігі арқылы жаңбыр суы жол жиегіндегі тас қоршаудың (бордюрред.) саңылауы арқылы өтеді. Саңылаудан өткен су байланыстырғыш құбыр арқылы арыққа төгіледі. Арыққа жаңбыр суы екі араны байланыстыратын құбырдан құйылып, ары қарай арықтан өтіп, горизонтальді резервуарға жиналады. Жел генераторы өндіретін энергия есебінен осы резервуардың ішінде жиналған жаңбыр суын сорғы көмегімен вертикальді резервуарға жеткізеді. Вертикальді резервуардағы жаңбыр суын тамшылатып суғару әдісімен қаланы көгалдандыруға қолдана аламыз. Қауіпсіздікті ойластыру мақсатында жаяу жүргіншілер жүретін жолда қозғалыс датчигін орналастыру, жолды екі жақтан жарықтандыру қарастырылды – дейді Қымбат Байсапина. Зерттеу сұрақтарына жауап бере отыра, дренаж жүйесі мен қаладағы жол инфраструктурасының ерекше моделі жасап шығарылды. Ол өзінің тиімділігі мен экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ оқушылар бұл жобаны кез-келген қалада іске қосуға болатындығын айтып отыр.

Пәкжан Ниязбек пен Ерасыл Мырхиев

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Пәкжан Ниязбек пен Ерасыл Мырхиев «ENACTUS Kazakhstan National EXPO – 2022» аясында өткізілген «Жерге деген іңкәрлік, адамға деген қамқорлық» арнайы конкурсының финалында ІІ орынға ие болып, 1 миллион теңге ұтып алды. Бірнеше кезеңнен тұрған сайысқа 60-тан астам команда қатысып, өздерінің жобаларын ұсынған.    width= – Арнайы сайыс ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеріп, ауылдан қалаға жаппай көшудің алдын алуға бағытталған. Біз ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жобамен жұмыс істедік. Соңғы бір жыл бойы жоба бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, еліміз үшін ғана емес әлем бойынша өзекті саналатын күрделі мәселенің шешімін табуға тырыстық. Бір атап өтерлігі, ақтық сынға жолдама алған 8 үміткер командалардың арасында біз ғана мектеп оқушысымыз. Қалғаны жоғары оқу орындарының студенттері болды, – дейді Пәкжан Ниязбек. Жас зерттеушілер жобасының өзектілігі – ауадан тұщы су өндіруінде болып отыр. Water from air құрылғысы  ауадан суды конденсация әдісі арқылы алады. Жаңбыр, тұман немесе шықтан пайда болған атмосфералық су буы тордың суық бетінде конденсацияланып, құрылығының төменгі жағында орналасқан резервуарға жиналады. «Өнімділік ауа райына тікелей байланысты. Бірақ біздің есептеуіміз бойынша күніне 100 литрге дейін су алуға мүмкіндік бар», – дейді Ерасыл Мырхиев. Зерттеу негізінен еліміздің халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңіріндегі 5 ауылы бойынша жүргізілген. Аталған ауылдарда су тапшы. Тұрғындар суды тасып ішеді. Шәкірттеріміздің ендігі жоспары – ауылға су жинайтын мұнара орнатып, жобаны ары қарай дамыту.

Жәңгір Мұрат

NIS халықаралық бакалавриат мектебінің 12-сынып оқушысы Жәңгір Мұрат әлемнің үш үздік университетінен шақырту алды. Атап айтқанда, Айви Лигасына кіретін Princeton University, Northwestern University (әлемдегі үздік 20), New York University (әлемдегі үздік 30).    width= Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған «Волонтерлік бастамаларды қолдауға бағытталған шағын гранттар» жобасы аясында елордалық балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне тегін негізде гитарадан және ағылшын тілінен сабақ өткізді. Ауыл мектептеріндегі оқушыларға ағылшын тілін онлайн оқытатын курстың авторы. – Менің таңдауым айқын. Princeton University-де білім алсам деп армандаймын. Себебі, бұл оқу орны Liberal Arts бірегей жүйесі бойынша оқытады. Яғни, осы жүйеге сәйкес сіз көп пәндерді (мысалы, нақты және гуманитарлық ғылымдар, тарих, экономика, бизнес және т.б.) оқисыз, бірақ сонымен бірге таңдалған мамандықтар бойынша терең білім аласыз. Қуанышымда шек жоқ. Мен ата-анама, мектеп директоры мен мұғалімдеріме, EducationUsa тәлімгеріне сенім артып, қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін, – дейді Жәңгір Мұрат. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының шақыруын алу үшін Жәңгір SAT- емтиханында 1600 ұпайдан 1590 ұпай, мектепішілік орташа GPA 4.9/5.0 иеленді.

Аида Давлетова

NIS халықаралық бакалавриат мектебінің 11-сынып оқушысы. Полиглот. Республикалық лингвистикалық олимпиаданың І орын иегері.  width= – Лингвистика саласын жете зерттеуге қызығушылығым жоғары. Олимпиада туралы 2020 жылы білдім. ILO (International Linguistics Olympiad) сайтындағы тапсырмалар бойынша дайындалдым. Шет тілдерін оқып, грамматикадан логика іздедім. Ресми жаттықтырушым болмаса да, математика мен тілдерге үйретілген ойлау дағдылары маған өте көп көмегін тигізді. Жақсы негіз салған мектебімнің ұстаздарына алғысым шексіз, – дейді Аида Давлетова.

Сәнім Зейінғабыл

NIS халықаралық бакалавриат мектебінің 12-сынып оқушысы. Сәнім Зейінғабыл Қазақстанның ресми эко-амбассадоры. Экологиялық бастамаларды көтеретін Eco Club жетекшісі.    width= – Менің жобам ол мектептегі экологиялық қозғалысты дамыту, танымдылықты арттыру болатын. Сондықтан мен Эко клубтың лидері ретінде өткен жыл бойы онлайн режимде көптеген республикалық және халықаралық іс-шараларды өткіздім. Мәжіліс депутаты, министрлік және бизнес өкілдері, Қазақстандағы экология мәселесімен айналысатын мамандармен жұмыс істедім. Халықаралық іс-шарадан кейін, министірлік өкілдері жасалған жұмысты ескере отырып, мектептің ұсынысымен мені Қазақстан Республикасынның ресми эко-амбассадорлығына ұсынды, – дейді Сәнім Зейінғабыл.

Екатерина Ким мен Арман Рысмаханов

NIS халықаралық бакалавриат мектебінің 12-сынып оқушысы. Көзі нашар көретін жандарға арналған Jazgysh деп аталатын оқытудың инновациялық құрылғы ойлап тапты. Осы жоба үшін Республикалық «Дарын» ғылыми жобалар байқауында І орын иегері атанды.    width= Брайль тілі адамның аты-жөнін, қолын қою қажет болған кезде әдеттегі жазуды алмастыра алмайды. Осы сұраққа жауап бере отырып, балалар бұл мәселені шешуге тырысып, Jazgysh әдістемесін ойлап тапты. «Jazgysh әдістемесінің көмегімен құрылғы арқылы жазуды үйрену және мобильді қосымшаның көмегімен алған білімді толықтай жетілдіреді», – дейді оқушылар. Jazgysh арқылы пайдаланушы құрылғыны жылжытатын және әріптердің дұрыс жазылуын есте сақтайтын қалам ұстайды. Сонан кейін пайдаланушы үйренген сөзді телефонға қаламмен жазуы керек. Ал бағдарлама сөздің дұрыс жазылғанын айтады.

Мағжан Тегисов

Мағжан Тегисов – Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі.    width= Мектеп қабырғасынан ғарыш әлеміне, робототехника мен стартап жобаларға қызығып, түрлі республикалық және халықаралық жүлделерге ие болған жас түлек болашағын осы салалармен байланыстырсам дейді. Бүгінде ол барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінің 500-ден аса оқушысының басын біріктірген NIS Valley клубын құрған. – Бұл клубтың мақсаты – мектеп оқушылары арасында кәсіпкерлікке, стартап жобаларға қызығатын оқушыларды біріктіріп, оларға дұрыс бағыт-бағдар мен ақыл-кеңес беретін орта құру. Осылайша, болашақ бизнес көшбасшыларды қалыптастыру, – дейді Мағжан. – Клуб көп мүмкіндік береді. Әр түрлі мектеп оқушыларымен идея алмасудан бөлек, тәжірибелі мамандардан білім алуға болады. Бұл бағытта бізге Astana Hub қолдау көрсетті. Оқушылар сарапшылардан идеяны тексеру, прототиптер жасау, өнім шығару, өз стартап жобаңды қорғау бойынша пайдалы кеңес ала алады. Клубтың құрылғанына жарты жылдан асса да, бүгінде жас бизнесмендер түрлі хакатондарға қатысып, білімі мен білігін сынап жүр. – Болашақта Қазақстанда Google, Apple, Amazon тектес IT компания құрғым келеді. Сондықтан осы саланы терең меңгеру мақсатында компьютер ғылымдары мамандығын таңдадым, – дейді ол. Жас түлек жоғары білімді АҚШ-та алмақ. Ондағы Colby College Мағжанға толық грант ұсынып, оқуға шақырып отыр. – Бұл университет Америкадағы беделді, жақсы білім беретін оқу орны саналады. Сонымен қатар бұл университетте жақында жасанды интеллекті зерттейтін ғылыми орталық ашылды. Сондықтан бұл оқу орнында түрлі зерттеу жүргізуге барлық мүмкіндік бар деуге болады, – дейді Мағжан Тегисов. Бұдан бөлек оқу орны Мағжанға қосымша президенттік стипендия ұсынған. Бұл стипендия оған 1-курста жүріп, ірі компанияларда тағылымдамадан өтуге, өз стартап-жобасын ашып, жан-жақты дамуыға мүмкіндік береді. – Айналамды танып-білуге, түрлі қалаларда өткен ғылыми байқауларға қатысып, өзімді қызықтыратын саланы табуға, сонымен қатар Стэнфорд университетінің жазғы мектебіне қатысуға мүмкіндік берген мектебіме алғыс айтамын. Оқушыларға айтарым, өзіңізді шын қызықтыратын саланы тауып, сол бағытта ізденуден шаршамаңыз, – дейді Мағжан Тегисов.

Зарина РАХМЕТОВА