Өткен жылдар Алматы облысында бірқатар аса ірі жемқорлық істер тіркелуімен есте қалды. Ел індеттен ес жия алмай жатқан шақта өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерін орындау барысында қоғамның мүддесін мүлде естен шығарып, бас пайдасын ойлап кеткендер жайлы ақпараттар дүркін-дүркін естіліп жатты. Сонда да сыбайластықты «сыйластықпен» шатастырып алатындар азаятын шығар деген үмітіміз ақталмады.Жетісу жерінде жемқорлыққа жол бергені үшін жауапқа тартылғандар арасында барлық саланың өкілдері мен түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар бар. Былтыр жыл соңында Панфилов ауданы әкімінің орынбасары «бармақ басты, көз қыстыға» жол берсе, осы жылдың алғашқы айларында кәсіпкерден ашықтан ашық пара сұраған Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы мен өзіне-өзі қомақты сыйақы жазуға талпынған Ескелді аудандық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысының қолына кісен салынды.
Өңірдегі ең ірі кәсіпорынның бірі «АСПМК-519» ЖШС басшыларынан қомақты параны теңгемен емес, АҚШ долларымен алған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысының «тәбеті» басқалардан асып түсті.
Сапасыз жолдар мен электр желілері туралы айтқанда әуелі ойымызға сол жұмыстарды жүргізген мердігер компаниялардың жауапсыздығы оралады. Онысымен қоймай, құрылысқа жауапты компания өкілдері көп жағдайда өз жұмыстарын қабылдап алатын мемлекеттік мекеме өкілдерінің аузын майлауға құштар. Салдарынан қазына қаржысы желге ұшып, қарапайым халық қиналады. Осыдан барып, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарына халық тарапынан сенімсіздік туындайды.
Қазір «жемқорлық» деген жегі құрттың ауыз салмаған саласы жоқ. Күні кеше Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы мен бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемдегі жемқорлық дерегі анықталғаны белгілі болды. Аграрлы аймақтың ауыл шаруашылығына жауаптылар қаржы инстиутының басшысымен алдын ала сөз байласып, мемлекеттік бағдарламада қарастырылған қазына қаржысын жымқырды деген күдікке ілікті. Нақтырақ айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері шығыстарының бір бөлігін субсидиялауға бөлінген 50 миллион теңгенің ізі табылмаған. Басшылар ауыл шаруашылығы жабдықтарының құнын асыра көрсету арқылы қитұрқы әрекеттерін жасырмақ болыпты. Қазіргі таңда осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
2020 жылы мектептердің қашықтан оқытуға көшуіне байланысты оқушыларды ноутбукпен қамтамасыз етуге қарастырылған қаражатты қалтаға басқан білім басқармасына қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық әлі де айылын жия қоймағандай.
Жеке кәсіпкерлікпен айналысуға заңмен тыйым салынғанына қарамастан, басшылықпен қатар бизнесті табыс көзіне айналдырған 23 мектеп директоры айып арқалады. Тура осындай жағдайға тап болған облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы да жазасыз қалмады. Олардың барлығының кірістері тәркіленіп, әрқайсысына 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Айыппұлдың жалпы сомасы 7,8 миллион теңгені құрайды.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті 2022 жылдың 4 айында 144 қылмыстық құқықбұзушылық тіркесе, оның жартысынан көбі сыбайлас жемқорлықпен байланысты.
Жедел-іздестіру тәжірибесін талдау барысында анықталғандай, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі пара алумен байланысты болған. Жоғарда айтылған деректің ішінде 82,5 пайызы немесе 66 қылмыс парақорлыққа қатысты болса, қалғандары лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін ысырап ету немесе жымқыру, қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық әрекетке бару сияқты фактілермен байланысты. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, олардың 14-і мекеме басшылары болып отыр.