SOS қалашығы: барлық бала бақытты болу үшін жаралған
SOS қалашығы: барлық бала бақытты болу үшін жаралған
©Радмир Фахрутдинов
3,753
оқылды
Қазақстандағы SOS балалар ауылы – балалардың мүддесін, құқығы мен қажеттілігін қорғайтын үкіметтік емес қоғамдық ұйым. Олар негізінен жетімдерге, ата-ананың қарауынсыз және қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ «жайсыз» отбасыларға бағытталған. Бүгін біз Балалар күніне орай SOS балалар қалашығына барып, олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Ең қызығы, мұнда қиын жағдайда қалған балаларға әке-шешенің қамқорлығын, бауырмалдығын, отбасылық өмірдің қызығын бір шаңырақ астында көруге мүмкіндік береді. Тіпті,олардың келешекте аяғына тік тұрып, білікті маман болып қалыптасуына, ел қатарлы өмір сүруіне көмектеседі. Астанадағы SOS балалар ауылы – Қазақстандағы екінші қалашық. 2000 жылдары өз жұмысын бастаған қалашықта қазір 16 үй бар. Оның әр баспанасында көпбалалы отбасылар паналаған. Олардың ең кемі бес-алты баласы бар. Тіпті, кейбір отбасында он шақты балаға дейін өсіп жатыр. [caption id="attachment_199048" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption] «Астанадағы SOS балалар ауылының» директоры Зәуреш Сәкенқызының айтуынша, отбасылық өмірдің негізінде жасалған SOS балалар ауылы 1997 жылы іске қосылған. Сол кезде алғашқы ауылдардың бірі Алматыда ашылған екен. Артынан Нұр-Сұлтанда,  2004 жылы Теміртауда құрылды.
– Біле білсеңіз, SOS балалар ауылының негізін қалаған аустриялық азамат – Херман Гмайнер. 70 жылдан асты, жоба бүкіл әлем бойынша жалғасын тапты. Алғашқы жылдың өзінде қалашыққа 30-дан астам бала қабылданса, қазір 103-і – біздің қолымызда. Оның 78-і отбасылық типтегі үйде тұрады. Ал 25-і – жастар үйінде орналасқан, – дейді Зәуреш Сәкенқызы.
[caption id="attachment_199051" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption]

Қалашықтағы балалар  тәрбиешінің емес, әке-шешенің қамқорлығында

Мұндағы басты мақсат – баланы өзгелерден бөліп-жармай, ортаға сіңісуі. – Біз Херман Гмайнердің әр баланың баспанасы, анасы, бауыры болуы керек деген принципін негізге алғанбыз. Бала қоршаған ортаға үйреніп, тәрбиешілерге бауыр басуы тиіс. Әрине, сол принциптің кейбірі заман ағымына сай өзгеріп, оңтайланып жатыр. Атап айтсақ, баланың өмірінде тек ана емес, әкенің де алар орны бөлек. Сондықтан ерлі-зайыпты жұптарға   тапсырма бердік. Бірақ оларға талап қатты, біріншіден,   ата-ана мектебін бітіруі тиіс. Тіпті, үбірлі-шүбірлі отбасы өзге балаларды бауырына баса алады, – деді ол. [caption id="attachment_199052" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Директордың айтуынша, соңғы жылдары Гмайнердің 4 принципінің нәтижелі жолын тапқан. Бұл – біріктірілген отбасы. Яғни, толыққанды отбасы асыранды баламен SOS балалар ауылында емес, қала ішіндегі пәтерде тұрады. Қатарластары секілді ол да сабаққа барады, қосымшасына қатысады, үйдің тірлігіне араласады. Бір сөзбен айтқанда, бала өзге емес, өз үйінде жүргендей болады.
– Бұл формат бізде 2017 жылдан бастап енгізілді. Астанада біріктірілген отбасы біреу-ақ. Сол ерлі-зайыпты бес жылдың ішінде 5 баланы тәрбиелеп, жеткізген. Қазір қолдарында алты баласы бар. Олардың айырмашылығы –  қала ішінде орналасуы. Әйтпесе, жұмыс процесі бәріне бірдей. Әрбір отбасындағы ерлі-зайыпты біздің қызметкер болып есептеледі, олар баламен жұмыс істей алады. Осы жобаның арқасында бала тәрбиесіне, оның ортаға сіңісуіне жұмыс істеп, алға басып келеміз. Сондықтан да біріктірілген отбасын сәтті жоба деп есептейміз, – дейді «Астанадағы SOS балалар ауылының» директоры.
[caption id="attachment_199053" align="alignnone" width="1200"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption]

SOS ауылына балалар қалай келеді?

Бұл мекемеге балалар еліміздегі заңға сәйкес,  Қазақстанның қорғаншылық және қамқоршылық органдарының шешімімен жіберіледі. Оларға негізінен балалар үйі және альтернативті қамқорлық бойынша жетімдер мен ата-ананың қарауынсыз қалған балалар түседі. «Мысалы, елордада Сәкен Сейфуллин көшесіндегі мемлекеттік балалар үйінің өзгеруіне байланысты SOS қалашығына 2019 жылдан бері 60-тан аса балалар келді. Әрине, бәрі әп-сәтте болған жоқ» деген басшылық балалардың қалашыққа келуі бірте-бірте жоспарлы түрде болғанын жеткізді.
– Баланы бізге қабылдамас бұрын оның қандай екенін біліп алуға тырысамыз. Алдымен қызметкерлеріміз Балалар үйіне барып, баланы бақылайды. Сол кезде оның қандай отбасынан шыққанын, ағайын-туғанының бар-жоғы, сабаққа деген қызығушылығы анықталады. Сөйтіп,  іштегі талаптарға сай  кей менеджмент бойынша баланың жағдайы бағаланады. Артынан психолог әр баламен жеке сөйлесіп, әңгіме барысында оның қалауын білуге тырысады.
[caption id="attachment_199060" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Мәселен, Балалар  үйінде кейбір балалар қасында бірге ойнап жүрген балаға бауыр басып қалады. Арасында бір-бірінен ажырамайтындары бар. Міне, осының бәрін есепке аламыз. Себебі баланың өзге ортада үйреніп, сіңісуіне ұзақ уақыт керек. Оның үстіне, әр бала жағдайды өзінше қабылдайды. Біз үшін баланың айналасындағы жандармен тіл табысып, отбасына жақындап, бауыр басуы – маңызды. Сол үшін біз де аянбаймыз. Соның арқасында бала ортаға тез бейімделеді, – дейді «Астанадағы SOS балалар ауылының» директоры Зәуреш Сәкенқызы. [caption id="attachment_199063" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Сондықтан олардың арнайы штабы Балалар үйіне қайта барып, баланың бүкіл тыныс-тіршілігін бақылауға алады. Оның бір кездері ауырған сырқатына дейін анықтап, тексереді. Егер бала 10-11-оқып, бітіретін жылы ауысқысы келмесе, өз мектебінде қалдыруға тырысады. Ондай кезде бала бақылауға алынады. Тіпті, алғашқы кездері сабаққа тәрбиешісімен барады. «Олар жолдың алыс-жақындығын, қанша уақыт алатынын, жол-жөнекей қауіп-қатерге ұшырау мүмкіндігін де есепке алады. Сөйтіп, бала үйренгенге дейін тәрбиешісі қасында болады. Бала қалашыққа келгенде, ең әуелі болашақ  «ата-анасымен» танысады. Егер бала олармен қалғысы келмесе, қалдырмаймыз», – деді Зәуреш Сәкенқызы. [caption id="attachment_199056" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption]

Баланы әке-шешесінің жора-жолдастары да іздеп келеді

Бала SOS қалашығына келгеннен кейін онымен қосымша Отбасы мен балаларды қолдау орталығы немесе Өмірлік қиын жағдайға түскен отбасылардың мәселесімен айналысатын ұйым жұмыс істейді. Өйткені мұнда балалар түрлі тағдырмен түседі. Алдымен баланы әке-шешесіне қайтару мәселесі қаралады. Не болмаса, баланы туыстары бауырына баса алады. Олардың баланы өсіріп-жеткізуіне мүмкіндігі болса да, бала қалауы ескеріледі. Асыранды әке-шешесімен SOS қалашығында тұрамын десе де, ағайынның қолына барамын десе де өзі шешеді. [caption id="attachment_199058" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption] – Былтырдың өзінде төрт бала отбасына қайтарылса, биыл екеуі әке-шешесінің жанында қалды. Нәтижесінде, барлығы 44 бала әке-шешесінен айырылмады. Баланың бәрі бірдей ата-ана дегенге бауыр баса қоймайды. Кішкентайлардан гөрі, жасөспірімдердің бөгде адамға жақын тартып, араласуы да оңай емес. Сол себепті олармен арнайы жұмыс істейтін кіші топтар аштық. Баланың сабағы, тәрбиесі, үйдегі қылығы әрбір маманның бақылауында болады. Сонымен қатар Отбасы қолдау орталығы секілді қала әкімдігі қалалық психологиялық қолдау қызметін ашты. Жалпы, біз баланың өмірге бейімделіп, қалыптасуына барынша күш саламыз. Қажетті деген Денсаулық басқармасы, Білім басқармасы, Ішкі Істер департаменті, Ювеналды полициямен бірлесе отырып, жұмыс істейміз, – дейді мекеме басшысы. [caption id="attachment_199062" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Айтуынша, баланы көбіне аға-әпкесінен гөрі ата-әжесі асырап алуға тырысады. Бірақ көбінің тұрмыстық жағдайы, жас мөлшері келмей жатады. «Қонақжай отбасы» деген бағдарлама бойынша, балалар демалыс сайын ата-әжесімен жүздесіп, қонаққа барып, байланысын үзбейді. Ағайын-туғанның қорқынышы – «қан жібермейді» деп әке-шешелерінің жат қылығы түбінде баладан шығады  деген нанымға сенеді. [caption id="attachment_199059" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption] – Қызығы, кейде баланың туған-туысынан бөлек  әке-шешесінің жолдастары, отбасылық достары асырап алғысы келеді. Асырап алып та жатады. Бізге кенеттен жол апатынан немесе денсаулығына байланысты ата-анасынан айырылған балалар да түседі. Мысалы, бір баланың әкесі аяқасты сырқаттан көз жұмған. Аз уақыттың ішінде анасынан да айырылған. Ағасы да туберкулезден қайтыс болған. Сонда бала «мен де өлемін, көрер жарығым жоқ» деп өмірге немқұрайлы қараған. Бізге келгенде бар-жоғы 7-сыныпта оқитын. Тіл алмайтын, бұзық еді. Сабақтан да қашып кететін. Ақырында тәрбиешілер сабаққа жетектеп апарып жүрді. «Өзінен артық адам жоқ, өмір сүруге тиіс» екеніне сендіруде баланың психикасымен ұзақ жұмыс істедік. Сол кезде Германияға көшіп кеткен, анасының құрбысы баланы қолдап жіберді. Сол тәтесі анасымен бірге өсіпті. Әрқашан осында келіп, баламен жүздесіп, сөйлесетін. Қазір сол бала ер жетті, баспаналы болды. Жұмыс істеп, ел қатарлы өмір сүруде, – дейді Зәуреш Сәкенқызы.  width=Біз барған отбасының шаңырағында бес бала бар. Ең кенжесі – Аришка, бірінші сынып бітірді. Отбасына  үш жасында келіпті. Әпкесі Самира да сол отбасында. Қонақтың келгеніне қуанған ол «сегізге толамын» деп қояды. Үйдің үлкен балалары үйірмеге кетіпті. Әкелері жұмыста. Басшылықтың айтуынша, бұл отбасына тағы балалар қосылуы мүмкін.

Баласын қарай алмаған да аналар болды

Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша жұмыс істейтін директордың орынбасары Светлана Третьякова негізінен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы мен балалар орталығына жауап береді. Айтуынша, орталықтың бас демеушісі – Samruk-Kazyna Trust. [caption id="attachment_199049" align="alignnone" width="1200"]SOS ©Радмир Фахрутдинов[/caption] – Біз осында тұратын балалармен ғана емес, қала ішінде тұратын балалармен де жұмыс істейміз. Баласынан айырылып қалуы мүмкін деген отбасына барынша көмектесеміз. Мысалы, жақында Балаларды қорғау ұйымы жалғызбасты ананың тұрмысына баға беруді сұрады. Өзі – 30-дар шамасында. Сәбилі болғанына екі-үш ай ғана болған, тұңғышы екен. Содан жалғызбасты ананың тұрмысын көру үшін арнайы бардық. Сөйтсек, расымен ана өз баласын қалай қарау керек екенін де білмейді. Өзі балалар үйінен шыққан. Оған ешкім ештеңе үйретпеген. Баланы қалай жуындырып, қалай қолға ұстауды да білмейді. Сондықтан оған бір медбикені жібердік. Ол әлгі анаға баланы қарауға көмектесе жүріп, көп нәрсені үйретті. Оның үстіне, жалғызбасты ана бала күтімі бойынша арнайы курсты өтті. Қазір бала өсіп қалған. Жалғызбасты ананың мәселесі шешілсе де, біздің бақылауда болады. Жалпы, баланың отбасымен қарым-қатынасы жарты жылда түзелсе, орталықтан шығарылады. Алайда баланың қалыпты өміріне оралу үшін 2-3 жыл керек, – дейді Светлана Третьякова.