Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп мемлекеттік рәміздерді қорлау және әдепсіз сөздер үшін әншілерді сахнадан аластатуға шақырды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенатор Алматыдағы спорт сарайында болған өте келеңсіз оқиғаны еске салды.
«Жастарға арналған «ИК» тобы мен SHIZA лақап аты бар әншінің концертінде өте өрескел әрекет болды. Қазақстанның Туы келемеж етілді. Әншілер тарапынан әдепсіз, анайы сөздер айтылды. Іле-шала кешірім сұрағаны және айыппұл төлегені мәлім болды. Біздің бәріміз Жаңа Қазақстан құрамыз деген ниеттеміз. Жаңа Қазақстанның ең басты талабы – заң үстемдігі. Заң бәрімізге ортақ. Құр кешіріммен құтылу – жауапкершіліктен жалтару деген сөз. Президент кеше бұған өз пікірін білдірді, көк Туымыз – қастерлі тәуелсіздігіміздің символы, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деді. Қоғам бұл оқиғаға Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі қандай құқықтық баға беретінін әлі де күтіп отыр», – деді Н.Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша «Қазақстан Республикасының рәміздерін қорлау – 2 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге және сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
«Әдетте концертті кімдер ұйымдастырды? Қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Оларға мына мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұрмайды. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-бабы бойынша әртістердің көпшілік алдында былапыт сөздер айтуы ұсақ бұзақылыққа жатады. Заң бойынша бұл үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады. 440-бапта көпшілік алдына ішімдік ішіп шыққаны, есірткі пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылған», – деді Нұртөре Жүсіп.
Сонымен бірге депутат еліміздің Ата Заңында шығармашылық еркіндікке кепілдік берілгенін, бірақ еркіндікті ессіздікпен алмастыруға болмайтынын айтты.
«Ар мен ұят ұлттық құндылықтардың негізгі өзегі болуы тиіс. Әлемнің көптеген елінде концерт өткізудің процедуралық жолы бар, ел алдында орындалатын туындылардың мән-мазмұны мен мәтіні сол елдің идеологиясына сай келе ме, өнерпаздың жеке репутациясы қандай деген тексерістер алдын ала жасалады. Концерттің маршруттық бағыты, репертуар мәселесі, қауіпсіздік шарттары өте қатаң қадағаланады. Осы айтылғандарды ескере келіп, мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заң баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды, «Мәдениет туралы» заңға концерттер және басқа мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырушылар мен жекелеген өнер өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін баптарды енгізуді, әдепсіздік көрсеткен, былапыт сөз айтқан, есірткіге елігіп, ішімдік ішкен әншілер мен өнерпаздарды 5 жылға дейін сахнадан аластатуды ұсынамыз. Мәдениет министрлігі жанынан репертуарлық алқа мен республикалық және аймақтық Көркемдік кеңестер құрылуы керек. Бұқаралық мәдени іс-шараларды өткізу мен жүргізу талаптарына халықтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын сақтау, сыйлау ережелерін енгізуді, осы талаптарды бұзған шығармашылық ұйымдар мен әншілердің қызметін 5 жылға дейін шектеу қоюды талап етеміз», – деді Нұртөре Жүсіп.
Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әртістердің сахнадағы өрескел іс-қимылдары туралы пікір білдірген еді.