Астанада Қожаға ескерткіш қойылды
Астанада Қожаға ескерткіш қойылды
1,591
оқылды
«Балалар жылы» аясында 1 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының «Жетісу» саябағында  «Менің атым Қожа» фильмінің басты кейіпкеріне ескерткіш қойылды. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысы желісімен 1963 жылы түсірілген фильмнің басты кейіпкері Қожаға қойылған мүсіннің биіктігі – 183 см. Қола және граниттен жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі – 265 см. Қожа Идея авторы Мұрат Қожамқұловтың бастамасымен ескерткіш қою мәселесін белгілі журналист Жанболат Аупбаев көтерген болатын. – Өркениетті елдерде кітаптың кейіпкеріне ескерткіш қойылады. Ол сол елдің мәдениетінің белгісін білдіреді. Мысалы, 1935 жылы атақты американ жазушысы Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің бастан кешіргендері» повесіне байланысты ел қаржы жинап, шығарманың басты кейіпкерлеріне ескерткіш орнатады. Осындай ескерткіш бүгін астанада ашылып отыр, – деді Жанболат Аупбаев. Қожа Ескерткіштің ашылу салтанатына фильмде Қожаны сомдаған Нұрлан Сегізбаев, Жанар рөліндегі Гүлнәр Құрабаева, сондай-ақ фильмнің режиссері Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаев, Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева келді. Қожа Қожа «Бұл тек Қожаға ғана қойылған ескерткіш емес, бұл жалпы балалар әдебиетіне қойылған ескерткіш деп қабылдауымыз керек. Бұл – қазақ киносына қойылған ескерткіш. «Менің атым Қожа» туындысының жазушысы да, режиссері де, актері де, бүкіл шығармашылық тобы да қазақ киносының жауһары саналады. Бұл фильм халықаралық жүлде алған алғашқы қазақ туындысы екенін де ұмытпауымыз керек», – деді «Хабар» агенттігінің басшысы Берік Уәли. Қожа Мүсінші Талапхан Азаматтың айтуынша, бұл идеяны жүзеге асыру үшін үш айға жуық уақыт кеткен. – Бұл ескерткішті жасау туралы ұсыныс түскен бойда мен түрлі идеяларды қарастыра бастадым. Басты кейіпкердің мінезін көрсету, шығарманың атмосферасын жеткізу өте маңызды болды. Сөйтіп, бір шешімге келдік. Фильмдегі ең есте қалатын көріністердің бірін жаңғыртып, басты кейіпкер Қожаның айна алдында отырған сәтін бейнеледік. Жұмыс барысында айтарлықтай қиындықтар болған жоқ, біздің туынды халыққа ұнайды деген сенімдеміз, – деді ескерткіш авторы. Қожа Мүсіннің ашылуына келген жандарға ыстық ықыласын білдірген Самал Соқпақбаева елорда әкімі Алтай Көлгіновке өтініш білдірді. – Әкемнің шығармашылығын жаңғыртып, мәңгілік мұраға айналдырып жатқан азаматтарға ерекше алғыс айтқым келеді. Осы тұста, қала басшысына бір ұсынысым бар. Елорданың бір көшесін Бердібек Соқпақбаевтың есімімен атап, сол көшеге бюстін орнатса, кейінгі ұрпақ үшін ұмытылмас дүние болар еді, – деді Бердібек Соқпақбаевтың қызы.  width=  width=

Зарина РАХМЕТОВА