Референдумға екі күн қалды: Конституциялық реформаға қатысты сарапшылар пікір білдірді
Референдумға екі күн қалды: Конституциялық реформаға қатысты сарапшылар пікір білдірді
488
оқылды
2 маусымда республикалық референдумда Коституцияға енгізілетін толықтырулар мен түзетулерді талқылау бойынша «AMANAT» партиясы жанындағы TALQYLAU қоғамдық диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Ашық пікірталаста сарапшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары алдағы референдум жайлы ойларын ортаға салды. Қоғамдық диалог алаңына қатысушылар референдумның маңызы туралы пікірлерімен бөлісті.  Жұлдызай ЫСҚАҚОВА,  саясаттанушы, PhD:Искакова Жулдызай
– Жалпы, референдумға бару немесе бармау мәселесін әрбір азамат өзі шешуі тиіс. Ең бастысы, азаматтарға референдум болатын күн және енгізілетін түзетулердің мәні туралы мүмкіндігінше көбірек ақпарат беру керек. Әдеттегі сайлауларда халықтың қатысу деңгейі маңызды емес, тек дауыс саны есептелетін. Ал бұл жолы референдумда өзгерістер қабылдануы үшін оған қатысқан азаматтардың мөлшері 50 пайыздан жоғары болуы қажет екенін ескеру керек. ОСК мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде дауыс беру құқығына ие 11 млн-нан астам азамат бар. Демек, олардың жартысынан көбі референдумға қатысып, өзгерістерді қолдап дауыс беру керек. Осы ретте халықты мүмкіндігінше хабардар ету үшін референдумға шақырып, учаскелердің жанында қандай да бір мерекелік атмосфера ұйымдастыруға болады. 5 маусымнан кейінгі өзгерістер референдум нәтижесіне байланысты. Егер түзетулер көпшілік дауыспен қабылданса, бізді заңнаманы өзгертуге қатысты үлкен жұмыс күтіп тұр. Неге біз деп отырмын? Себебі жұмыс  Парламентте ғана емес, сарапшылар, қоғамдық қызметкерлер және халықтың қатысуымен жүргізілетін болады. Президенттің айтуынша, өзгеріс енгізуді қажет ететіндерді есептемегенде, 20-дан астам жаңа заң қабылданбақ. Елді саяси жүйеде елеулі өзгерістер күтіп тұр. Бірақ алдымен бізге заңнаманы реформалау кезеңінен өту керек. Бұл оңай жұмыс емес, оның маңызы зор. Бұл кезеңді өте тартысы өтеді деуге болады. Өйткені Конституция тек өзгеріс шеңберін белгілейді, ал оның ішкі мазмұны тікелей заңдарға қатысты. Түзетулер қабылданғаннан кейін Қазақстанда саяси жүйенің жаңа деңгейі орнайды. Алайда ол өз кезегінде ауқымды әрі тиімді жұмыс істеуді қажет етеді, – деді саясаттанушы.
Зауреш Баймолдина Зәуреш БАЙМОЛДИНА, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобы мүшесі:
– Референдум арқылы Конституцияға енгізілетін түзетулер саяси жүйені түбегейлі өзгертуге, мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық басқа жүйелерін жаңартуға бағытталған. Соның ішінде Конституциялық сот туралы ерекше атап өткім келеді. Мысалы, енді кез келген азамат Конституцияда көзделген құқықтары бұзылған жағдайға Конституциялық сотқа жүгіне алатын болады. Конституциялық соттың пайда болуы әділ сот қызметіне қол жеткізуге септігін тигізеді.  Себебі Конституциялық сот азаматтардың өтініші бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын конституциялық заңда көзделген нормалар шегінде қарауға құқылы. Конституциялық сот – бұл мемлекеттік органдарды Конституция нормаларына сай жұмыс істеуге бағыттайтын қуатты тетік. Егер біз өз құқығымызды тиісті деңгейде қорғағымыз келсе, референдумға баруымыз керек. Себебі негізгі өзгерістер адам құқығы мен бостандығын нығайтуға және оны сенімді қорғауға бағытталған, – деді Зәуреш Хамитқызы.
Бауыржан СерікбаевБауыржан СЕРІКБАЕВ, саясаттанушы:
– Халықаралық тәжірибеде референдум дегеніміз – маңызды демократиялық процестің бір бөлігі. Мысалы, кейінгі 2 жылда Батыс Еуропа елдерінде 150-ге жуық референдум өткізілген. Олар кез келген мәселе бойынша, мысалы мемлекеттік басқару, қаладағы және аймақтағы мәселелерді шешу мақсатында өткен. Ал біздің мемлекетімізде референдум 1995 жылы болды. Араға 27 жыл салып, референдум арқылы Конституциядағы 33 бап бойынша 56 өзгеріс пен толықтырулар енгізілмек. Осы мақсатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өзгерістер халық талқысына ұсынылып отыр. Ата Заң – ол біздің негізгі заңымыз. Онда барлық маңызды – мемлекеттік басқару мен әрбір азаматқа қатысты баптар жазылатын болғандықтан,  жалпыхалықтық референдум өткізу демократиялық процестің бір көрінісі деп есептеймін. Сондықтан да халқымыз енгізілгелі жатқан өзгерістерді, баптарды талқылап, бұл процеске белсенді түрде қатысуы қажет. Себебі осындай процестер  – біздің елімізде белгілі бір саяси мәдениетті, демократиялық құндылықтарды қалыптастыратын үрдістердің бірі. Қазір референдумға қатысты әрбір мәселе қоғамға белгілі саясаттанушылар, түрлі сарапшылар, заңгерлер, қоғам белсенділері арасында кеңінен талқыланып жатыр. Сонымен қатар Мәжіліс және мәслихат депутаттары халықпен кездесіп, аймақтарды аралап, өздерінің пікірлерін ортаға салуда. Осылайша,  Конституциялық реформа қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті тақырыптардың бірі деуге әбден болады. Бүгінгі күннің ең маңызды ақпараты – Конституциялық реформа десек артық емес. Конституциялық өзгерістерге қатысты талдамалық инфографика, видео түсіндірмелер халыққа таратылып жатыр. Осының барлығы да біздегі саяси белсенділік деңгейі өсіп келе жатқанын көрсетеді.