Ұлттық кітапханада Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтаған кеш өтті
Ұлттық кітапханада Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтаған кеш өтті
585
оқылды
Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінің 30 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті. Кешті Ұлттық кітапхана ұжымы мен Шәмші Қалдаяқов атындағы ақпараттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру дирекциясы ұйымдастырды. Мерейтойлық жиын Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші Талғат Күзембаевтың орындауындағы Әнұранымызбен ашылды. Содан кейін сөз алған кешті ұйымдастырушы композитор Қалдыбек Құрманәлі Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздіктің бірден-бір символы, оны қастерлеу мен құрмет көрсету ҚР әрбір азаматының егемен ел алдындағы азаматтық борышы екеніне тоқталды.
«Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы, халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер болып табылады. Мәселен, Шәмшінің бүгінгі әнұранымыз «Менің Қазақстаным» әні 1956 жылы солтүстіктегі бес облысты Ресейге қосамыз деген пікірлер айтыла бастағанда соған қарсылық ретінде жазылған туынды. Бұл жерде Шәмші Қалдаяқов пен әннің сөзін жазған ақын Жұмекен Нәжімеденов шекараны тек қарумен емес, рухты әнмен де қорғауға болатынын көрсетті. Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған уақытта осылай қарсылық көрсете білген Шәмші ағамыз қандай құрмет пен марапатқа да лайық деп ойлаймын", – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Құрманәлі.
 width= Кеш барысында Шәмші Қалдаяқов қазіргі Мемлекеттік Әнұранымызға айналған «Менің Қазақстаным» әнін қалай жазғаны туралы көзі тірісінде өз аузымен айтқан естелік таспа көрсетілді. Рәміздерімізді ұлықтауға арналған жиынға қатысқан ҚР Көркем академиясының корреспондент-мүшесі, белгілі суретші Тоққожа Қожағұлов Елтаңба мен көк Туымыздағы тарихи үндестік пен символикалық сәйкестік қазақ тарихы мен дүниетанымына үйлестіре жасалған ғажап туынды екенін атап өтті. Сазгер Жарылқасын Дәулет болса жастарымызды отансүйгіштікке баулу осы Мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталатынын айтты.
 width= «Мемлекетті отанды сүю, ол рәміздерін сүйіп қастерлеуден басталады. Біздің ұлттық идеологиямыз осы нәрседен басталуы керек. Кейінгі кезде кейбір «әншісымақтар» үлкен сахналардан қасиетті көк Туымызды қорлауға дейін барды. Өкінішке орай, біздің бүгінгі идеологиямыз осындай оспадарлыққа жол беріп қойып отыр», – деген қынжылысын білдірді Ж.Дәулет.
Кеш соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Жақсылықұлының орындауында ақын Ибрагим Исаның сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» әні шырқалды. Сонымен қатар келушілер кітапхана қорынан Мемлекеттік рәміздер күнінің 30 жылдығына байланысты «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» және «Шәмшісіз өткен 30 жыл» атты безендірілген кітап көрмесін тамашалады.