Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваның азапталған суреттері жария болды
Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваның азапталған суреттері жария болды
Фото: turkystan.kz
Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваға қатысты ата-анасы жаңа дәйек келтірді. Қызының өлер алдында азапталған суреттерін Тбилисидегі құқық қорғаушылар оқиға болған күні түсірген екен, – деп хабарлайды КТК. Бірақ ата-анасының қолына тек бір жылдан кейін тиіпті. Әселдің денесіндегі күйік іздерін көрген анасы айтарға сөз таппай отыр.
– Басында бірде-бір қанның ізі жоқ. Ал денесіндегі қызыл жаралар күйіктің ізі. Қызымды күйдірген. Қалайша? Қазақстан тарапының маған құлақ аспайтынына таңғаламын. Неге олар сараптама дайындауға асықпайды? Көмектескісі келмейді. Олар өзін-өзі өлтіру дейді. Қараңыздар, суреттен анық көрініп тұр. Біреу өлтіріп, осы жерге лақтырып кеткен сияқты. Менің нұсқам осындай. Қызым ешқайдан да құлаған жоқ, – дейді марқұм Ә.Айтпаеваның анасы Айсұлу Айтпаева.
Суретпен мұқият танысып шыққан Әселдің ата-анасы қызының арқасы, қолы мен аяғындағы кесілген іздерді байқаған. Әсіресе, оң жағында көп. Грузияның сот-медициналық сарапшылары марқұмның денесіндегі жаралар күлбіреп кеткен деп анықтама беріпті. «Мұндай белгі тек күйіктен кейін пайда болады», – дейді Айсұлу Айтпаева. Оның болжамынша, бойжеткен көпқабатты үйдің балконынан құламас бұрын өлуі мүмкін. Сондықтан қыздың әке-шешесі Қазақстан мен Грузия тергеушілерінің «терезеден құлап өлді» деген нұсқасымен келіспейді. Отандасымыздың қазасына құқық қорғау органдары Грузия азаматы Бесик Тордуаны кінәлады. Оған қызды зорлады деген де айып тағылды. Алайда күдікті ұсталғаннан кейін екі айдан соң жүрек талмасынан түрмеде қайтыс болды. Қазір Әсел Айтпаеваның өліміне қатысы бар деген күдікпен жездесі Мұрат Мейірбеков қамауда отыр. Оған «адам саудасы» және «зорлау» бабы бойынша іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу-тексерудің жүріп жатқанына бір жылдан асты. Бүгін алдын ала сот тыңдалымы 7 маусымда өтетіні белгілі болды.