Жаңа кезең бүгіннен басталады

Жаңа кезең бүгіннен басталады 1
Осыдан тура бір ай бұрын Мемлекет басшысы еліміздің Ата Заңы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін бейнеүндеу жариялаған еді.
5 мамырдан бастап «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сай ұйымдастыру, насихаттау мен түсіндіру, өткізу жұмыстары заңнамалық негіздерді сақтай отырып жүзеге асырылды. Менің ойымша, түсіндіру науқанында осы референдумды өткізудің мақсаты, ұсынылған мәселелер тұрғындарға жан-жақты түсіндірілді. Міне, енді 5 маусымда біз Қазақстанның алдағы дамуына әсер ететін өзгерістерді іске асыру мақсатында учаскелерге келіп, таңдауымызды жасадық.
Бір атап өтерлігі, референдумды өткізу туралы шешім қабылданып, жарияланған күннен бастап, Президент осы маңызды сәт бойынша өзінің пікірін ашық жариялап келді. Мысалы, 3 маусымдағы бейнеүндеуде Қ.К.Тоқаев халықтық референдумды өткізудің маңызына тоқталып, өзінің наурыз айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру және саяси реформаларды толыққанды іске асыру үшін жолымызды айқындап алудың қажет болғандығын айтты. Бұл жұмыстар қоғамды демократияландыру, халықтың басқару ісіне кеңінен араласуына мүмкіндік беру, үкіметтің тиімділігін арттыру үшін қажет болып отыр.
Саяси өзгерістерге негіз болатын конституциялық реформада Президент, Сенат, Парламент, Мәжіліс, Мәслихаттар, депутаттар қызметіне, оларды сайлау мәселесі, президенттің туыстарының мемлекеттік жоғары лауазымдарға тағайындалмауы, адам құқықтары, конституциялық сот және басқа да маңызды өзгеріс пен толықтырулар орын алады. Өздеріңіз білетіндей, насихат науқанында айтылғандай, суперпрезиденттік басқару жүйесінен ықпалды парламенті бар президенттік басқару жүйесі қалыптасатын болады.
Қоғамның ең жоғары құндылығы ол адам, азаматтарымыз, сондықтан осы өзгерістердің нәтижесі адам құқығы мен бостандығын қорғауды нығайтады.
Мемлекет басшысы бейнежолдауында атап өткендей, референдум қазақстандық қоғамның азаматтық жетілу мен қоғамдық саяси санасындағы сапалық өзгерістеріне сын сәт, тексеріс болды. Осы референдумды өткізудің ұйымдастыру жұмыстарында облыстық штаб мүшесі ретінде байқағаным, түсіндірмелік жұмыстарда мейлінше адам құқығына жоғары назар аударылды, азаматтардың өз пікірі мен көзқарасын айтуына тосқауыл қойылған жоқ. Бұрынғы сайлаулар кезіндегідей демалыс күндеріне дейін өткізілетін қаптаған іс-шараларға да тыйым салынды.
Жексенбі күні өткен дауыс беру барысында, мен өзім Нұрсая мөлтек ауданындағы Apec PetroTechnic колледжі ғимаратында орналасқан №90 учаскеде таңдауымды жасадым, халықтың келуінің белсенділігі, учаскелердің жұмысының сапасы жақсы әсер қалдырды. Орталық референдум комиссиясы мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар сайлау заңнамасының нормаларының сақталуын қамтамасыз етті. Қазақстан геосаяси тұрғыдан алғанда Орталық Азия болсын, ТМД кеңістігінде болсын, стратегиялық маңызды аймақ, сондықтан біздің еліміздегі саяси ахуалды халықаралық ұйымдар тарапынан халықаралық байқаушылар да жіті бақылады. Сонымен қатар дауыс беру учаскелерінде еліміздегі белсенді қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де бақылап отырды.
Мемлекет басшысының «шынайы демократия әрбір азаматтың ортақ ісіне белсенді және жасампаз қатысуды көздейді. Жаңа түзетулерге дауыс бере отырып, сіз сыбайлас жемқорлыққа, непотизмге, саясат пен экономикадағы монополияға қарсы шешім қабылдайсыз» дегеніндей, дауыс беру нәтижесі Қазақстанда басталған өзгерістердің, нақты жалғасы болатына сенімдімін.
Еліміздің Ата Заңына өзгерістер енгізу сынды мемлекеттік маңызы бар мәселе халық талқысына салынған кезде, ел азаматы ретінде науқаннан шет қалмай, атыраулықтар да, оның ішінде Х.Досмұхамедов университеті ұжымы да белсене қатысты. «Кеңесіп пішкен тон, келте болмас» деген қарапайым да бәрімізге бала кезімізден таныс нақыл сөз бар, халықтың талқысына түскен өзгерістерге қолдау білдірген қазақстандықтар алдағы оң өзгерістерді де көзімен көріп, лайықты өмір сүруі үшін еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын таңдады.
Саламат ИДРИСОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің
басқарма төрағасы-ректор, Атырау облыстық маслихат депутаты
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.